Ливияда су тасқыны салдарынан тоғыз мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалып кетті
Ливияның шығысындағы Дерна қаласында су тасқыны салдарынан тоғыз мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
"Дерна қаласы мен оған жақын аудандардағы жағдай өте ауыр. Мемлекет пен Қызыл Жарты Айдың мүмкіндігі шектеулі. Іздеу шараларын кеңірек жүргізу қажет", - деді Қызыл Жарты Ай өкілі.
"Дэниел" циклоны тудырған нөсер жауын соңы Әл-Байда мен Дерна қаласындағы су тасқынына ұласты. Аймақта әуежайлар мен теңіз порттары жабылды. Сус және Дерна қалалары табиғи апат аймағы деп жарияланды. Су тасқынынан зардап шеккен аудандарда коменданттық сағат енгізілді.
Сирте қаласында орналасқан Ливия парламенті тағайындаған үкімет басшысы Усама Хамад Дернадағы су тасқынынан зардап шеккендердің саны екі мыңнан асқанын атап өтті.
Ливия ұлттық армиясының (LNA) өкілі Ахмед әл-Мисмари Дернада бес-алты мың адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаза тапқандар саны айтарлықтай артуы мүмкін.
"Дэниел" циклоны Грекияға да соқты, 4 қыркүйектен бастап бүкіл елде жауын-шашын жауып, ол дүйсенбі күні Мысырдың Жерорта теңізі жағалауына жетті.