Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада басшылыққа ақша тасудан шаршадық деген жұмысшылар жанжал шығарды

Қызылордада басшылыққа ақша тасудан шаршадық деген жұмысшылар жанжал шығарды. «СИБУ-Қызылорда» Қазақстан-Қытай инженерлік бұрғылау компаниясының жұмысшылары мұнда көресіні қытайлықтардан емес, өз қандасымыздан көріп жүрміз дейді. Айтуларынша, компанияның кадр бөлімін басқаратын Әлия Егембергенова бұларды тиісті вахталарына жіберу үшін ақша талап етеді екен, деп хабарлайды КТК арнасы.

Тиісті соманы бергендерге жол ашық. Ал бұдан бас тартқандар жұмыстан қуылып жатқан көрінеді.

Егембергенованың қалтасын қампайтудан шаршадық деген бұлар «СИБУ-Қызылорда» деп аталатын мұнай компаниясының жұмысшылары. Көпшілігі кадр бөлімінің басшысына қарсы шығып, жан-жаққа арыз жазамыз деп тұрақты табыстан айрылған. Ал ақша бермегендер бірнеше айлап жұмысқа бармапты.

«Соның кесірінен -2-3 ай вахтаға бара алмай қалдық. Жұмысқа барған сайын ақша береміз. Әркім әрқалай береді ғой. Өзім 2 мың теңге беремін. Жұмыста әйтеуір, бала-шаға бар, кредит бар дегендей», – дейді жұмысшы Руслан Әбілдаев.

Мұнайшылар басшылықтан көрген құқайын қағазға түсіріп, көмек көрсетеді деген орындардың бәріне барыпты. «Нұр штандықтардың» алдында компания басшылығы мәселені шешеміз деп уәдені үйіп-төккенімен, ішке келе сала арыз жазғандардың артына түсіпті. Олар тіпті облыс басшыларының айтқанын да құлаққа ілмеген.

Ал, қытайлық компания басшылары жанжал шығарып жүрген жұмысшылардыкі бос сөз деп отыр. Айтуларынша, қазір жұмыс көлемінің азаюына байланысты жұмыс күшіне де сұраныс азайған. Ал мұнайшыларды зар жылатты деген Әлия Егембергенова айғай-шумен қызметінен шеттетіліпті.

«Қазір осы іске байланысты құзырлы органдар тергеуді бастап кетті. Әлия Егембергеноваға қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал жұмысқа жібермей жатыр дегендері ақылға сыймайды. Өйткені қазір небары екі бұрғылау қондырғысы ғана жұмыс істеп тұр. Сол себепті барлығын қамту мүмкін болмай жатыр», – дейді «СИБУ-Қызылорда» инженерлік бұрғылау компаниясының басшысы Ван Дося.

Ал еңбек инспекциясындағылар өздеріне арызданған 50-ге жуық жұмысшының арызы бойынша жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіпті. Оның нақты қорытындысы да жуықта белгілі болмақ.

Оқи отырыңыз:

СҚО-да үш баласын жалғыз асырап отырған ер азамат құлағалы тұрған үйді паналап отыр

Алматы облысында Әділет департаментінің қызметкерлері басшылықтың былығын жайып салды

Қолым әдемі емес екенін білем: Ауыл келінінің жазбасы көпшіліктің назарын аударды (фото)

ОҚО-да салмағы 11 келі ғана болатын 10 жасар қыз бала жансақтау бөлімінде жатыр

Талқылау