Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанды дүр сілкіндірген лесбиянкалар отбасындағы өлім: Өзінен 12 жас үлкен әйелмен некелескен Кристина Чернышева оның қолынан қалай көз жұмды

Фото ашық дереккөзден

2014 жылдың 26 наурызы. Жайбарақат күн еді. Бірақ қызына қайта-қайта қоңырау шалып, ала алмаған Оксана Какаулинаның көңілін күдік жайлады. Қызының үйіне барып, есік қағады, ешкім ашпайды. Біраз жылдан бері бейресми некеде болған жұбайы Каролина Каннан қызын сұрап еді, ол қайда екенін білмейтінін айтты. Шарасыз қалған ана Астананың полициясына хабарласады. 

Анасы бекер күдіктенбепті, 5 мамыр күні қыздың денесі қаланың шетіндегі мола жанынан табылды. Мәйітті біреулер сөмкеге салып, өртеп жіберген. Бұл Қазақстандағы ең танымал лесбиянкалар отбасындағы Кристина Чернышеваның мәйіті еді.

2013 жылы Қарағандыда дәстүрлі емес той – лесбиянка екі қыздың үйлену тойы өтті. Бұл туралы қазақстандық БАҚ беттерінде жазылды. Ал бір жылдан кейін лесбиянка Кристина Чернышева кісі қолынан қаза тапқаны белгілі болды. Кейіннен қызды Каролина Кан өлтіргені дәлелденіп, сот оны 13 жыл бас бостандығынан айырды. Ең сорақысы Каролина Кан Кристинамен некелескен қыз еді. Stan.kz лесбиянка Кристина Чернышеваның өліміне тағы бір назар аудармақ.

Кристина мен Каролина некелесіп, тойлары елді дүрліктірді

2013 жылғы сәуір. Қарағанды қаласы. Каролина Кан мен Кристина Чернышева Қазақстанда алғаш рет ресми емес, біржынысты неке қияды. Жас жұбайлар костюм мен той көйлегін киіп, лимузинге мініп, бақыттан бастары айналып, үйлену тойларын атап өткен. Осылайша Каролина Кан мен Кристина Чернышева бүкіл Қазақстанға танылды. Негізінен олар Астанада тұратын, бірақ той үшін көп достары тұратын Қарағандыны таңдаған. Екі қыздың да ата-анасы тойдан хабардар еді, бірақ олар салтанатты шараға қатыспады. Осылайша жас жұбайлар достарының ортасында некелесті. Айтпақшы, олар бұған дейін үш жыл азаматтық некеде тұрған.

Қазақстанда біржынысты некеге тыйым салынған, сондықтан жұп заңды түрде неке қимады. Есесіне оларға гей клубтың администраторы “некелестіру” рәсімін жасап, Қарағандының жертөлесінен алынған сатылатын неке туралы куәлік табыстаған.

Той кезінде Кристина балалы болғысы келетінін айтқан. Оны қалай жүзеге асырасыңдар деген сұраққа қыздар ЭКО жасатамыз деген. "Ақша жинаймыз, сол кезде бала да болады" деген олар. Ерекше жұбайлардың арманы көп еді.

Кристина ол кезде 19 жаста болған. Ал Каролина одан 12 жас үлкен еді. Дегенмен кейбір деректерде Каролина үйленген уақытта 30-да емес, 24 жаста болған делінеді.

Фото: Voxpopuli.kzҮйлену рәсімінде Кристина костюм, ал Каролина ақ көйлек киген

Бір күні Кристина жоғалып кетті

Тойдан кейін жастар бұрынғыша Астанада тұра бастады. Арада бір жыл өтті. Сөйтіп жүргенде 2014 жылы 26 наурызда Кристина Чернышева бірден жоғалып кетті. Қызының қоңырауға жауап бермейтінін, үйінің есігін ашпайтынын анасы полицияға хабарлаған. Сонымен қатар жұбайы Каролина Кан да Кристинаның қайда екенін айта алмаған. Осы хабарламадан соң қызға іздеу жарияланды. Кейіннен Каролинаның денесі табылды. Оның кісі қолынан қаза тапқаны тек 5 мамырда белгілі болды.

Кейін қызды өлтіру дерегі бойынша үш әйел күдіктеліп, ұсталды. Олардың арасында Чернышевамен бейресми некеге тұрған 30 жастағы Каролина да болды.

"Астананың Алматы ауданы прокуратурасы 5 мамырда Кристина Чернышеваны өлтірді деп айыпталған үш адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы тергеушінің өтінішін қолдады. Бұған дейін Кристина Чернышева бейресми түрде бір жынысты некеге тұрған қыздардың бірі ретінде белгілі болған", – деді Астана қаласының Алматы ауданының прокуроры Алан Тленчиев.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сол кезде күдіктілерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейінгі жаза қолданылуы мүмкін екені айтылды. Бұл істе адам аяусыз өлтірілді деп саналды, бірақ сол кезде істің мән-жайы жарияланған жоқ.

Өзекті өртеген кек…

Бәрі 2007 жылы басталған. Александра Ли (Каролина Канның шын есімі) сол жылы Астанаға келіп, жезөкшелікпен айналысып жүрген. Ал Кристина Чернышевамен 2011 жылдың наурыз айында танысқан. Прокурордың сөзінше, Кристина да интимдік қызмет көрсеткен. Таныстық барысында қыздардың арасында өзара сезім пайда болып, бірге тұра бастаған. Ал 2013 жылы екеуі Нуржанова және Гуреевамен танысты. Бұл екі қыз да Астанада жезөкшелікпен айналысып, табыс тапқан.

Бір күні Кристина Чернышева мен Александра Ли арасында жанжал шығады. Жанжалға себеп болған Чернышеваның басқа бір қызбен кездесіп жүргені екені анықталды.

2013 жылдың мамырында Чернышева және анықталмаған басқа да адамдар Гурееваны алдап, белгісіз пәтерге шақырып алған. Онда олар Гурееваны үш күн бойы қамап ұстап, жезөкшелікпен айналысуға көндірген. Осы оқиғадан кейін барлық айыпталушы Кристина Чернышеваға реніш сақтап, одан кек аламыз деп шешім қабылдаған. Мемлекеттік айыптаушы Сауле Сыдықова сотталушыларға тағылған айыптың мәнін осылай деп ашты.

"Қыздың аяқ-қолын кесіп тастаған" 26 сәуір күні не болды?

2014 жылдың 26 наурызы. Бірер күн бұрын қыздардың бәрі, дәлірек Каролина Кан, Нуржанова және Гуреева осы күні жалдамалы пәтерде кездесеміз деп келіседі. 27 наурызға қараған түні, шамамен сағат 02.00-де Нуржанова мен Гуреева, Ли алдын ала келіскендей Чернышева отырған пәтерге барады. Қыздар ішімдік ішеді. Пәтерді бірқалыпты атмосфера жайлайды.

Ли, Нуржанова және Гуреева әңгіме барысында қарсылық көрсетпесін деп, Чернышеваның қолы мен аяғын скотчпен байлап тастайды. Себебі қыздар Кристина Чернышеваны өлтіреміз деп шешім қабылдап келген еді.

Әуелі қызды тұншықтырған. Содан кейін Чернышеваның өлгеніне көз жеткізген соң, денесінен құтылу үшін Ли, Нуржанова және Гуреевамен алдын ала сөз байласу арқылы пышақпен Чернышеваның аяқ-қолдарын кесіп тастаған. Себебі мәйіт сөмкеге сыймаған. Содан кейін сөмкеге мәйіт пен жәбірленушінің жеке заттарын салған.

Қыздар артынша қала сыртына шығып, сөмкені Астана маңындағы Ильинка кентінің маңына, зират аумағына апарған. Барған соң қапшықты ішіндегілерімен бірге өртеп, қылмыстың ізін осылай жоймақ болған.

"Мен жалғыз өлтірдім"

Сотталушыларға аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру ғана емес, марқұм Кристина Чернышеваның жеке мүлкін ұрлау айыбы да тағылды. Алайда олардың ешқайсысы ұрлықты мойындамады. Ал қыздар Чернышеваны өлтіруге қатысты кінә тек ішінара ғана мойындады.

Ал Александра Ли сотта "Мен оны жалғыз өлтірдім" деп жауап берген. Алайда бұл дәстүрлі емес некеде Александра Ли өзін "қалыңдық немесе әйел" ролінде көрсеткен еді. Сондықтан да бастапқыда қызды өлтірген күдікті өзінің некелі жұбайы екеніне біраз адам сенбеген көрінеді.

"Қызды тұншықтырған. Қалғанының бәрі қиял"

Сол жылы полицейлер қылмыс туралы ашып айтпады. Тек қызды тұншықтырып өлтіргенін мәлімдеді. Астанадағы Алматы ауданы бойынша прокуратураның тергеу бөлімінің сол кездегі бастығы Арсен Бегалин қылмыстың тек бір тұсын ғана ашып айтқан.

"Қыз тұншықтырылып өлтірілген. Қалғанының бәрі – әріптестеріңіздің қиялы", – деді прокуратура өкілі.

Тергеу нәтижесінде қылмысқа үш күдікті қыздың қатысы бар екенін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар табылды. Оның ішінде марқұммен бейресми біржынысты некеде тұрған Каролина Кан да бар.

"Тойдан бір жарым ай өткен соң Кристина жұбайынан қашып кеткен"

Қыздың аноним танысының сөзінше, Қарағандыдағы тойдан бір жарым ай өткен соң Кристина жұбайынан қашып кеткен. Сол кезде әшекейлері мен ірі көлемдегі ақшасын алып кеткен. Қыз Каролинаның құрбысымен бірге қашып, Алматыда жасырынған.

"Сол кезде Каролина ашуға булықты, ол шын мәнінде Кристинаны ессіз сүйді. “Не ол менімен бірге болады, не өледі” дейтін. Одан кек алатынын уәде еткен еді", – деді аты-жөнін атамаған адам.

Оның сөзінше, бір жыл бойы Кристина Каролинадан жасырынып жүрген. Сөйтіп жүріп наурыздың соңында жоғалды. Кейін Кристина Чернышева кісі қолынан қаза тапқанын бәріміз білдік. Аноним танысы шын мәнінде бәрі фотодағыдай емес екенін айтты. Оның сөзінше, Каролина көбірек үстемдік ететін, бәрін өзі шешетін, ал Крис келісетін. Үйленуді дәл Каролина талап еткен көрінеді.

"Алғаш қарағанда Каролина адекват және сүйкімді әйел болып көрінетін. Ал Кристина тұйық еді. Бірақ олардың бақытты жұп екеніне сенімім болмады: Каролина көбірек үстемдік ететін, бәрін өзі шешетін, ал Крис келісетін. Каролина әлдеқайда үлкен. Үйленіп жатқанда 30-да болған. Ал Крис небәрі 18-де еді. Біз оларда бәрі жақсы болады деп үміттендік. Бірақ көбі Каролинаның өткенінен қорқатын. Оны "кісі өлтіре алады" деп есептейтін". Олар үйленген кезде БАҚ-та Кристинаның тегі аталды да, Каролинанікі аталмады. Себебі ол жасырынып жүреді", – деп сұхбат берген өзін Кристинаның жақын танысы деп атаған адам.

Оның сөзінше, Каролина 16 жасында жеңгетайлықпен айналыса бастаған, элиталы стриптиз-клубта жұмыс істеген. Үш рет тұрмысқа шыққан, екі баласы бар. Ол 6 жасар қызы әкесімен бірге Ыстамбұлда тұратынын, ал 2 жасар ұлы Астанада аптасына 100 мың теңге алатын күтушінің қарауында екенін айтқан. Жеке клиникаларда жалған куәлікпен босанған көрінеді.

"Каролина қыздарға жаман қарады. Ол қыздарды майда қателері үшін сынайтын, тіпті ұрып жіберуі мүмкін еді. Кейін қымбат сыйлықтар – әшекей, әтір, киім беріп, кешірімін сатып алуға тырысатын. Бірақ қыздар одан үнемі қашып кететін. Кристинамен олар үш жыл бірге болды. Крис одан қорқатын, мұны бәрі көрді. Бірақ ұрыс кезінде: “Мен сен туралы не білетінімді ұмытпа” дейтін. Сонда Каролина бірден үнсіз қалатын, ал келесі күні Криске қымбат сыйлық сыйлайтын. Олар Алматыда танысқан. Кристина ол кезде шақырту бойынша қызмет көрсететін, Каролина оны бұл кәсіпті тастауға мәжбүрлеген", – дейді аноним.

Каролина бұған дейін тағы бір қызды өлтірген

Апелляцияны қарау кезінде Диана Нұржанова Лидің тағы бір адамды өлтіргенін мәлімдеді. Ал Каролина мұны еш ақталмай, мойындады. Ол өлтірген танысының есімі Бибігүл Момбекова. Оның артында екі баласы қалды, қазір оларды тәтесі тәрбиелеп отыр. Әйел күзде жоғалып кетіп, 8 ай өткен соң денесінің бөлшектелген қалдықтары табылған.

Каролина Канның құрбылары оның кісі өлтіргенін бір жыл бұрын білген. Тек біреуге айтуға қорыққан. "Мен оның не істесе де жазасыз қалатынын білетінмін. Қанша қыздарды ұрып-соғып, үстінен арыз жазса да, бәрі бекер. Орган қызметкерлері мән бермейтін, өйткені бұл оларға ақша төлейтін", – деді құрбысы.

"Ол жастайынан қыз болып жүргісі келмеді"

Сотта Кристина Чернышеваның анасы Оксана Какаулина да сөйледі. Әйел қызының бұған дейін Каролинамен (Александра Лимен) ресми емес біржынысты некеде болғанын білген. Ол сотталушы қыздардың ешқайсысын жеке танымайтынын, тек қызының әңгімелері арқылы Александра Лиді сырттай ғана білгенін айтқан. Анасының сөзінше, қызы Астанада пәтерлерді жалға беріп, табыс тапқан.

"Кристина Каролинамен танысқанын, оның жиі қорқытып, ұрып-соққанын айтатын. Кейін Кристина маған белгілі бір кезеңде бірге тұрғандарын да айтты. Меніңше, Каролина оны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Олар пәтерді жалға берген, есімде қалғаны бойынша, олар жезөкшелерді орналастырған, ал Кристина телефонға жауап беріп отырған. Мұны ол кейінірек айтты. Бірақ өзі жезөкшелікпен айналысқан жоқ", – деді Оксана Какаулина.

Анасы бір кездері қызына еркін жүруіне мүмкіндік беріпті. 16 жасында Алматыдан Астанаға жіберген.

"13 жасында қызымды зорлаған. Содан кейін психикасы бұзылды. Ол қызға ұқсап жүргісі келмеді. Ұлдарға ұқсауға тырысты, сонда ұлдар тиіспейді деп ойлады. Өзін ұл сияқты ұстады", – деді сотта Кристина Чернышеваның анасы.

Айта кетейік, бұл қылмыстық іс бойынша Александра Ли (екі адамды өлтіргені үшін) 20 жылға, Мария Гуреева 13 жылға, ал Диана Нұржанова 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім 2014 жылы тамызда шыққан. Бүгінде қыздардың темір тордан шыққан-шықпағаны туралы дерек жоқ.

Еңлік Сақтан
Жұма, 13 Ақпан, 2026 12:24