Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құдайдан өліп қалсам екен деп тілейтінмін": Бала кезінде бір аяғынан айырылған қыз депрессия, одан шығудың жолы туралы

«Темір ару», «Аяғы темір қыз» аталып кеткен Қызылорда облысының тумасы Сая Ахметжанқызы өмірдің қиындықтарына төзіп келеді. 12 жасында пойыз астына түсіп, аяқсыз қалған. Міне, 20 жылдан бері темір аяқпен жүріп келеді. Айтуынша, өмірден баз кешіп, өзіне өлім тілепті. Алайда, сиқыр күш оны аман алып қалған. Басынан кешкендері туралы "ерекше қыз" Stan.kz тілшісіне ерекше сұхбат берді.

"Мені аямай, кәдімгі адам ретінде қабылдаса деймін"

–    Сая, өзіңді ерекше деп атауыңа не себеп?
–    «Ерекше Сая» деп айналамдағы құрбыларымның қойғаны. Әлемде қанша мыңдаған адам біртипті болса, оның арасында мен бәрібір ерекше болып тұрамын. Дәл мен сияқты адам жоқ. Негізінде ерекше деген атау аяғыма қарап ғана қойылмаған, әр адам өзінше «ерекше» деп ойлаймын.

–    Парақшаңда «Аяғыңа не болған?» деген сұрақты қоюшылар көп екен. Расымен аяғыңа не болған еді? Бұл қалай болды?
–    Менің соңғы 19 жылда ең көп естіген сұрағым бұл. Анам майда-шүйде заттар сатумен айналысатын. Көмектесіп жүріп байқаусызда пойыздың астына түстім. 12 жасымда болды. Өте нашар жағдайда едім. Дәрігерлердің алдында аяқты кесіп қызды аман алып қаламыз не болмаса аяқты кеспейміз, бірақ қыздан айырыламыз деген екі жол тұрды. Сөйтіп шешім қабылдап, бір аяғым кесілді. Бірақ орнымнан тез тұрып кете алмадым. Сенсеңіз, тамақ жеуді де ұмытып қалғанмын. Таңғы сағат 5-6 шамасында ояна сала, анамнан тамақ сұрағаным есімде. Бір аптадай уақыт өткен соң отыруды үйрене бастадым. Бірақ әлсіз, сүйектерім қақсап, ұзақ отыра да алмайтынмын.

Шынын айтқанда өлгім келетін. Бірақ өзімді өлімге қимайтынмын. Түнделетіп күндізгі аянышты көзқарастар, әңгіме-сөздер, қорыққан балалар, жұқпалы ауру сияқты қашқан адамдар еске түскенде, сұрайтыным, тілейтінім құдайдан өліп қалсам екен деп. Бірақ Жаратушым пойыздың астында қалсам да, бірнеше рет ота жасатсам да, қан көлемі ең төменгі деңгейге жетсе де, дәрігерлер өледі деп күтсе де, туысқандар адам болмайды деп санаса да, менің өмір сүруімді қалады. Мені сол кезде пойыз қаққаны үшін, анам себепші болды деп, бәрі анамды кінәлаған еді. 

–    Парақшаңдағы оқырмандар өзіңнен мотивация алып «Қайсар қызсың» деп жазады. Бір басыңа берілген қиындықты тағдыр сынағы деп қабылдадың ба, әлде біреудің қателігі деп пе?  
–    Кешегі күнге дейін менде реніш болды. Бұл әке-шешемнің қателігі деп ойлаймын. Өйткені мен не үшін сол кезде түнделетіп пойыз жағалап жүрдім? Әкем табыс таппаған соң, бала болсам да табыс табуыма тура келді. Егер де ақша табу үшін вокзалда жүрмегенімде, мүмкін мұндай жағдай болмас еді деген ойлар болды. Бұл бірақ сол кездегі ойларым. Ал кейіннен қарасам, мұндай жағдай болуы керек болса, онда ешқайда шықпай да аяғымнан айырылар едім. Себебі үйде ойнап жүріп-ақ, аяғынан айырылған адамдарды көрдім. Сондықтан болатын нәрсе, әйтеуір бір күні болатын еді ғой деген шешімге келдім. Басында ата-анамды кінәлап, депрессияға түстім. Көп ауырдым. Бірақ қазір ол күндер артта қалды. Еш өкінбеймін. Өмірімді өкінішпен өткізгім келмейді.

«Қиындықты жақсы көретін пендеме беремін» деп айтады екен Құдай. Осы қиындықтарды көру керек болған шығармын. Айналамдағы қыздар басындағы жағдайларын айтып хабарласып жатады. Өз басымнан өткен соң барынша көмектесемін. Сондайда «Адамдар менен мотивация алып жатыр. Онда бұл қиындық менде бекер болмаған шығар» деген ой келеді. 

–    Бір аяғыңның темір болғанына қарап «терминатор» деп мазақтаушылар әлі де көп пе? 
–    Инстаграм парақшамды жүргізуге алыстан араласатын қыздар себеп болды. Олар аяғымның темір болғаны кемшілік емес, менің артықшылығым екенін түсіндірді. Ал бұрыннан бері жанымда келе жатқан құрбыларым темір аяғымды баршаға көрсетуімді құп көрмеді. Өйткені оның алдында барынша аяғымды ешкімге көрсетпей тығып жүретінмін. Олар да мені солай қабылдаған. Ал аяғымды мазақтап, күлетіндер жоқ. Бірақ адамдар аянышпен қарайды. Бұл маған ұнамайды. Мені аяғандарын емес, кәдімгі адам ретінде қабылдаса деймін.

–    Мемлекеттен қандай көмектер көрсетіледі?
–    Үш жылда бір рет жаңа протез береді. Жылына бір рет жөндеу жұмысынан өтіп тұрамыз. Балдақ тегін беріледі. Бірақ бір проблема бар. Бізге жаңа технология деп 1980 жылдың протездерін береді. Қазір технология дамып кетті ғой. Бірақ біз әлі 1980 жылдың технологиясының протездерін тағып жүрміз. Қашан жаңа технологияның протездерін береді, ол белгісіз. Ешкім үндемейді, айтайын десе «осы протезден айырылып қаламыз» деп қорқады. 

–    Протез қымбат тұра ма соншалықты?
–    Менің киіп жүрген протезім – 5-6 жарым миллион теңге. Белсенді өмір салтын ұстанып жүргенім үшін осындай қымбат протез беріледі. Қазақстанның басқа облыстарында мұндай жоқ, тек Қызылорда облысы ғана бойынша беріледі. Ал аяқсыз жүрген қаншама адам бар. Жаңағы мемлекеттен берілетін протездер 800 мың теңгенің көлемінде. Республикалық ортопедиялық орталықтың қызметтері де өте нашар. Екі жылдан бері протезіме жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрмін. Бірақ протезімді жөндеу үшін бір емес, екі-үш рет бардым. Протез сапасыз болса, аяқты қажап, қанатады. Сөйтіп ақырында өзім жасап алдым. Сондықтан протезге байланысты Қазақстанда проблема өте көп. 

–  Депрессияда жүргендерге пайдалы болар. Одан шығудың жолымен бөлісші. Жалпы адамның өмірдегі миссиясы не деп ойласың? 
–    Өз басымнан өтті, депрессияда жүрген адам аурушаң болады. Депрессияны жеңу үшін – бірінші оның себебін білу керек. Кейбіреулер себебін білгенімен, ары қарай оны жеңудің жолын білмейді. Сол үшін өзіңіз өкпелеп, ренжіп жүрген адамдарды қағаз бетіне жазыңыз. Айтқыңыз келген нәрсенің барлығын түсіріңіз. Жылағыңыз келсе, жылаңыз. Ол адамды кешірдім деген сөз аузыңыздан шықпайынша сіздегі өкпе-реніш кетпейді. Сөйтіп қағазды өртеп жіберіңіз. Мен депрессияда жүргенде қағазға 3 қана сөз жаза алғанмын. Өртейін десем, қара түтінге айналып жанбай қойған. Содан кейін өзіңізді дамытуды қолға алыңыз. Өмірлік миссиям депрессияда жүргендерге көмектесу. Мен әке-шешеме өкпелі едім. Қазір ол кісілерді кешірдім. Ендігіде қарым-қатынасымызды нығайтқым келеді. Мақсатым осы. 

–    Басыңа түскен барлық қиындықтардан кейін не түйдің?
–    Ешнәрсеге өкінбеу керек. Өкініш ештеңені шешпейді. Сондықтан не нәрсеге болсын өкінбеңіздер! Әр қиындық адамға бекер берілмейді...


Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН


 

Талқылау