Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық әйел екі бірдей мүгедек баласын емдетуге ақша таппай отыр

Қызылордалық Эльмира Ақмырзаева екі мүгедек баласымен алаңға шығып қайыр сұрамақшы. Жас келіншектің қызы мен ұлы қатерлі дертке шалдыққан. Жұлынды ауыстыратын бұл ауруға тездетіп ота жасалуы тиіс. Ал, мұндай отаны тек шетелде жасайды.

Бұл туралы “Астана” арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Қазір анасы мен екі баласының тұратын жері де жоқ. Күйеуі балалары ауырған соң бұларды тастап кеткен. Көмектесетін ешкімі жоқ жас ана билік өкілдеріне жүгінуде. Алайда, өткен жылдың жаз айынан бері облыс әкіміне жолыға алмай жүр.

Ойын, би, спорт және оқу. 9 жасар Айымжан мен 7 жасар Арысланға қарапайым іс-әрекеттер арман болып тұр. Басқа балалар сияқты аулада ойнаудың орнына апалы-інілі екеуі массаж, әртүрлі жаттығулар мен үйдегі сабақпен күндерін өткізеді. Себебі денсаулықтарында кінәрат бар.

«Басқа балалар сияқты аулада ойнап жүргім келеді. Менің өмір сүргім келеді. Менің өзгелерден айырмашылығым жоқ қой. Өтініш, біздің жазылып кетуімізге көмектесіңіздерші. Мен басқа балалар сияқты ойнай алмаймын. Ал, менің өмірді танығым келеді»,- дейді 9 жастағы Айымжан Құбаш.

«Туылған сәтінде балалардың дені сау еді. Араға 5 жыл салып екеуі жиі аурып, ақсаңдай бастады. Содан бері медициналық орталықтардың табанын тоздырып келемін»,- дейді екі баланың анасы Эльмира.

2013 жылы балалар «мүгедек-бала» деп тіркеуге алынған. Дәрігерлер лейкодистрофиялық Штрюмпель диагнозын қойған.

«Күйеуім, екі баламның әкесі бізден бас тартып кетіп қалған. Алдыңғы жылы ажырасып, мені де, өз балаларын да көшеге қуып шықты»,- дейді көзіне жас алған Эльмира.

Бұлар тұрған үй қайын атасының атында болғандықтан, ажырасу сотында мұра бөлінбеген. Ал, қазір қызы мен ұлына шұғыл түрде жұлынын ауыстыратын ота жасалуы тиіс. Қыруар қаржы керек.

«Мемлекеттің балаларыма беріп отырған көмек ақысы жалдамалы пәтерге ғана жетеді. Құны 200 мың евро тұратын жұлынды ауыстыратын ота тек Германияда жасалады екен. Бұл бір балаға кететін ақшаның мөлшері. Отаны жасатайын десем қаражатым тұрмақ пәтерім де жоқ. Тіпті, пәтер де керек емес. Өмірі қыл үстінде тұрған балаларыма көмек қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы шетелдік клиникаларға республикалық медициналық орталықтардың жолдамасымен баруға болатынын айтты»,- дейді жас ана.

“Шетелдерде балалардың жұлынын ауыстыру Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 7 маусымында 399 нөмірімен шыққан «ҚР азаматтарын жіберудің ережелері» бойынша жүзеге асырылады. Астана қаласының «Ана мен бала» ғылыми орталығы мен Алматы қаласының «Балалар хирургиясы мен педиатриясы ғылыми институты» тарапынан жолдама беріледі. Қазіргі сәтте, облыста аталмыш диагнозға ұқсас өзге де қан ауруына шалдыққан 67 бала бар”,- дейді Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім бастығы Бибізада Дүйсенбаева. Эльмира Ақмырзаеваның отбасы тұрғын үйге төрт жыл бұрын кезекке тұрған. Ол екі мүгедек-балаларымен өз кезегін күтіп, заңды түрде үйін алады. Облыстық билік басындағылармен жолығуға қанша талпынса да еш нәтиже шығар емес. Енді, жас ана қаражат жинау үшін халықтан көмек сұрап отыр.

Жіберіп алмаңыз:

Министр “Қалаулым” бағдарламасына қатысты түсініктеме берді

Ақтөбеде автобус өртінен көз жұмған 52 өзбек азаматы жер қойнына тапсырылды (фото)

Жақындары Мұхтар Зимановты мерзімінен бұрын босатуды сұрады

Аязды күні шешініп тастап билеген астаналық қыздар желіні шулатты (видео)

Талқылау