Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көптеген мемлекеттік органның интернет-сайттары уақытылы жаңартылып отырмайды

Лауазым иелерінің қызметі туралы пікір айтып, сынауға кез келген азаматтың, журналистің құқығы бар.  Бұл жайында БАҚ туралы заң жобасын талқылау барысында сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.


“Еліміздегі ақпарат құралдарының меншік нысанына қарамастан ең басты дереккөзі — ресми ақпарат. Онсыз жаңалықтардың да, талдау мақалаларының да маңызы жоқ. Сондықтан да ресми ақпараттарды БАҚ қызметкерлеріне жедел, тез арада ұсынуға барлық мемлекеттік органның өздері мүдделі болуы тиіс. Себебі қоғамда түрлі алыпқашпа әңгіме, түрлі дүрбелең етек жайып кетпеуі үшін журналист ресми дереккөздерге негіздеп қана шынайы ақпарат тарата алады. Жұрт оқиғаның жай-жапсарын ресми дерек арқылы ғана біліп, шындыққа көз жеткізе алуы тиіс”, — деді депутат заң жобасын талқылау барысында.

Айтуынша,  көптеген мемлекеттік органның интернет-сайттары уақытылы жаңартылып отырмайды.

“Бұл өз кезегінде тек журналистер тарапынан ғана емес, мемлекеттік органдарға, аудан, қалаға қатысты қажетті жаңа ақпараттарды дер кезінде алмағандықтан тұрғындар тарапынан да наразылық тудырады. Осы мәселе реттелуі керек”, — деді ол.

Бұдан бөлек, ол БАҚ өкілдері арасында отбасылық, дәрігерлік, коммерциялық құпияларға қатысты үлкен пікірталас  тудырған заң жобасындағы бапқа да тоқталды.

“Талқыланып отырған заңның 21-баптың 1, 2, 3 тармақшасына қатысты журналистер тарапынан әр түрлі пікір айтылуда. Әрине, әрбір азаматтың жеке отбасылық, дәрігерлік, коммерциялық, тағы басқа заңмен қорғалатын құпияларын тарату үшін келісім алған дұрыс. Алайда БАҚ еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде тиімді құрал екенін ескере отырып, әлде де болса азаматтар мен БАҚ мүдделерінің теңдігін сақтаудың тетігін қалыптастыру керек деп санаймын. Өйткені лауазым иелерінің қызметі  туралы пікір айтуға, сынауға кез келген азаматтың, журналистің құқығы бар. Сөз бостандығы, өмір салты, бірақ ол мемлекет мүддесіне қызмет ету керек. Бұл демократияның алтын заңы”, — деп қортындылады сөзін сенатор.

Оқи отырыңыз:

Атырау қаласы әкімі: қалаға жаңа жылдық шырша орнатпауымызға да болады

Мәйіт жуғандарға бағалы сый: Қызылордада ағайындары марқұмның денесін жууға таласып шу шығарды
Астанада аялдамаға қазақтарға қатысты балағат сөз жазып кеткен ер адам сотталды

 

 

Талқылау