Қытайда өзі жетім өскен қазақ қызы 62 мүгедек баланы асырап алды
Қытайдағы қазақ қызы Зайра Асейінғазықызының жасаған игі ісі Қытай халқын тебірентіп, әлеуметтік желідегі қызу талқылаудың да арқауына айналған. Ол жарымжан балаларға қамқорлық көрсететін арнайы орталық ашыпты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Бүгінде аталмыш орталық әр түрлі ұлт өкілдерінен жиналған 62 мүгедек және жетім балаларға қамқорлық танытуда. Зайраның мұндай әрекетке бару себебі, өзі де 4 жасынан бастап жетімдіктің ащы дәмін татыпты.
“Бойжетуіме, өсуіме өмірімдегі қиын кезеңдерді еңсеруге көптеген мейірбан адамдар көмек берді. Кішкене кезімде тұрмысымыз өте төмен болды. Сонда, кейін ер жеткенде, өзім секілді жетім балаларға жәрдем қылсам, маңдайынан сипасам деп армандайтынмын. Мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге қаражатым болмады. Сосын зауытқа тұрып, ауыр жұмыстар істеуге мәжбүр болдым”, – деп әңгімелейді Зайра Асейінғазықызы.
Осылайша Зайра басынан тауқыметі көп, қиын тағдырды кешіреді. Киерге киім, ішерге ас таппай қалған күндері өте көп болыпты. Кейін ол жақсы жандардың арқасында қиыншылықтарды еңсеріп, жолы ашыла бастайды. Уақыт өте келе қиын тағдырлы балаларға қол ұшын беру үшін, осы орталықты ашуға бекінген.
“Мен бұл жетімектерді ізгі-ниетті жандардың көмегінің арқасында бағып жатырмын. Көмек қолын созатындар көп. Қазір балаларымның 20-сы үйленді. Мен осы ортада жүріп көптеген әсерлі, ізгі істерге куә болдым. Бірде 23 жастағы он екі мүшесі сау, оқыған қыз келіп, көзі мүлдем көрмейтін зағип жігітпен бас қосты, отау құрды. Айналасындағы біраз жұрт оған: “Сен оқығансың, болашағың бар қызсың, неге мүгедек жанға өз тағдырыңды байлайсың”, деп қарсы болды. Сонда әлгі қыз: “Мен бұл дүниеден ештеңе істемей өтсем де, осы жігіттің қос жанары болайын”, – деді. Міне осыдан артық қандай адамгершілік, қандай ізгілік бар”, – деп көзіне жас алады Зайра Асейінғазықызы.
Оқи отырыңыз:
Тұңғышбай Жаманқұлов ұрланған 6 миллион теңгені мемлекетке қайтарып берді
Хокинг жер бетінде ақырзаманның қашан орнайтынын айтты
Ақтөбеде он жастағы қыз үш сіңлісін жалғыз өзі бағып отыр (фото)
Қытайда той қонақтары жас жұбайларды елдің көзінше секспен айналысуға мәжбүрледі (видео)