Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жүре алмай қалдым, 34 келіге дейін арықтап кеттім": Қазақстандық спортшы трансплантациядан кейін Еуропаны қалай бағындырғанын айтты

37 жастағы Лаура Табажанова – үстел теннисі спортында Трансплантация және диализ жасалған адамдар арасындағы үздік қазақстандық спортшылар қатарында. Ол бүйрегіне трансплантация жасаған алғашқы отандастарымыздың бірі. Жақында қостанайлық теннисші Ұлыбританияда өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы ішінде “алтынды” жеңіп алды. Биыл оның ағза алмастырғанына тура он жыл болады. Лаура жастайынан мықты болып өскенім, өмірдегі түрлі сындардан өтуге себеп дейді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында спортшы ағза ауыстырудан кейінгі өмір, спорттағы жеңістері және қазақстандықтарға трансплантация бойынша қалай көмек беретіні туралы айтып берді. 

Лаура Табажанова, жеке архивтен

Лаура Қостанай облысы Орқаш ауылында дүниеге келген. Бес жасынан бастап сырқаттанып қалған ол ангинасы асқынып, бүйрегіне зақым тигенін біледі. 

“Осы жасымнан бастап Қостанай облысындағы облыстық балалар ауруханасында, 16 жасымнан Қостанайдан, Астанадан ем ала бастадым. Осылайша бес жасымнан бері өмір бойы ем алып келе жатырмын”, – дейді ол.

“Әскери адам болуды армандадым”

“Шынымды айтсам әскери адам болуды армандадым. Бала кезден әйелдер армиясына кеткім келген. Қазақстанда мұндай армия жоқ екенін білетінмін, сондықтан Ресейге барсам деп жоспарладым. 

Кейін есейе келе бұл тек арман күйінде қалатынын түсіндім. Ауруханалардың табалдырығын тоздырып жүріп, қолым бос уақытта ауылда тенис үстелін көріп, сол жерде ойнай бастадым. Маған бұл спорт ұнады”, - дейді Лаура балалық шағын еске алып.

“Бүйрек алмастыру отасын екі рет жасай алмады..”

2011 жылы Лаураның бүйрегінің жағдайы нашарлап, гемодиализге (бүйрек қызметін атқаратын аппаратқа қосылу) қосылуға тура келді. 

“Мен диализге түскеннен кейін проблемалар басталды. Жансақтауға түстім, қысым 260-тан 220-ға  көтерілетін”, – дейді ол.

Айтуынша,  дәрігерлер ағза алмастыру бойынша екі рет ота жасамақ болады, бірақ денсаулығы оған бой бермеген. 

“Жүре алмай қалдым, екі қадам аттау қиын болды”

“Қан кету, бөртпелер шығу, өкпеге су толу, жүректің маңына су толу, өкпеге қан кету деген сияқты қиындықтар болды. Сол кездің өзінде жүре алмай қалдым. Екі қадам да аттай алмайтын хәлге түстім. Маған бірнеше рет ота жасауға тырысты, алайда жағдайым мәз болмады. Диализге қайта-қайта түсіп қала бердім. Содан кейін ем қабылдадым. Сұйықтықтың бәрін ағзамнан шығарғанда 34 келіге дейн арықтадым.

Жас баладай жаңадан жүріп үйрендім. Үшінші рет 3 келі жинап, 37 келімен отаға кеттім. Салмақ жинау үшін біз Мәскеуден арнайы тағамдар сатып алатынбыз, одан бөлек, препараттар алдым. Бес айлық қалыпқа келу процесінен кейін маған ота жасалды. Бала кезден өзімді мықты сезінетінмін, сондықтан бәрін еңсердім”, – деп есіне алады ол.

Лаураға 2012 жылы ота жасалып, өмірге қайта келгендей болады. 

Лаура Табажанова Еуропа чемпионатында, жеке архивтен

“Отадан соң басқа адам болып ояндым”

“Операция сәтті өтті, отадан соң басқа адам болып ояндым. Бұрынғы өмірім мен бүйрек алмастырғаннан кейін жер мен көктей айырмашылықты сезіндім. Көру қабілетім жақсарып, басымның тынығып қалғаны байқалды. Өзімді толыққанды адам ретінде сезіне алдым. Алғашқы жарты жыл карантинде болдым, сондықтан белгілі бір шектеулер жасалды. Апта сайын анализ тапсырып жүрдім. 

Менде донор болды, кезекте тұрмадым. Бұл 2012 жыл болатын, ол уақытта алғаш трансплантация жасала бастаған кез”, –  дейді Лаура.

Лаура Табажанова, жеке архивтен

“Спортқа қалай келдім?”

“Әйесқой ретінде 2017 жылға дейін үстел теннисін ойнап жүрдім. Сол жылы Ақтауда трансплантация жасаған және диализдегі адамдардың арасында алғаш рет ойын болды. Мұны Қазақстандағы ең алғаш рет жүрек алмастыру отасын жасаған Оспанов Жәнібек деген азамат ұйымдастырды. 

Жалпы бәрі 2017 жылы Ақтау қаласынан бастау алды. Мен теннистен бірінші орын алған соң Италияға мені таңдап алды. Ол жерде 2018 жылы Еуропа чемпионаты болып, мен үшінші орын алдым. Бұл ойыннан соң кәсіби түрде үстел теннисін меңгере бастадым.

2019 жылы Англияның Ньюкасл қаласында Әлемдік ойындар болатынын біліп, дайындық жасадым. Несие алып, “Болашақ” қолдау қоры, достарымның көмегімен Қазақстаннан жалғыз өзім барып, тағы да үшінші орын алдым”, – дейді Лаура.

“Кез келген жарыстан өзгеше әсер аламын”

“Әрбір жарыстан соң адамдарға қарап таңғалудан жалықпаймын. Себебі олар трансплантация, диализден соң спортта белсенді болуға тырысып, жарыстарға үлкен дайындықпен келеді. Спортшыларға қарап, өзімізге үлгі етеміз. Біздің де қолымыздан келеді деп шабыттана түсеміз. Кейбір адамдар трансплантациядан соң ”артық секіруге болмайды, анау-мынау болмайды” деп, өздерін аяп, шектеу жасайды. Яғни физикалық тұрғыда дамуға қарсы. 

Лаура Табажанова, Еуропа чемпионатында, жеке архивтен 

Мұндай спорттық сапарлар керісінше спортпен айналысуға деген ниетіңді ашады. Әртүрлі елден келген адамдармен сөйлесу барысында олардың бауыр, жүрек трансплантациясынан соң 19, 20 жылдан бері өмір сүріп жатқандығын естиміз. Сол арқылы жүректе сенім пайда болады. Себебі біз де дәл солай өмір сүре аламыз деген сөз. Көп нәрсені жоғалтқан жоқпыз. Мұндай жарыстар адамға серпін беретіні рас”, - дейді спортшы.

“Алтын алу үшін ұзақ жол жүрдім”

Қостанайлық спортшы трансплантация жасағандар немесе диализде жүргендер арасында Оксфордта (Ұлыбритания) өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы ішінде “алтынды” жеңіп алды.

“Қазақстаннан қателеспесем 16 адам барды. Ол жерде бізде 12 медаль, оның ішінде мен бірінші орын алдым. Оған дейін Италияда өзіме келесі чемпионатта бірінші орын аламын деп уәде бергенмін.

Бірінші орын үшін, жалпы финалда, жартылай финалда ойнау өте қиын. Финалдық ойындарда қарсыластар өте мықты келеді. Мен бірінші орын алуға ұзақ уақыт бойы тырыстым. Сонау Италиядағы ойыннан бастап. Эмоцияда шек жоқ. Әрбір ойынға, жарысқа барар жолда үнемі уайымда жүремін. Барлығын бекер істеп жүрмегенімді, спорттағы белсенділігім бекер емес екенін дәлелдегің келеді. Барлығы қолдан келетінін көрсеткің келеді. Ойыннан кейінгі эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек сезіну қажет”, – дейді ол.

Лаура трансплантация бойынша қазақстандықтарға кеңес береді. Сондай-ақ ол – балалар үйіндегі үш баланың тәлімгері.

Лаура Табажанова, Италия, 2018 жыл, жеке архивтен 

“Донор болудың тым қиын екендігін түсінемін”

Еуропа елдерімен салыстыратын болсақ, ол жақта мұндай мәселе мүлдем жоқ. Науқас диализге түскенде бірден кезекке тұрады. Ал бізде адамдар кішкене пессимисттік, негативті көзқараста қарайды. Бізде “қара базар” деген түсінік бар. Мысалы “мен донор болуға келісім берсем, ертең мені өлтіріп кетпейтініне қандай кепілдік бар?” деген сөздер айтылады. 

Бізде ақпарат дұрыс берілмейді. Яғни, көп адамдарның түсінігінше донор болу үшін қан тобы бірдей болып, сәйкес келсе болғаны. Мен өзім бұның барлығынан өткен соң, донор болудың тым қиын екендігін түсінемін. Мысалы, қан тобы бірдей 3 донорды алып тексеретін болсақ, 3 адамның біреуі де донор болуға жарамауы мүмкін. Көп адам мұны түсіне бермейді”, – дейді ол.

“Қайтыс болған адамның ағзасы 5-6 алты адамның өмірін құтқара алады”

Донорлықты дамыту үшін бұл туралы көбірек айтып, дұрыс ақпаратты беру керек дейді Лаура. 

“Донордың қалай таңдалатыны туралы жиі айту керек. Біз түрлі ойын өткізіп, өзіміз сол ойындарға қатысу арқылы қайтыс болған адамның органдарын туыстары донорлыққа рұқсат беруге болатынын көрсеткіміз келеді. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі ғой. Сол арқылы 5-6 алты адамның өмірін құтқара алады. Біз мұны спортта көрсетеміз. Бірақ меніңше БАҚ-та мұндай ақпарат жеткіліксіз сияқты”, –  дейді спортшы.

Адамдар хабарласып, трансплантация бойынша кеңес сұрап жатады

Лаураның сөзінше, өзіне хабарласатындардың дені диализге түскендер. Олар ағза алмастыру бойынша сұрақтарын қойып, процедураны қалай бастау қажет екендігі туралы білгісі келеді. 

“Сонымен қатар трансплантация кезіндегі қауіпті, тәуекелді білгісі келеді. Мен трансплантацияның 20%-ға тәуекел, ал қалған 80%-ы тікелей өзімізге байланысты екенін айтып түсіндіремін. Науқас өзіне қалай қарайды, қалай тамақтанады, реабилитациядан қалай дұрыс өтеді, барлығы осыған байланысты. Қазіргі күнге дейін трансплантациядан 5-6 жыл өтіп кетсе де, хабарласып тұрады. Ауырып қалған жағдайда ақыл-кеңес сұрайды. Анализдеріне, дәрі-дәрмектеріне қатысты сұрақтар туындайды. Көбінесе отаға дейін қорқынышты сезініп, хабарласып жатады”, – дейді ол.

Лаура адамдарға ешқашан берілмей, үнемі күрес үстінде болу қажеттігін айтады.

“Жақсы нәрселерді ойлап, сенімсіздік болған жағдайда алға қарай қадам басқан жөн. Трансплантациядан соң физикалық дайындықты реттеп, өзіне ұнайтын спорт түрімен айналысу керек деп есептеймін. Міндетті түрде. Мысалы мен үстел теннисімен айналысқан 2 жылдан соң жүрегіме қатысты қойған диагноз, енді жоқ. Жалпы жағдайым да жақсарған екен. 

Кезек күткендер, әрине, кезек келетініне сену керек. Қазақстанда донорлық мәселесі жақсы жолға қойылады деп сенемін. Өз кезегінде мен де бұл тақырып төңірегінде мәселені көтеруге тырысамын”, – деп қосты Лаура.

Назерке Мұса
Дүйсенбі, 17 Қазан, 2022 11:08
Талқылау