Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ләйлә Сұлтанқызы Оксфорд университетінен ресми шақырту алды

Фото: https://www.instagram.com/sultankyzy/

Танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы үш айға Англияға кетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

БАҚ өкілі қуанышты жаңалықты жеке парақшасында жариялады. Ләйлә Сұлтанқызы Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультеті жанындағы BIRSoz ұйымынан ресми шақырту алғанын көрсетті.

"Осыдан бірнеше күн бұрын Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультетінің BIRSoz ұйымынан шақырту алдым. Бұл бастама – Түркі және Орталық Азия елдерімен мәдени, тілдік, ғылыми байланысты дамытуға бағытталған. Осы жылдың күзінде үш айға кетемін, – деді Ләйлә Сұлтанқызы.



Айта кетейік, BIRSoz – Оксфорд университетіндегі қоғамдық бастама. Жоба Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтымен бірлескен меморандум негізінде жүзеге асқан. Мақсаты – қазақ тілін халықаралық академиялық ортада зерттеу және дамыту. Жоба аясында шетелдік студенттер мен зерттеушілер арасында қазақ тіліне деген қызығушылық артып келеді. Бұл қазақ әдебиеті мен мәдени мұраны танығысы келетіндер санының өсуімен де байқалады.

Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, алдағы уақытта шетелдік студенттермен бірлескен зерттеу жобаларын іске асырып, қазақ тілінің ауқымын кеңейтуге және мәртебесін көтеруге үлес қосуды жоспарлап отыр.

"Бұйырса, шетелдік студенттермен түрлі зерттеулер өткізіп, қазақ тілінің ауқымын арттырып, дәрежесін көтеруге атсалысамын. Арнайы Speaking Club ашу да ойымда бар", – деп бөлісті ол.

Гүлдана Нұрлыханова
Сейсенбі, 24 Маусым, 2025 15:19
Талқылау