Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құжаттарға өзбек деп жазғызатынбыз": Ауғанстанның астанасы Кабулда тұратын қазақ тәліптер келген соң өмірі қалай өзгергенін айтты

Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" ұйымының құрылтайшыларының бірі – Абдул Уахид Салихзада жат жұрттағы қазақтардың қазіргі жағдайы мен ұйым туралы айтып берді. 1997 жылдан бастап "Қазақ қоғамы" ұйымы өз жұмысын жалғастырып жатыр. Stan.kz тілшісіне жат жұртта жүріп ана тілдерін ұмытса да, өздерін "қазақпыз" деп таныған қандасымыз сұхбат берген еді. 

Абдул Уахид Салихзада

Абдул Уахид Салихзада экономика ғылымдарының магистрі. Ел астанасы Кабул қаласының орталығында тұрады. Ата-анасы өмірден өткен. Жұбайы екеуінің алты қыз, екі ұлы бар. Өзін Найман руының ішіндегі Сарбастардан тараймыз дейді.

"1997 жылы "Қазақ қоғамы" ұйымы құрылған. Біздің басты мақсатымыз Ауғанстанның төрт бұрышына жайылып кеткен қазақтарды танып, олардың басын қосу болатын. Халқымызды бір-бірімен байланысып, өзара араласуға шақырдық. Ұлттық құндылықтарымызды да ұмыт қалдырмау үшін орталықты құрдық. 

Өкініштісі, қазіргі биліктің өз заңы бар. Қазіргі кезде қолымыздан келгенше жұмыс істейміз. Бірақ мұндай ұйымдарға билік мән беріп жатқан жоқ", – дейді ол. 

"Қазақ қоғамы" ұйымын заңды түрде құрған. Бірақ әр жыл сайын рұқсатнаманы жаңалау қажет. Тәліптердің рұқсат етуі былай тұрсын, жалпы қоғамдық қозғалыстарды шектемекші екен. Тек қана қайырымдылық көмек жасаушыларға рұқсат дейді. Басқа мәдени қоғамдық шараларды өткізуді шектепті. Дегенмен де қандасымыз тәліптер билігімен байланыста екендігін айтып қалды. Олардың рұқсат беру мәселесін де сұрастырған. Бірақ қазіргі күнге дейін ешбір жауап келмепті.  "Ауған ішіндегі әрбір провинция мен қаладан қазақтар санын есептедік. Бұрынғы билік Ашраф Ғанидың тұсында қазақтардың ресми санағын үкіметке ұсынғанбыз. Ауғанстанға 200 жыл бұрын келгеніміз туралы да айттық. Қазақ ұлтын ресми түрде тануын да сұрадық.
Осындай құжат жағынан үлкен жұмыстарды бастағанбыз. Ол кезде 20-ға жуық ұлт билік мүмкіндігін пайдаланып, ауған тарихында бірінші рет қазақ екендігімізді құжаттарымызға рәсімдедік. Оған дейін барлығымыз өзбек деп жазғызатынбыз. Ең үлкен жетістігіміз осы болатын. Басқа елдердегі қазақ мәдени ұйымдарымен байланыспадық. Өйткені өзімізді ресми танытуға көп күш жұмсадық. Қазіргі билік тұсында жұмыстарымыз тоқырап қалды.  Ауғанстанның қалаларында ағайындарымызды жинап, кішігірім жиналыстарды да өткіздік. Адам саны 20-30 шамасынан аспайтын. Мақсатымыз әрбір ауған жерінде конференцияларды ұйымдастыру болды. Өкінішке қарай, мұндай жоспарлар жүзеге аспады. Конференциямызға Ауғанстан мен Қазақстандағы батырлар, тарихи тұлғаларды таныстырсақ дегенбіз. Осыны әлі де қолға алуға тырысамыз. Ол үшін қазіргі биліктің азда болса жұмсақтығы керек", – дейді қандасымыз. 

Абдул Уахид Салихзада отбасымен

Қоғамдық ұйым Ауғанстандағы қазақ елшілігімен тікелей байланыста болмаған. "Талибан" билігі келген соң Кабулдағы қазақ елшісімен байланысқандарына жеті ай өткен. Бірақ та ешбір нәтиже жоқ. Елші санаулы ғана қазақтың бар екенін айтқан. 

"Консулға бізге сенбесеңіз, экспедиция жүргізетін адамдарды жіберіңіз дедім. Оларға қазақтардың ауылдарын таныстыратынымызды айттым. Бұл ұсынысымызды қабылдамады. Ауғанстанда халық саны жағынан ешбір дұрыс санақ жоқ. Сондықтан да біз ауған жұртында нақты осындай қазақ бар деп айта алмаймыз. Біз ұйым ретінде нақты санақ жүргізуіміз мүмкін емес. Бірақ сіздерге 500 мыңнан аса қазақ бар деп айта аламын. Қазақтарымыздың басым бөлігі ауыл және мал шаруашылығымен айналысады. 

"Талибан" келмей тұрып, Ұлттық мерекеміз әз-Наурызды да атап өткенбіз. Наурызды көп ұлттар тойлайды ғой. Тек қазақтарымыз ғана тойлайтын мерекелерді білмедім. Өйткені өзім Кабул қаласында өстім. Ал қазақтарымыз көбі ауылды жерлерде шоғырланған", – дейді ер азамат.

Айтуынша, қазақтар Ауғанстанға екі толқынмен келген. 1917 жылы келген қазақтардың көбісі атамекенге қайтадан оралған. Екіншісі 200 жыл бұрын келген екен. Өзін жетінші ұрпақ санайтындығын айтады. 

"Атажұрттан келген атам Тәжікстаннан Тахар қаласына көшіп келеді. 100 жыл бұрын Аманұлла хан Талханнан осы қазақтардың жері деп жер де беріпті. Бұл құжат бізде бар болатын. Елшілікке осындай құжаттардың көшірмелерін де тапсырдым. Олар өз алғыстарын ғана жеткізді. Талханға қазақтар басқа аймақтарға қарағанда көп орналасқан. Аталарымыз елден түрлі себептермен көшкен. Аталар орыстар келмей тұрып та Қазақстанмен байланысы болған", – дейді ол. 

"Ауғанстанда түрік халқының көптеген ұлттары шоғырланған. Біз ортақ мерекеде жиналғанда бір-біріміздің ұлттарымызды бөліп айтамыз. Бізде "Қазақ" атауымен ауылдар, мектептер, ауруханалар да бар.

Атажұртымыздағы жаңалықтарды қарап отырамыз. Қазақстанның халықаралық аренадан өз орнын тапқандығын қалаймыз. Қаңтар оқиғасы кезінде елдегі жағдай үшін қайғырдық. Мұндағы туыстар бір-бірімізбен сөйлесіп, елдегі жағдай туралы ойландық. Өздеріңіз білесіздер, ауғандықтар көтеріліс пен соғыстан бас көтермеді. Біздің тәжірибемізде көтеріліс ешқандай да жақсылық әкелмеген. Сол үшін атамекеніміз де тек қана тыныштықтың болуын тілейміз", – дейді қандасымыз. 

Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" ұйымының құрамы

Ауғанстанға жаңа билік өз әмірін жүргізуде. Америка басқа ұлттарды тәліптердің мойындауын қалайды дейді. Елде бірнеше жылдан бері құрғақшылық жайлап тұр екен. Ел халқының 90%-ның жағдайы нашар. Өз еріктерімен бір нәрсені ұйымдастырайын десе, билік жағынан да кедергілер көп екендігін айта кетті. 

"Қазақ атымен аталатын орындар келешекте өзгеруі мүмкін. Ауған тарихын қарасақ, 100 жыл бұрын пуштундер патша болғалы өзбек атауларын ауыстырған. Сондықтан біздің тарихымызды өзгертіп жіберуді Құдай оларға жазбасын. Сіздерге алғысымызды білдіремін. Біздің үнімізді қазақ билігі мен халқына жеткізіп жатырсыздар. Бір-бірімізге немқұрайлы қарамасақ екен. Бізді қазақ деп мойындамаса да, бәріміз де адам баласымыз ғой.

Адамгершілікті алдыға қойып, одан кейін бәріміздің мұсылман халықтары екенімізді ұмытпайықшы. Түптің-түбінде бәріміз де – қазақпыз. Сол үшін қазақ билігі бізге немқұрайлы қарамаса екен деген тілек бар. Экономика, мәдени, саяси жағынан бірлесіп жұмыстар атқарайық. Біздің қазақ екенімізді ұмытпауға жәрдем қылыңыздар. Осы бағытта атамекеніміз қолұшын берсін. Атажұртымыздың ұланғайыр даласына, бізді көшіріп әкетсе екен. Ертең Қазақстанға да пайдасы тиеді. Өз егемендігін сақтау үшін азаматтарының саны да көбейеді. Өзінің экономикалық және саяси күшін әлем елдерінің алдында теңестіретін болады. Сол бір азат күндерді аңсаймыз. Атамекеніміздің егемендігі мықты болуы үшін бәріне де даярмыз", – дейді ол.

 

Қадірәлі САРЫПБЕК      
 

Талқылау