Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құлап кетсе, кім жауап береді? Алматы облысындағы мектептердің қабырғалары жарылып, едендері шіріп жатыр

Алматы облысында апатты мектептер мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, бір ғана Панфилов ауданында 3 білім ордасы құлайын деп тұр. Атап айтқанда Шежін, Басқұншы және Аққұдық ауылдарындағы оқу ғимараттары әбден ескіріп, тозығы жеткен. Қабырғалары жарылып, еден ағаштары шіріп кеткен. Бір жаны қисайып тұрғандықтан, қарсы бетіне тіреу қойып, уақытша ұстата салыпты. Ол жерде оқымақ түгілі ішіне кірудің өзі қорқынышты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

мектеп

Шежін ауылы жаңа білім ордасына жарымай отыр. Жауаптылар аппатты мектеп мәселесін жапсарлас нысан салып, шешпекші. Алайда, бұған ауыл тұрғындарның көңілі толмайды. Өйткені, іргесі 1936 жылы қаланған білім ордасына 1983 және 2005 жылдары да осындай іргелес ғимарат салынған.

"Бос тұр. Мына жер ажырап кеткен. Қаңылтырмен құр жауып қойғанбыз ғой. Әй, егер бір жағдай болатын болса, бұған сенуге болмайды", - деді Шежін ауылының тұрғыны Жексенбай Жүнісов.

85 бала білім алатын бұл мектептің қос ғимаратты қазір қауіпті жағдайда тұр. Жапсарлас салынған нысандардың арасы ажырап, қабырғалары жарыла бастаған. Ішке қарай опырылып кетпес үшін сыртынан тіреу бағанамен ұстатып қойған екен. Оның өзіне еш кепілдік жоқ.

"Апатты деген ғимаратта бізде 1936 жылы салынған ғимарат. 2014 жылы "Алматы құрылыс экспертизасының" құжаттары бар. Ол жерде мектептің кітапханасы, медициналық пункт бар және орынбасарларға арналған кабинет орналастырылған. Бірақ, оқушылар ол жерде оқымайды", - деді Шежін орта мектебінің директоры Қайсар Құдайбергенов.

Ескі ғимаратта оқушылар оқымайды дегенмен, мұнда олар кітапханаға келеді. Медициналық тексеруден өтеді. Ең бастысы - нысан әлі де қолданыста. Сондықтан, қауіп басым.

"4 немерем оқиды. Екеуі бітіріп кетті. Енді, солар үшін алаңдаймыз. Ана мектеп бір күні құлап кетсе, кім жауап береді? Акт залы керек, мысалы, балаларға. Қыстың күні спорт зал жоқ. Балалар ойнамайды. Енді, балаларға ыстық тамақ береміз деп әзір үкімет қолдап жатыр. Ал, ыстық тамақ беретін орын жоқ бізде", - деді Шежін ауылының тұрғыны Жұмағазы Нұрғазыұлы.

Аққұдық ауылындағы мектепке негізделген ескі ғимараттың да жағдайы мүшкіл. 120 бала оқитын білім ордасы қауіпті жағдайда тұр. Төбесі опырылып, қабырғалары жарылған нысан 2011 жылы апатты деп танылған. Тек арада 9 жыл өткеннен кейін ғана мәселе шешімін тапты. Бірер күнде жаңа мектептің құрылысы басталмақ.

Өткен оқу жылында СЭС мамандары нысанды жарамсыз деп жауып тастаған екен, алайда, мектеп директоры бар жауапкершілікті өзіне алып, қайта аштырыпты.

"Директор барып, жарамдылық бойынша хат беріп, өз жауапкершілігіне алып, 31 мамырға дейін деп рұқсат алған, соттан. Соған жеткізді. Келесі жылға қорқамыз енді. Қорықсақ та, мектеп басталса, шыдайық. Шыдаймыз енді", - деді Ш. Байбатшаев атындағы орта мектеп директорыны орынбасары Алмабек Оспанов.

Жаңа мектеп 2 кезеңмен бой көтермек. Яғни, келесі жылы бірақ қолданысқа беріледі. Ал, бұл мәселе ата-аналардың үрейін тудырып отыр.

"Қыркүйек айында қайтадан балаларымыздың мектепке қайта кіруіне біз қорқамыз. Өйткені, үрейленеміз. Тіреумен тұрған нәрсе. Балаларымызды басып қала ма, Алла өзі сақтасын. Денсаулықтарына да сондай қауіпті", - деді Аққұдық ауылының тұрғыны Шолпан Нұрақынқызы.

Апатты мектептер кезек күттірмейтін мәселе болғанымен, оны бірден шешуге қаражат жағы қолбайлау болып тұр, дейді жауаптылар.

"Бізде мысалы ондай апатты жағдайда Басқұншыда да бар. Оған да қазір ақша сұрап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін. Ол мәселелер бар. Шетінен-шетінен ретімен өзі келеді. Бірақ, оның есебі жобалық-сметалық құжаттама жасалғаннан кейін ғана белгілі болады", - деді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.

 

Талқылау