Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Лагерьге тегін жолдама": “Қазақмыс” қызметкерлердің балаларына қуаныш сыйлады

“Қазақмыс” өз жұмысшыларының балаларына сапалы демалыс ұйымдастыру үшін "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығымен шарт жасасты. Компания осындай шаралар арқылы қызметкерлер мен оның отбасына қамқорлық танытуды жалғастырмақ. 

Бұл лагердің ТМД елдерінде және Орталық Азия өңірінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыру, сауықтыру, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда таптырмас құрал екенін атап өткен жөн.

Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, заманауи алты қабатты жатын корпусы, бес қабатты тәулік бойы жұмыс жасайтын медициналық кешені, кітап қоры бай заманауи кітапхана мен спорт және ойын залдары бар екі қабатты спорт корпусы демалушыларға жайлылық сыйлайды. Одан бөлек, халықаралық стандарттар бойынша құрылған жабық бассейндер де қызмет көрсетеді.

Мұнда демалушылар күніне бес рет тамақтандырылып, массаж, су процедуралары, емдік ванналар, сауналарға барып, таза ауада серуендеу секілді профилактикалық және сауықтыру шараларын қабылдайды.

Компания мұнда тегін жолдаманы:

  • "Күміс Алқа" және "Алтын Алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар қатарындағы жұмыскерлердің балаларына;
  • Өндірісте еңбек жарақатын және/немесе кәсіптік ауруға шалдыққан I және II топтағы мүгедектігі бар қызметкерлердің балаларына:
  • Сондай-ақ жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқан жандардың балаларына тегін табыс етті.

Ал топ қызметкерлерінің басқа санаттары жолдаманың жалпы құнының 20%-на сатып ала алады. Қалған соманы компания өтеп бермек.

Демалыс бастала сала мұнда келген балалар бір-бірімен танысып, ортаға ашылуы үшін концерттер ұйымдастырылды. Ал бос уақытта әр бала өз хоббиін табуға мүмкіндік алатын жан-жақты іс-шараларға қатысты. Атап айтқанда "жас дәрігер", робототехника немесе тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарға қызығушылық жоғары болды.

Олар Ұлттық мұражайдың өнер туындыларын тамашалады. Сурет пен қыш ыдыстары үйірмелерінде өздері жасаған туындыларды лагерден естелік ретінде үйлеріне алып кетті. Осылайша, күнделікті қызыққа толы бағдарламалар балдырғандардың көңілдерін көтерді.

Бурабай курортының туристік орындарына экскурсия, Оқжетпес тауы, Абылай хан алаңы және Жұмақтас жартасы сияқты тарихи орындармен танысу лагердің тағы бір керемет ұсынысы. Одан бөлек балалар Шортан көлінде шомылып, катамаранмен серуендеу арқылы естен кетпес қызықтарға тап болды.

Ал ауысымның жабылуы әдетте шахмат, дойбы, үстел теннисі және футболдан үздік спортшыларды марапаттаумен аяқталды. 

Осылайша компания керемет әрі пайдалы демалысты жолдама ретінде беріп, қызметкерлерінің отбасы мен балаларын қуанышқа бөлеуде.

Талқылау