Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Барлығы жауапқа тартылады: Бас прокуратура Абай облысындағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Соның аясында жұмысына салғырт қараған барлық лауазымды тұлға жауапқа тартылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

өрт абай

БАҚ өкілдері Бас Прокурордың орынбасарына төтенше жағдайлар экс-министрі Юрий Ильин, Экология және табиғи ресурстар министрі Сүлейменова, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті жауапқа тарта ма деп сұраған. Жандос Өмірәлиев жұмысына салғырт қараған кез-келген лауазымды тұлға жазасыз кетпейтінін түсіндірді. 

“292 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни өрт қауіпсіздігін сақтамау, адам өліміне алып келу. Тергеу бас прокуратураға тапсырылды. Осыған орай арнайы тергеу тобы құрылып, тәжірибелі мамандар жұмылдырылды. Қазір басты мақсат  - өртті сөндіру. Содан кейін адамдар өз ісіне жауап беретін болады. Өз міндетіне салғырт қараған, соның нәтижесінде әрекеті қайғылы оқиғаға себеп болған лауазымды тұлғалардың барлығы анықталады. Бірақ қазір лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға берілген жоқ”,- деді Жандос Өмірәлиев.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында орман өртіне оранған Бородулиха ауданының әкімі ауыстырылғанын жазған едік.

Олжас Нұржақып
Сәрсенбі, 14 Маусым, 2023 11:41
Талқылау