Қызылордалық оқушылар мектепке жеткенше екі рет киім ауыстыруға мәжбүр (фото)
Қызылорда қаласында кейбір оқушылар мектепке жеткенше екі рет киім ауыстырады. Сән үшін емес, мәжбүрліктен. Өйткені, мектепке баратын жол шаң тозаңға толы қайнаған құрылыстың ортасына айналған. Дәлірек айтқанда, мектеп құрылыстың бер жағында. Халық ар жағында тұрады. Әкім қаралар қоғамдық көлік жібереміз деп жүргенде қыркүйек айы бітуге де жақын қалды. Тұрғындарды ашындырғанда осы. Уәденің орындалмайтыны.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
“Құрылыстың арасыменен топырақ кешіп, жүріп келе жатырмыз. Күндегі жорығымыз сол біздің. Білмеймін ғой әкімдердің не күтіп жүргенін. Ананың арасында балаларымызды камаз басып кеткенін күтіп жүр ме? Газельді неге ауылға кіргізбейтінін? Газель қадірлі болып тұр, балаларымыздан көрі”, – дейді ашынған ауыл тұрғындарының бірі.
Қалғандарияның оқушылары сабаққа ескі киімдерін киіп дайындалады. Өйткені олар мектепке бару үшін шаңға батқан мына құрылыс алаңының ортасынан өтуге мәжбүр. Ал білім ұясына жеткенше бұрқыраған борпылдақты белшеден кешетін балалар, мектеп формаларын қолдарына ұстап, сағат таңғы 8:30-да басталатын сабаққа үйлерінен бір жарым сағат бұрын шығады екен.
Жаңа оқу жылы басталғаннан бері оқушылар жолсыз жермен қатынап жүр дейді ата-аналар. Шаңға батып, әбден әбігерге түсетін балаларды тасымал көлігі тек тегіс жолға жеткенде ғана алып кететін көрінеді.
“Балаларымыз уже шаршап жүр. Шаң, топырақ. Күнде-күнде киімін жуамыз. Ол киімнен де киім қалмай жатыр алаңсыз. Қашанғы бүйтіп жүре береді ол”, – дейді ата-ана Үрипа Бегенова.
Ал ауыл басшысы Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс басталғалы осы қиындықтың туындағанын айтады. Құрылыстағы жүк көліктері астаң-кестеңін шығарған жолды енді өздері жөндейтін болды деп отыр әкім.
“Құрылыс мекемелерінің басшыларымен біз сөйлестік. Олардың басшылары бізге уәде беріп отыр. Осы аптаның ішінде мына жолға тас төсеп, жолды жөндеп беретін болды. Егер жөнделген жағдайда біздің газель де, жеңіл машиналар да жүретін болады. Үлкен машиналарға жүрмейтін қылып белгі қойып қоямыз”, – дейді Ақжарма ауылдық округінің әкімі Жұмабек Әлиев.
Осылайша әкім мәселені бір аптаның ішінде шешіледі деді. Ал ата-аналар уәде орындалмайтын болса, балаларымызды мектепке жіберуден бас тартамыз деп отыр.
Жіберіп алмаңыз:
Халықты тонауды тоқтатыңыз: Ашынған ата-аналар министр Сағадиевке ашық хат жолдай бастады
Енді неке қиюға өтінішті мобильді қосымша арқылы беруге болады
Шымкентте діндарларға қатысты өткен арнайы операция құпия ұсталуда
Ақтөбеде тағы бір оқушы орамалмен мектепке кіре алмағаны үшін директордың үстінен арыз жазды