Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Қырғызстанмен шекарадағы қазақстандық азаматтың өлімі: Оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Биылғы жылдың 23 қаңтарында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында қазақстандық азамат атып өлтірілген еді. Бүгін еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасыны орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов оқиғаның мән-жайын айтып берді. Ол осы жағдайдан кейін мемлекеттік шекарада қару қолдану мәселелері талқыланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.
Ділмановтың мәліметінше, оқиғаға қатысы бар екі адам бұған дейін де шекараны заңсыз кесіп өткен екен. Олар осы әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты.
«Біз шекарашы әріптестермен бұл жағдайды тексеріп шықтық. Сонымен қатар, бұл мәселеге байланысты екі елдің мемлекеттік органдарының өкілдері де тартылды. Аталған оқиғада анықталған үш адам Қазақстан азаматтары болып отыр. Олардың екеуі бұған дейін мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Яғни олар Қырғызстан аумағына бірнеше рет өткен. Екеуі шартты түрде 6 айға жазаланған», – дейді ол.
Өз сөзінде Ділманов олардың мемлекет шекарасын олар таулы аумақта кесіп өткенін айтты. Олар мал ұрлау үшін Қырғызстанмен шекарадан заңсыз өткен екен. Сөйтіп ұрлық жасаған.
«Бізде 10 бас мал ұрланды деген мәлімет тараған, ал қырғыз жағы малдың 15-ке жуық екендігін айтуда. Қалай болғанда да бұл факті орын алған. Шекара бұзушы(Қазақстан азаматы) тарапынан Қырғызстан шекарашысының өміріне қауіп төнетіндей іс-қимыл жасалғаны айтылды. Қырғыз шекарашыларының атап өтуінше, ол офицер мен сарбазға пышақ алып жүгірген. Өз кезегінде шекарашылар оқ атқан», – дейді ҰҚК төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар ол қос мемлекеттің шекарасында мал ұрлығына қатысты заңбұзушылық жиі кездесетінін атап өтті. Соңғы үш жыл көлемінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша 26 оқиға тіркеліпті.
Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Қырғызстан шекара қызметкерлері шекара ережесін бұзған қазақстандық азаматқа оқ атқан еді. Салдарынан ер адам мерт болды.