Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрыш қала Теміртауда жылу беру маусымына дайындық қарқынды жүруде

Құрыш қала Теміртауда жылу беру маусымына дайындық қарқынды жүруде. "Қыстың қамын жазда ойла" демекші, металлургтер қаласында жылу беру маусымына дайындық басталып кетті. Соңғы кезде ескірген құбыр, бірнеше жылдап жөнделмеген және тозығы жеткен құрылғылар мәселесі қоғамда жиі талқылануда. Сондықтан болса керек, қала әкімшілігі мен жылумен қамтамасыз ету саласының мамандары ертерек қамдануды жөн санаған. Биыл жаңартылатын құбырлардың жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайды. Жоспарлы жұмыстың жартысына жуығы орындалыпты. 


Қала әкімі Ораз Тәуірбековтың айтуынша, былтыр жылудың кешігіп берілуіне 2 және 3 магистраль бойынша мердігерлер жұмысты кеш тапсыруы себеп болған. Жөндеу жұмыстарының көлемі былтырғыдан артық.

Қарастырылатын қаржы көлемі 5 млрд. теңгеден асады. Республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге, ал, қалған қаражат қаланың бюджетінен бөлінген. Қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 425 шақырымды құраса, биыл 34 шақырым жаңартылуда.

Қаладағы жылу құбырларының 70 пайызының тозығы жеткен екен. Соның салдарынан 386 апаттық жағдай тіркеліпті. Республика даңғылындағы №1 жылу магистралі учаскесіндегі жұмыс қарқынды жүруде. Бұл аумақта 2,4 шақырым құбыр жаңартылады. Мердігер – "НұрайСтрой" ЖШС екен. Қазір 1 шақырым құбыр жаңартылып, жоспарға сай жүруде.

Амангелді көшесіне келсек, 1800 метрлік 531 тұрбаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеумен бірге топырақты игеру жұмыстары да атқарылып жатыр. Сондай ақ, қақпағы бар науаларды бөлшектеу, оларды монтаждау мен қайта өңдеу плиталарын монтаждау, камералардың түбін бетондау, бұл темірді тоттандырмайды.

Елу - алпыс жыл жатқан құбырлар шойыннан өндірілсе, Ресейде өндірілген бұл заманауи құбырлар коррозияға төтеп бере алады екен.   

№3 магистраль бойындағы Металлургтер даңғылынан Теміртау көшесіне дейінгі аралықта да жылу желілері тұтастай ауыстырылып жатыр. Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында тапсыруды жоспарлап отыр.

Аумақ басшысы Асылбек Жантұрсыновтың айтуынша, осы ауданның маңындағы кейбір бөліктегі жөндеу жұмыстары ең соңына қалдырылыпты, себебі бұл жерде базар орналасқандықтан тұрғындарға жаз айында ыңғайсыздық тудырмас үшін осылай деп шешкен.   

Жалпы қала бойынша алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары толыққанды шешім тапкан десе болады. Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков барлық жөндеу жұмыстарын өзі жүйелі түрде тексереді екен. Алайда әкім жетінші қазандықтың жұмысы кешіктіріліп жатқанын да жасырмайды. Бұл мәселелер облыстық деңгейде құрылған жұмыс тобының, “Аманат” партиясының қатаң назарында екен.  

Қаладағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жалпы алты нысанда 3 компания жұмыс жасауда. Сәйкесінше, оны қадағалайтын техникалық қадағалау бектілген.

Талқылау