Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құнын төледік, енді бұлар үндемейді деп ойламасын": Қаңтарда мерт болғандардың жақындарына өтемақы төленді

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан ақтөбеліктер Русланбек Жұбаназаров пен Файзулла Нұргелдиннің отбасыларына "Қазақстан халқына" қоғамдық қорынан 7 млн теңгеден берілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме беріп.

русланбек жұбаназаров

"Қазақстан халқына" қоры екі отбасыға қаржы беріп, мұны "қайырымдылық көмек" деп атады.

Ақтөбедегі көтерілісте кезінде оққа ұшқан Руслан Жұбаназаровтың туыстары мұны “қайырымдылық” деп санамайды. Мерт болған ақтөбеліктің қарындасы Жайнагүл Бүркітқызы  бұл қаржыны "биліктің өз қылмысын іштей мойындауы" деп атады.

30 жастағы Жұбаназаров 7 қаңтар таңда Ақтөбедегі митинг болған алаңға жақын тұрғын үйдің ауласында атылған. Сол күні билік демонстранттарды күштеп таратқан еді. Кейін оны “террорист” деп атап, сүйегін жақындарына бір ай бойы бермеді.

"Русланбек Жұбаназаров - террорист" деген құжат берілді. Бірақ оның ақталғаны және оны атқандардың жазаланғаны туралы ештеңе жоқ. Бізге керегі де сол! Ағамның ақталғанын қалаймыз. Осы мәселені шешу үшін тоғыз ай бойы түрлі есіктерді қақтым. Бірақ мардымды жауап ала алмадым. Құнын төледік, енді бұлар үндемейді деп ойлағандар қателеседі. Оны атып, террорист деп жала жапқандар, сүйегін бір ай бойы мәйітханада ұстағандар – бәрі заң алдында жауап беруі тиіс! – деді марқұмның қарындасы.

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры митинг кезінде ауыр жарақат алып, соның кесірінен айыға алмай, екі айдан соң қайтыс болған ақтөбелік Файзулла Нұргелдиннің отбасына да 7 млн теңге аударды. Нұргелдиннің туыстары ол қаржыны депозитте сақтау туралы шешім қабылдапты. Оның әпкесі Айгүл Нұргелдина ақшаны балаға алып қойғанын түсіндірді.

"Інімнің 13-ке таяған қызы бар. Қаржыны сол баланың болашақта білім алуына немесе баспана алуына сақтаймыз", – деді ол.

46 жастағы Файзулла Нұргелдин тірі кезінде жеке жүк көлігімен зат тасып, інілерімен отбасылық шаруа қожалығын басқарған.

5 қаңтар күні демонстранттарға резеңке оқ атылып, көзден жас ағызатын газ шашылды. Наразылар алаңнан қуылған кезде Нұргелдин бас сүйек пен мидың ашық жарақатын алған.

"Қазақстан халқына" қоғамдық қорының мәлімдеуінше, осы кезге дейін Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 228 адамға жалпы 1 млрд 120 млн теңге бөлінді.

"Қаза тапқан 19 әскери қызметшінің, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасына 133 млн теңге (7 млн теңгеден), 111 әскери қызметшіге, ішкі істер органдарының қызметкеріне 333 млн теңге (3 млн теңгеден), Қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған 90 азаматтың (екеуі бала) отбасына 630 млн теңге (7 млн теңгеден), Қаңтар оқиғасының кезінде жараланған 6 баланың отбасына 18 млн теңге (3 млн теңгеден), оқ жарақатын алған кәмелетке толмаған екі азаматқа 6 млн теңге (3 млн теңгеден) қайырымдылық көмек көрсетілді", – деп мәлімдеді "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры.

Қордың мәліметінше, кімдерге бөлінетіні және қаржы сомасын бас прокуратурадан келіп түскен ақпаратқа сай қамқоршылық кеңес анықтайды.

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылды. Тоқаевтың айтуынша, қайғылы оқиғаға бай мен кедей арасындағы "үлкен алшақтық" себепші.

Қор қаза болған әскери қызметкерлерінің отбасыларына және ауыр жараланған күштік құрылым өкілдеріне, кездейсоқ көз жұмғандардың жақындарына өтемақы берілетінін жариялаған. 

Талқылау