Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда марқұмды "тәңіршілдік" жолмен жерлегендер желідегілердің қызу талқысына түсті

Әлеуметтік желіге "тәңіршінің жаназасы" деген атпен таралған видео бірнеше күннен қоғамның қызу талқысына түсті. Онда жаназаға жиналған жамағат марқұмды мұсылмандық емес, тәңіршілдік жолмен ақтық сапарға шығарып салған.Құранның орнына қара сөз арнап, жаназа намазы мүлде оқылмады. Дәстүрлі дінді ұстанушылар бұл шаманизмнің қалдығы десе, Діни басқарма өкілдері тәңіршілдерді еш жерде тіркелмеген дін бұзушылар деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әлеуметтік желіге тараған видео Алматы облысында түсірілген. Жиналған жамағат тәңіршілдік ілімін ұстанатын азаматты ақтық сапарға шығарып салған. Бірақ әдеттегідей қайтқан кісіге құран бағышталып, жаназа намазы оқылған жоқ. Алдымен марқұмның қарызы мен парызы сұралды. Одан кейін қара сөзбен жаназасы шығарылды.

Тәңіршілдер ас қайырғанда да алақан жайып, әумин деп айтпайды екен. Барлығы қос қолын кеудесіне қойып, өмін деп дауыс шығарады. Алланы да ауызға алмайды. Құдай деп қол жайғанымен, құран оқымайды.

"Барлық дұға-тілекті қазақи қара сөзге салып, көкейден айтамыз", - дейді марқұмның жаназасын шығарған Қайрат Рамазан.

"Біз бата бергенде, тілек айтқанда, лебіз үйіргенде, ниет білдіргенде бет сипамайды емес, сипаймыз. Жоқ болсын дегенде. Жамандық болмасын, қайғы қасірет болмасын дегенде бет сипаймыз. Қалған уақытта көкейден шығарамыз. Өмін, өмір деген сөз бар. "Құдайға көңіл бөл" деген мағына білдіреді ол. Біз Құдайға мынаны істе, анда жібер деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан өмін деп айтамыз", - деді "Тәңір ілімі" Қоғамдық бірлестігі діни департаментінің бастығы Қайрат Рамазан.

Ал Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тәңіршілдік ешқандай дінге жатпайтынын айтты. Өйткені оның ілімі, мәдениеті, тарихы жоқ. Сондықтан өздерін тәңіршілміз деп жүргендер бүйректен-сирақ шығарып, ел ішіне іріткі салып жатыр, дейді имамдар. Олардың айтуынша, тәңіршілдік жолмен жаназа шығару нағыз мәңгүрттік.  

"Өте обал болды, кешегі қайтыс болған кісіге. Адам қайтыс боларда оған кәлиманы айтқызады. Кімнің ақырғы сөзі осы болса, ол жәннатқа кіреді дейді. Оның мирам суы, шешіндіріп жуындыру, оны жуындырды ма, құдай біледі. Кебінге орау, төрт тәкпірлі жаназа, біреуі қалып кетсе тура болмайды. Жерлеу, одан кейін құран оқу. Бұның біреуі де болған жоқ", - деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы.  

Алматыда "Тәңір ілімі" деп аталатын қоғамдық бірлестік бар. Оған елде 200 мыңға тарта адам мүше көрінеді. Бірақ олар діни бірлестік ретінде ресми тіркелмеген. Соған қарамастан, тәңіршілдіктің жөн-жоралғысы мен салт-дәстүрін ашық жарнамалай бастады. Ал одан Дін істері комитетінің хабары жоқ сияқты. Себебі, құзырлы мекеме "Тәңіршілер ұйымының жұмысы заңды ма?" деген тілшілердің сауалын жауапсыз қалдырды.

Талқылау