Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күзеттің бақылауында емделіп, қамауға алынады: Полиция Алматыдағы ауыр жол апатына қатысты жауап берді

 Полиция Алматыдағы ауыр жол апатына қатысты жауап бердіФото: Алматы ПД

Алматы полициясы 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апатына және аман қалған жүргізушіге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Казинформ” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысы бар Zeekr көлігінің жүргізушісі қазір медициналық мекемеде күзет бақылауында ем қабылдап жатыр. Полицияның мәліметінше, оның жағдайы тұрақталғанда, ол уақытша ұстау изоляторына жеткізіледі.

Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша ең қатаң жаза  – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Ресми емес мәліметтерге сенсек, Zeekr көлігінің жүргізушісі басқа көлікпен жарысқан.

“Оқиғаға қатысқан және оның қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Әрқайсысына әкімшілік іс қозғалды, материалдар сотқа жіберілді, көліктер айып тұрағына қойылды. Ешкім жауапкершіліктен қаша алмайды”, – деді Алматы ПД бастығының орынбасары Рустам Шарибаев.

Барлық бейнебақылау камераларының жазбалары, соның ішінде жеке камералардағы жазбалар да алынып, іс материалдарына тіркелген. Қазір олар егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр.

“Жүргізушінің ішімдік ішкен-ішпегенін анықтау үшін медициналық тексеру тағайындалды. Нәтижелері қосымша хабарланады. Сондай-ақ жүргізуші бірнеше жол ережелерін бұзғандықтан оған әкімшілік іс қозғалды. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды”, – деді полиция.

Ведомстводағылар тергеу ерекше бақылауда екенін және толық көлемде жүргізіліп жатқанын айтты. Олар азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырды.

Еске салайық, Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жол апаты кезінде қаза тапқан жүргізушінің де жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 24 Наурыз, 2026 17:37