“Қырғызстан аруының” кенеттен хиджаб киіп кетуі қоғамда шу тудырды
Танымал қырғызстандық модель және актриса Айкөл Әлікжанова өмірін басқа арнаға бұруды жөн деп тауыпты.
“Қырғызстан аруы-2014”, “KG интернет аруы-2012” байқауларының жеңімпазы хиджаб киген. Бұл туралы ол Инстаграмдағы парақшасында хабарлаған.
“Хиджаб туралы сұрақ қойған оқырмандарыма жауабым: иә, мен орандым, бұл менің ойланып барып қабылдаған шешімім. Мен ризамын және бақыттымын! Сіздерге де тек “елдің алдында” дей бермей, Жаратушыға ризашылық танытуларыңызға кеңес беремін. Иә, мен қырғыз болып тудым, бірақ, менің ішкі сеніміме бұл әсер етпейді. Бір-бірімізбен қарым-қатынас жасау кезінде мейірімді болайық, құрмет көрсетейік. Барлық жақсылықтарды тілеймін!”, – деп жазды ол.
Сұлу әрі табысты қыздың бұл әрекеті қоғамда шу тудырып, әлеуметтік желіде адамдар қызу талқыға салған. Sputnik Кыргызстан порталына сұхбат берген қыз, өз әрекетін түсіндіріп өтіпті.
“Маған осылай ыңғайлы, мен өзімді бақытты сезінемін. Туыстарым мені қолдайды. Мен әлеуметтік желіге жазба жариялағанымда, оқырмандарымның барлығы пікір білдірді. Мен мұндай қолдау күтпеген едім, бір күнде 400 пікір жазылып, 10 мыңнан астам лайк қойған. Мен әлеуметтік желіге өте аз уақыт бөлемін, ал мына жағдай мені таң-тамаша етті. Адамдар менің таңдауымды қолдайтындарын айтып, денсаулық, бақыт тілеуде”, – деді Айкөл.
“Сондай-ақ, бірқатар адамдар бұл жағдайға қарсылық танытқан. Бірақ, олар сенім мәселесінен алшақ жатқан адамдар болса керек. Мен оларға тек жақсылық пен ізгілік тілеймін. Бір жақсы күн келіп, олар да түсіністік танытар”, – деп атап өтті ару.
Сұлулық ханшайымы бұдан былай түсірілімдерге хиджабсыз қатыспайтынын да айтты.
“Егер режиссерлер менің шартыммен келіссе, онда жобаларға қатысармын, бірақ мұның өзі нақты белгісіз. Қайырымдылықпен және қаржылық жобалармен айналысуды жалғастыра беремін”, – дейді Айкөл.
Қырғызстан аруы қазірде діни киім киетін қыздарға арнап киімдер шығарумен айналысады.