Ләззәт Сүлеймен: Биыл 836 ауыл әкімі үшін халық тікелей дауыс береді
Сенатор Ләззәт Сүлеймен ауыл әкімдерін сайлауға қатысты түсініктеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сайлау туралы заң жобасы аясында 4 Заңға түзетулер енгізу көзделіп отыр. Олар "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Саяси партиялар туралы", "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңдары.
"Заң жобасының негізі өзгерістеріне тоқталатын болсам, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайланбалылығын енгізу. Екіншіден, саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы кезінде депутаттық мандатқа ие болуы үшін алуы тиіс сайлаушылардың 7 пайыз даусын 5 пайызға дейін төмендету ескерілген. Үшіншіден, сайлау бюллетеньдеріне "Бәріне қарсымын" деген бағанды енгізу қамтылған. Ұсынылып отырған концептуалды өзгерістер сарапшылар, саясаттанушылар, сайлаушылар, халықаралық ұйымдардың біраз уақыттан бергі тұрақты пікірі. Бұл түзетулер елімізде жергілікті өзін-өзі басқару институтын нығайтудың келесі кезеңін қамтамасыз ету үшін жасалып отырған нақты қадам", - деді Ләззәт Сүлеймен Сенаттың жалпы отырысында.
Осы орайда ол Орта Азия мемлекеттері арасында еліміз бірінші болып жергілікті әкімдер сайлауын енгізіп отырғанын атап өтті.
"Нақты айтсақ, 2 мың 345 әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің сайланбалылығы енгізілуде. Бұл лауазымдарға 2021-2025 жылдар аралығында іс басындағы ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына орай, кезең-кезеңмен өткізіледі. Биылдың екінші жартыжылдығында 836 ауыл әкімі үшін халық тікелей дауыс беретін болады", - деді депутат.
Ауыл әкімдігіне үміткерді:
– саяси партиялар әр округте 1 үміткерден;
– азаматтар өзін-өзі ұсынады (өзін-өзі ұсынған үміткер округтегі сайлаушылардың кемінде 1%–қолдарын жинауы тиіс).
"Үміткерді ұсына алатын үшінші субъект - ол аудан әкімі. Егер ұсыну мерзімінің соңына дейін бір ғана кандидат қалса (бізде баламасыз сайлау өткізілмейді), аудан әкімі кандидаттар ұсына алады. Бұл кандидаттарды әкім жергілікті қауымдастықпен келісуі керек. Қазіргі тәжірибеде кейбір аудан әкімдері жергілікті қоғамдастық деп аз ғана азаматтармен кездеседі деген пікір бар. Тікелей сайлауда бұған жол берілмеу керек деп есептеймін. Жергілікті қоғамдастық өкілдерімен толыққанды келісім болуы керек. Сайлаудың барлық кезеңдері ашық, жариялы өтуі, байқаушылардың қатысуы да заңға енгізіліп отыр. Сайлау жүйесі – мажоритарлық. Яғни, дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының басқа кандидаттарға қарағанда көпшілік дауыс алған азамат ауыл әкім болып сайланады және аумақтық сайлау комиссиясы оны тіркегеннен кейін бірден қызметіне кіріседі", - деп түсіндірді сенатор.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
