"Құласа, құлай берсін": Қарағанды облысында 20-ға жуық отбасы апатты жағдайдағы үйден көшпей отыр
Фото: Сюжет кадрларынан
Қарағанды облысының Саран қаласында жиырма шақты отбасы апатты деп танылған үйлерінен шығуға қарсылық танытты. Айтуларынша, әкімдік бұрыннан құлайын деп тұрған ғимаратқа еш шара қолданбаған. Ал тұрғындар мектеп пен жатақханаға орналасуға қарсы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Уақытша баспана ретінде тұрғындарға мектептер немесе жатақханалардан бөлмелер ұсынылған.
"Дағдарыс орталығының не екенін түсінесіз бе? Мысалы, интернат-мектеп. Өзім сонда көп жыл жұмыс істедім. Қазір ол жерде балалар тұрады. Интернат толық. Қалай тамақ пісіреміз, қалай жуынамыз?" – деді Саран қаласының тұрғыны Кристина Смагина.
Адамдар мұнда 20 жылдан бері тұрып келеді. Қазір үйде тек төрт кіреберіс қана пайдаланылады. Пешпен жылынады, тұрғындар көмірді қабаттарға өздері тасиды. Бір кіреберісте бірнеше жыл бұрын плиталар құлап, тұрғындарды көшіру керек болған. Қалғандарына былтыр үйді қалпына келтіреміз деп уәде берген.
"Бізді тыныш қалдырып, үй дайын болғанша ешкім мазаламауын талап етеміз. Бізге пәтер беретінін айтқан. “Үй құлап кетпей ме деп қорықпайсыз ба” дейді. Құласа, құлай берсін!" – деді Саран қаласының тұрғыны Галина Фадеева.
Бұл жерде тұрғындар сумен жабдықтауды, кәрізді, жарықты өз күштерімен қалпына келтірген. Олардың айтуынша, мәселе 5 жылдан бері шешілмей келеді. Тіпті жертөле суға толып тұрғанда да ешкім назар аудармаған. Ал тұрғындар жылу тартқалы жатқанда, әкімдік сараптама жасап, үй апатты жағдайда екенін анықтады.
Қала әкімі үйде тірек конструкциялары бұзылғанын, кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін екенін айтты. Тұрғындарға алдымен үйдің апатты екенін растайтын қаулы алып, тұрғын үй кезегіне тұру керек.
"Барлық тұрғын үшін баспана қарастырылған. Тек процедурадан өту керек. Біз кезекте тұрған басқа азаматтардың құқығын бұза отырып, бірден пәтер бере алмаймыз. Кім тезірек келіп, құжаттарын тапсырса, бәрі заң шеңберінде 2 ай ішінде шешіледі", – деді Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр.
Егер тұрғындар көшуге көнбесе сот арқылы шығарылады. Сондықтан құжаттарды рәсімдеу тұрғындардың өз мүддесіне сай. Жаңа баспана барлық пәтер иелеріне емес, тек тұрақты тұрып келген және бұл жалғыз баспанасы болған адамдарға ғана беріледі.

Радикализмнен қорғанудың жолы – иммунитет қалыптастыру: Теріс ағымнан сақтануда діни білімнің маңызы қандай
