Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құр қарап тұрған": Қосшыда би сабағында көз жұмған қыздың туыстары үйірме қызметкерлерін алғашқы көмек көрсетпеді деп айыптады

Фото: Видеодан скрин

Ақмола облысы Қосшы қаласында мәдени-спорттық кешенде оқушы би сабағы кезінде көз жұмды. Марқұмның туыстары сол сәтте маман түгілі, алғашқы көмек көрсететін адам да табылмады деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, 10 жастағы жеткіншектің жүрегі айнып, өзін жайсыз сезінген. Сөйтіп, жедел жәрдем қызметі шақырылған. Бірақ медицина мамандары дер кезінде келмеді дейді. Ал осы сәтте 10 жастағы Жасмин анасының қолында жан тапсырған.

“Неге орталықта медицина қызметкері болмады? Жедел жәрдем жетемін дегенше немереме ешкім алғашқы көмекті көрсетпеген. Басшылық қызыма хабарласыпты. Ол келемін дегенше Жасминге ешкім көмектеспеген. Анасы келіп оны қолына алып не істерін білмей жылаған. Ал айналасындағылар құр қарап тұрыпты. Орталықта медпунктың жоқтығын біз білмедік”, – дейді Жасминнің апасы Гүлнар Сматова.

Анасының сөзінше, Жасмин бронхиалды демікпе диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. Дегенмен, бұл ауру оның бимен шұғылдануына кедергі келтірмеген екен. Ал шенеуніктер марқұмның анасы орталыққа қызының дені сау екені туралы анықтаманы тапсырған. Сондай-ақ олар штатта медицина қызметкері қарастырылмағанын да мойындайды.

“Бізге бала үйірмеге қатысуға физикалық мүмкіндігі бар деген ғана құжатпен және ата-анасының өтінішімен келеді. Ал олардың ауру тарихы туралы ақпарат бізге берілмейді”, – дейді Қосшы қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ардақ Зұлқажапқызы.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыздың жағдайы нашарлағаны туралы алғашқы қоңырау түскен кезде жедел жәрдем қызметі баланың өміріне қауіп төндіретін белгілер жоқ деп шешіп, шақыртуға шұғыл емес IV санатты берген. Соның салдарынан оқиға орнына жедел көмек көрсетуге қажет барлық құрал-жабдықпен толық жабдықталмаған көлік жіберілген.

Тек екінші шақырту түскенде және жедел жәрдем қызметі қыз баланың жағдайы нашарлағанын білген соң ғана оқиға орнына толыққанды реанимобиль жөнелткен.

“Бригада келген кезде баланы анасы мен әпкесі жедел жәрдем көлігіне қолмен алып келген. Осыған байланысты бригада тарапынан шұғыл реанимациялық іс-шаралар дереу жүргізілді. Тексеру нәтижесінде науқасқа жедел жәрдем бригадасы келгенге дейінгі биологиялық өлім диагозы қойылды”, – деді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.

Сондай-ақ ол Instagram желісіндегі ресми парақшасында қыздың өліміне қатысты Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізетінін айтты. Басқарма басшысы тексерістің объективті әрі жан-жақты жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.

Бұған дейін Ақмола облысында би сабағы кезінде 10 жасар қыз көз жұмған еді. 

Айым Болатқызы
Сенбі, 31 Қаңтар, 2026 16:57