Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа жыл ұлттық мерекеміз емес: қазақстандықтар не себепті Жаңа жыл мерекесін тойлаудан бас тартты

«Жана жыл ұлттық мерекеміз емес. Сондықтан, тойламаймыз» деген  пікірді ұстанатын жандар Қызылорда облысында бас біріктірді. Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі  мерекеден бас тартқан жандардың мақсатын сұрап көрген еді.

«Биыл отбасымызбен, достарымызбен Жаңа жыл мерекесін атап өтпеуді жөн санадық. Біріншіден, бұл біздің өзіміздің мейрамымыз емес.

Қазақтар жыл бастауын Наурыз мерекесінен санаған. Оның үстіне көп шығынды қажет ететіні белгілі. Қыруар қаражатты мардымсыз дүниелерге жұмсағанша, бірігіп науқас балаларға сый жасауды көздеп отырмыз», – дейді қала тұрғыны Бахыт Адамбаева.

Бахыт Адамбаеваның бұл пікіріне қолдау білдіріп отырған достары аз емес. Солардың бірі І-ші топтағы мүгедек  Сағатбек Қуанышбайұлы.

«Мен өзім арбаға таңылған  кісімін. Мені «маған кім көмектеседі» деген сұрақ емес, «мен кімге көмектесе аламын» деген сұрақтар жиі мазалайды. Әрине, Жаңа жыл мерекесін тойлауға қыруар ақша кетеді. Кафеге, мейрамханаларға бару қажет болады.

Бұл күндері көңіл көтеруге арналған орындардың қызмет ақысы да еселеп қымбаттай түседі. Сол себепті біз осындай шешім қабылдап отырмыз. Мерекеге жұмсайтын ақшамызды жинап, 100-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге сыйлық жасамақпыз», – дейді  жігіт.

Қызылорданың белсенді жастары ұйымдастырғалы отырған қайырымдылық шарасы «Сиқырлы керуен» тақырыбы аясында өтеді.

Балғындарға тек сыйлық жасалынып қана қоймай, арнайы шоу – бағдарлама әзірленеді. Аяз ата мен Ақша қар балапандардың өнерін тамашалап, оларды таңғажайып көңіл – күйге бөлейді.

«Қазір қатарымызға қосылып жатқандардың саны артып келеді. Бағдарламаның ауқымын кеңейту мақсатында демеушілерді іздестіріп жатқандарымыз да рас.

Денсаулығында кінәрат бар балалардың тізімін қолымызға алдық. Алда атқарылар жұмыс көп. Бұл ретте біз қолындағы билігі және мүмкіндігі бар азаматтардан қолдау күтеміз», – дейді Бахыт Адамбаева.

Осылайша Қызылорданың жастары биыл тың бастаманы қолға алып отыр. Балақайлардың бір сәт күлкісі олар үшін Жаңа жыл мерекесінен де маңызды.

Оқи отырыңыз:

Төреғалидың әкесі журналисті балағаттап, камерасын сындыра жаздады

Талай қыздың жүрегін жаулаған отандық әнші әке атанды

Төреғалидың жағдайына байланысты Нұрқаділовтің қазасын мысал еткен Жүнісова ұятқа қалды

Әуелбекова мен Болманов Төреғалиді жақтап сөйледі

Талқылау