"Құжатта бәрі тап-тұйнақтай": Алматылық жігіт жұмыс берушіден айлығын бірнеше айдан бері ала алмай жүргенін айтып шағымданды
Фото: justice.dp.ua
Әлеуметтік желіде Тimka.maratov есімді жігіт былтырғы 17 қыркүйектен бастап жеке компанияда жұмыс істегенін жазды. Ауызша келісім бойынша жалақысы 300 мың теңге, соның ішінде 100 мыңы – негізгі қызметақы, 200 мыңы – бонус деп келіскен. Бірақ Қызмет көрсету туралы келісімшартына оның қолын қойдыртып, нақты жалақы сомасын көрсетпеген. Жігіт еңбек инспекциясына шағымданғанымен, компания оған жалақыны бөліп-жарып, ақыр соңында төлемейміз деп шорт кескен. Stan.kz заңгерден қазақстандықтар мұндай жағдайда еңбек құқығын қалай қорғай алатынын сұрады.
"Аты бар да, заты жоқ мекеме"
Алматылық жігіт 2024 жылдың 17 қыркүйегінде JOLTAB IOT деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жұмысқа орналасқан. Жігіт оның "аты бар да, заты жоқ мекеме" екенін айтып шағымданды.
"Ауызша келісім бойынша айлық 300 мың теңге (100 мың – негізгі қызметақы, 200 мың – бонус ретінде) болуға тиіс еді. Маған Қызмет көрсету туралы келісімшартына қол қойдырды, бірақ онда жалақы туралы ешнәрсе жазылмаған. "Кейін қайта жасаймыз" деді де солай ұмыт қалды. Жалақыны әр айда Kaspi арқылы бөліп-жарып жіберіп отырды: 25 мың, 50 мың, 75 мың, 100 мың теңгеден. Уақыт өте берді, ақыры жұмыстан кеттім. Биыл 25 ақпанда офиске барып, жұмыстан шығу туралы арыз жаздым. Директор әрі заңгер болып істейтін адам 10 наурызға дейін ақша төлейміз деді (заң бойынша 3 жұмыс күнде төлеуі керек еді). Тек 50 мың теңге ғана аударды. Қалғанын сұрағанымда үнсіз қалды. 14 наурызда е-Өтініш арқылы еңбек инспекциясына шағым жаздым. 20 наурызда 104 540 теңге тағы аударып, "қалған жалақы" деп жазып қойыпты. Қайта-қайта жазып, қалғанын сұрадым. Тағы да үнсіз қалды", – деп жігіт ағынан жарылды.
Тimka.maratov компанияға жалақысын толығымен төлемеген жағдайда сотқа, салық органдарына шағымданатынын айтқан. Алайда компания оған "қайда барсаң сонда бар" деп жауап берген.
"31 наурызда еңбек инспекциясынан қоңырау шалып, мекенжайымды сұрады. 2 сәуірде тағы қоңырау шалып, нақты мекенжайды білді. Сол күні маған барлық салық түрі (ОПВ, ОСМС, ИПН) кері күнімен төленіп қойыпты. Сол күні директор маған "Барлық жалақы төленді, тіпті екі есе артық төлеп қойыппыз" деп жазып жіберді. Кейін маған еңбек инспекторы хабарласып, маған 85 мың теңге минималды жалақы мөлшерімен ресми тіркеп қойғандарын айтты. Құжат бойынша бәрі тап-тұйнақтай, ешқандай дау туғызатын жер жоқ екен. Компанияның "алаяқтар" екенін айтты. Сотқа арыз бер, кейін e-otinish арқылы ресми жауап болады дейді. Шынымды айтсам, аң-таң болып қалдым. Заң бойынша бәрін ресми рәсімдеп қойыпты, тіпті түк істей алмайсың... Айта кетейін, салық төлеуден жалтару үшін олар бизнесті бірнеше компанияға бөліп тастаған. ТОО "Global-Systems Products", ТОО JOLTAB IOT, ИП "Сенім", ИП Мамбетoв. Мен білетіндері осылар. Клиенттері де айлап қызмет күтіп отырады", – деді жігіт.
Бірақ нақты төленген сомалар мен жұмыс көлемі бұл құжаттармен сәйкес келмейді. Қолында Kaspi арқылы түскен аударымдар ғана бар. Сонымен қатар жігіт өзінің бұрынғы жұмыс берушісінің түрін көрсетіп, сақ болуға шақырды.
Фото: Тimka.maratov-тың желідегі парақшасынан
Істің мән-жайын білу үшін JOLTAB IOT жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарласқанда телефон тұтқасын көтермеді.
“Еңбек шарты болмаса да, нақты жұмыс істегені дәлелденсе, сот бұл дауды қарай алады”
Осы ретте заңгер Фархад Курбазаров алматылық жігіттен бөлек басқа да қазақстандықтар өз құқығын қалай қорғай алатынын айтып берді.
"Қызмет көрсету туралы келісімшарты бола тұра, егер іс жүзінде қызметкердің жұмысын жеке өзі белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша орындап, жұмыс тәртібіне бағынып істесе, жұмыс беруші оған жалақы төлесе, онда бұл еңбек қатынастары болып есептеле береді. Бұған байланысты 2024 жылдың 28 қарашасындағы Жоғарғы Соттың №1 Нормативтік қаулысында еңбек және азаматтық-құқықтық қатынастарды ажырату керек екені айтылған. 7-тармаққа сәйкес соттар азаматтық-құқықтық қатынастар мен еңбек қатынастарын ажырата білуге тиіс. Жұмыскердің белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіби бағыт немесе лауазым бойынша еңбек қызметін тікелей өзі орындауы, жұмыс тәртібіне бағынуы және жұмыс берушінің оған еңбек ақы төлеуі еңбек қатынастарының болуын айғақтайтын мән-жайлардың бірі", – деді заңгер.
Заңгер жігіттің қандай дәлелдерді қолдана алатынын айтты.
- Kaspi банк шотының көшірмелері – жұмыс берушіден тұрақты түрде ақша аударылғанын дәлелдейтін құжаттар.
- Куәгерлердің айғақтары – әріптестердің немесе тікелей басшысының жігіттің жұмыс істегенін, өз міндеттерін орындағанын растайтын мәліметтері.
- Жұмыс берушімен электронды хат алмасу – WhatsApp, Telegram немесе электронды пошта арқылы жазысқан хабарламалар.
- Орындалған жұмыстар актісінің болмауы – бұл азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар үшін маңызды. Себебі мұндай келісімшарттарда акт болмаса, төлем жүргізілмеуге тиіс. Бұл жағдайда актінің болмауы төлемнің заңдылығына күмән тудыруы мүмкін.
Жігіт еңбек қатынастарын тану және жалақы бойынша берешекті өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгіне алады.
"2024 жылғы 28 қарашадағы №1 Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының "Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулысының 6-тармағына сәйкес былай делінген: Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес, қызметкерді жұмысқа жіберу еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Егер қызметкер немесе жұмыс беруші (тапсырыс беруші не орындаушы) еңбек қатынастарының бар екенін құжатпен дәлелдей алмаса, онда екі тарап арасындағы еңбек қатынастарының бар-жоғына қатысты дау сот тәртібімен, келісу комиссиясына жүгінбей-ақ шешілуі мүмкін. Яғни еңбек шарты болмаса да, нақты жұмыс істегені дәлелденсе, сот бұл дауды қарай алады", – деді заңгер.
Заңгердің сөзінше, ол Еңбек кодексінің 21-бабы (Еңбек қатынастарының туындау негіздері) мен Азаматтық кодексінің 9-бабы (Азаматтық құқықтарды қорғау) негізінде келесідей талап арыз бере алады:
- Фактілік еңбек қатынастарын тану туралы өтініш береді;
- Жалақы бойынша берешекті өндіріп алады;
- Төлемді кешіктіргені үшін өтемақы (Еңбек кодексінің 112-бабы "Бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу") талап ете алады;
- Моральдық зиянды өтеу туралы арыз бере алады (негіз болған жағдайда);
- Сот шығындарын өндіріп алады (Азаматтық іс жүргізу кодексінің 109-бабы "Сот шығыстарын тараптардың арасында бөлу).
"Жігітке 85 мың теңге мөлшерінде ең төменгі жалақы белгіленгенін растайтын Еңбек инспекциясының жауабын қоса ұсынуға болады. Егер жігіт сотта дәлелдеп, талап қанағаттандырылса, ол сот шешімін қоса тіркеп, Еңбек инспекциясына қайтадан барып шағымдана алады. Уәкілетті орган жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тарта алады. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 86-бабының 1-бөлігіне "Адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу" сәйкес лауазымды адамдарға 30 айлық есептік көрсеткіш (117 960 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК (232 920 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 80 АЕК (353 880 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (589 800 теңге) көлемінде айыппұл төлеуіне тура келеді", – деп түсіндірді заңгер Фархад Курбазаров.

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған
