"Құлағынан тарт": Ұлына қарсыласын ұруға көмектескен Қарағанды тұрғыны айыппұлмен шектелді
Қарағандыда ұлына басқа біреудің баласын ұрып-соғуға көмектескен ер адамға сот үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі.
Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұған дейін ұлының қарсыласымен төбелесуіне көмек көрсеткені түсірілген видео арқылы әлеуметтік желілерде танымал болған Пришахтинск тұрғынына қатысты материалдарды қарады. Ер адам балаларды ажыратудың орнына, қалай және қайда ұру керектігін айтып тұрған. Сонымен қатар, ол күресіп жатқан ұлдарға жақындап, баласына қарсыласын ұруға көмектеседі.
Желіде ролик пайда болғаннан кейін ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің "денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына әкеп соққан денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Сот оны осы құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тапты.
"Сот оның кінәсін мойындағанын, мінездемесін, жеке басының және асырауындағы үш баланың болуын ескере отырып, 15 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындады", - деді Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының үйлестіруші судьясы Қайыржан Алашұлы.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде Қарағандыдағы балалардың төбелесі түсірілгеен видео тараған. Көршілері ойын алаңындағы алты жасар баланың жеті жасар баламен төбелесін телефонға түсіріп алған. Бұл ретте олардың біреуінің әкесі балаларды ажыратудың орнына, қалай және қайда ұру керектігін айтып тұрған.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
