Қызылордалықтарды мерекеде гүл бағасының қымбаттамауы таң қалдырды (фото)
Көктем мезгілі келісімен гүл саудасы қыза түсетіндігі белгілі. Әсіресе, аталмыш уақытпен тұспа-тұс келетін 8-наурыз халықаралық әйелдер күнінде тауардың осы түріне сұраныс айрықша артады. Қызылордадағы гүл дүкендері сатушыларының сөзіне сенсек, бір күннің ішінде 200-ге жуық адам сыйлық алады екен.
Бұл туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Алдағы күндері олардың қатары арта түседі деп күтілуде. Бүгінде қаладағы «Camellia» гүл орталығы келушілерден көрінбейді. Сәйкесінше, дүкендегі тауардың түрі мен саны да көбейген. Таңдау еркіндігіне ие болған тұтынушылар гүлдің бағасы айтарлықтай қымбаттамағанына таңқалуда.
19-жасар Абзал Әлімбай сүйіктісіне гүл таңдауға келіпті. Сатушының кеңесіне жүгінген ол қай кезде де тазалық пен пәктіктің символы саналатын ақ раушан гүліне тапсырыс берді.
«Гүлдердің құны мереке қарсаңында қымбаттайтын еді. Бірақ, биыл бағалары қатты өзгермегендігі қуантады. Алдағы уақытта әлі анам мен апама гүл аламын», – дейді жас жігіт.
Гүл орталықтарына мекемелерден түсіп жатқан тапсырыстар өте көп. Әріптестерін мерекемен құттықтауға асыққан ер азаматтар тіпті арнайы безендіру жұмыстарына да ақы төлепті.
Ең қызығы, дүкеннен гүл алушылардың басым көпшілігі әзірге ер азаматтар емес, нәзік жандылар екен. Басым көпшілігі раушан, түймедақ, орхидея, жасмин мен қызғалдақтарды алатын көрінеді.
Сондай-ақ, қауашақтағы гүлдерге жылдағыдан қарағанда сұраныс артыпты. Әсіресе, «Әйел бақыты», «Доллар», «Байлық» пен «Ана жүрегіне» сұраныс жоғары. Сонымен қатар, гүлмен қосып, жұмсақ ойыншықтар алатын адамдар да аз емес.
Қызылордада гүл саудасымен айналысатын кәсіпкерлер жетерлік. Әзірге ең қымбат гүл алған ер азамат жүз бір дана раушан гүліне тапсырыс беріпті. Алауда дүкен иелері мұнан да көп гүл алатын азаматтар болатынын айтады.