"Құтқарушылардың министрге ақша жинау дерегі": ТЖМ басшысы өзін "жемқорлыққа қатысты" деп айыптаушыны сотқа беру туралы сұраққа жауап берді
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Түркістан облысындағы құтқарушылардан алым жинауға қатысты ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
Бұл жайында министр Сырым Шәріпханов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты. Министр Зуялхан Гасановтың сондай үндеу жасағанын растады.
"Шынымен де, сондай үндеу болған. Біз кеше ресми жауап бердік. Менің ұстанымым – адал өмір сүріп, адал еңбек ету. Сондықтан ол үндеуде көрсетілген фактілер орынсыз. Бұл бағытта белсенді жұмыс жүргіземіз. Біз ашықпыз. Осы лауазымдағы жұмысқа кірісіп бастаған кезде-ақ осылай айтқам. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тығыз жұмыс істейміз. Бірқатар үлкен шара өткізгенімізді БАҚ-тан біліп отырсыздар. Сондықтан дәл осы аталған факті бойынша тексеру жүргіземіз. Фактілер анықталған жағдайда жауаптылар жазаланады. Ал егер бұл жала екенін мәлім болса, мәлімет таратушыны сотқа беру мәселесі бекітілген тәртіп бойынша жасалады", – деді ол.
Ведомство басшысы, бұл жағдайды БАҚ-ты пайдалану арқылы кезекті арандатушылық жасау деп баға берді.
БАҚ өкілі үндеуде айтылған фактіні ресми түрде треіске шығарса, онда тексеру не үшін жасалатынын сұрады.
"Жеке құрамға тағы бір рет сауалнама жүргіземіз. Тексеру осы мақсатқа бағытталады. Одан бөлек менде WatsApp-чат бар. Жеке құрамның бәріне ол туралы мәлімет берілген. Ол чатқа да осынадй мәлімет түссе, міндетті түрде тексеру жүргіземіз", – деп жауап берді Сырым Шәріпханов.