Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жылқы малын неге құрбандыққа шалуға болмайды? Наиб имам түсіндірді

Араб тілінен аударған кезде «құрбан» сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни құлшылық еткен пенденің Аллаға жақындай түсуі. Ал құрбандық шалу Ибраһим, Исмайыл (с.а.с.) пайғамбарлар өмір сүрген кезеңнен бастау алады. Хадистерде Мұхаммед пайғамбардың үмбеттеріне «Құрбандық шалыңдар. Бұл – Ибраһим әкелеріңнің сүннеті» деп айтылғаны туралы жазылған. Яғни дүние-мүлкі 85 грамм алтынға жеткен, зекет бере алатын мұсылмандарға Алла разылығы үшін құрбандық шалу уәжіп. Ал құрбандықты кімдердің және қай малды шалатынын Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев түсіндіріп берді.

ат

 Сурет: Қарлыға Бүйенбай

— Құрбандық шалу кімдерге уәжіп етіледі? Қай мал түрінен шалынады?

— Ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, сол кезде жолаушы емес, ауырып жатпаған, мал-мүлкі нисап мөлшеріне жеткен, бостандықтағы әрбір мұсылманға уәжіп болып есептеледі. Құрбандыққа қой, ешкі, түйе және ірі-қара сиыр малынан шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа толған болуы керек. Сондай-ақ, алты айлық семіз тоқты да жарамды болып есептеледі. Ал ірі қара сиыр малы екі жасқа, түйе малы бес жасқа толған болуы тиіс. Ұсақ малды бір отбасының атынан шалуға болады. Ала ірі қара сиыр мен түйені жеті отбасы бірігіп шалуына рұқсат.

Жағдайы бар кісілерге қанша көп шалған сайын, бұл сауапты іс болып есептеледі. Мұнымен қатар, қатты ауру, тым соқыр, көтерем, құлағының жартысы жоқ, арық малдар құрбандыққа жарамайды. Орташа есеппен қатты семіз болмаса да, құлағында және денесінде үлкен кінәрат болмауы керек. Қазақ та, басқа халықтарда да малдың құлағына ен салу дәстүр болғандықтан, құлағының жартысы жоқ малдар құрбандыққа жарайды. 



— Құрбандық шалудың сауабы қандай?

— Пайғамбарымыздың «Кім де кімнің жағдайы бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намазханаға жақындамасын» деген қатаң ескертуі бар. Сол себепті әрбір шамасы жеткен мұсылман осы құрбан айтта құрбандық шалуы арқылы сауапқа кенелгісі келеді. Хазірет Әли «Құрбандық шалған адамның Алла алдындағы дәрежесе 10 есе өседі, 10 күнәсі кешіріледі, 10 есе сауап жазылады» деп айтқан болатын. Сондай-ақ, құрбандықа шалынатын әрбір малдың үстіндегі қыл үшін сауап жазылатыны хадистерде айтылған. 

— Құрбандыққа жылқы малын шалған дұрыс па?

— Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының басты себебі Алла тағаланың Құранда айтылған мына бұйрығы: «Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың - бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед с.а.у) Ықыластыларды қуандыр» [25].

Біздің халқымыз жылқы малын ерекше жақсы көреді. Бірақ неге осы құрбандық малының ішіне кірмеген деген сұраққа келетін болсақ, бұл – пайғамбарымыздың кезінде бекітілген малдар. Ол кезде жылқы малы жауға шабарда, күнделікті тұрмыста көлік ретінде қолданылған. Сондай-ақ, ол уақытта жылқы малының саны аз болған. Әрине, ең дұрысын Алла жақсы біледі. Жалпы жылқы малының етін жеу халал болып саналады. Пайғамбарымыздың бір сапар кезде аш қалып, сахабалармен бірге жылқыны сойып жегені сынды риуаяттар бұған үлкен дәлел. 

Мұсылмандар үшін екі ұлық мереке бар. Ол – Құрбан айт пен Ораза айт. Құрбан айтта ең маңыздысы тек құрбандық шалу емес, бұл мерекеде отбасы мүшелерінің бір-біріне сыйлық жасап, күлімсіреп, жағдайларын сұрауы маңызды. Ара-гідік реніші барлар бір-бірлерін кешіріп, жақсы сөздер айтады.

Құрбан айт тек халықтық деңгейде емес, халықаралық деңгейде атап өтіліп, шариғатқа сай мерекелік концерттер мен спорттық ойындар ұйымдастырылса, киіз үйлер тігілсе, халықтың көңіл-күйін көтеруге жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болады. Осы орайда, жылда Бас мүфтидің тапсырмасымен мешіт алдына киіз үй тігіліп, онда ұлттық ойындар ойнатылып, мол дастархан жайылып жүр. Осындайда ақ жаулықты әжелеріміз бен аталарымыздың батасын алу біздің шариғатымызға да, салт-дәстүрімізге де сай. Құрбан айтты халық пен халық арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты сақтап, әр отбасыны ұйытатын үлкен мерекелердің бірі деп айтсақ болады.

— Құрбандыққа шалынған малдың еті қалай таратылуы тиіс?

— Пайғамбарымыздың сүннетіне сай, құрбандық шалғаннан кейін бір бөлігі бірінші отбасынің өзіне, екінші бөлігін көршілеріне, үшінші бөлігін садақа айтып, кедей-кепшікке таратқан жөн. Құрбандық шалған кісінің қарны тоқ болатын болса, етті түгелдей таратып жатса, нұр үстіне нұр болатын еді. Мұнымен қатар, мешіттердің жанынан құрылған осындай еріктілер тобы арқылы осы құрбандыққа шалынған етті қабылдаймыз. Мал базарларда да осылай етті қабылдайтын орындар, мешіт қызметкерлері болады. Бұл – шалынған құрбандықты мұқтаж жандарға жеткізудің ең үлкен тиімді жолы болып есептеледі.

Бұдан өзге барлық мешітте «Раббың үшін құрбандық шал» атты акция жүріп жатыр. Немесе басқа жамағаттарды біріктіріп, бір ірі қара мал шалып, оны әкімдік ұсынған тізімдегі мұқтаж жандарға үлестіреміз. Осындай сауапты істерді мешіттермен бірігіп атқаруға болады.

— Құрбандыққа шалынған малмен бірге суретке түсуге, селфи жасауға бола ма?

Исламда жалпы ізгі амалдар мүмкіндігінше жасырын болуы тиіс. Пайғамбарымыз «Оң қолдың бергенін, сол қол көрмесін» деп айтады. Әрине, зекет пен құрбандық шалу – негізгі уәжіп амалдар. Оларды елдің алдында көрсетіп істеуге болады, бірақ тым өрескелдікке бой алдырып, селфи жасау – ислам әдебіне қайшы. Ал суреттерге қатысты қандай да бір қатаң талаптар қоя алмаймыз. Мұсылман қауымды келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Талқылау