Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күзетші маңына да жолатпайды": Аязда сот ғимаратын салған құрылысшылар жалақыларын ала алмай жүр

Талдықорғанда облыстық сот ғимаратын салып жатқан құрылысшылар екі айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Айтуларынша, қыстың қара суығында да құрылыс жүргізген оларға атқарған жұмыстарының ақысы төленбеген. Ал ақшаларын даулап құрылыс басына барған жұмысшыларды күзетшілер маңына да жолатпаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

құрылыс

Күні кеше ғана осы құрылыс басында тер төгіп жұмыс істеп, бүгін маңына да жақындай алмай жүрген азаматтар еңбекақыларын беруді талап етеді. Сөздерінше, құрылыс компаниясы 80-ге жуық жұмысшыға қарыз. 

"Әр бригаданы есептегенде 5,3 миллионнан. Жалпы есептегенде 20-25 миллиондай. Бірнеше бригада, 70-80 адам істеп жатыр", – деді жұмысшы Болат Сапарғалиев.

"Менде үш ай өтті, үш айда бір теңге алған жоқпын. Мен енді микрокредиттен микрокредитке кіріп кеттім. Жас отбасы болған соң қиын ғой. Кішкентай балаң бар. Мысалы, менің мына жақтан алатын ақшам шамамен 200 мың теңге, ал менің микрокредитім 400 мыңнан асып кеткен", - деп қосты жұмысшы Қанат Қажығалиев.

Ал бұл мекемені салу тапсырысын "Базис контракшн" компаниясы алыпты. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер "Позитив Атырау" серіктестігі екен. Өзін осы құрылыс алаңының басшысымын деп таныстырған "Позитив Атырау" серіктестігінің өкілі екі ай бойы құрылыс басында болмағанын және жағдайды анықтайтынын айтты. Ал атқарылған жұмысқа қаражат төленеді деп сендірді. 

"Құрылыс басында 2 ай болмадым. Атқарылған жұмыстарды анықтаймын. Егер жұмыс расымен істелген болса, міндетті түрде ақысы төленеді. Алдағы 10 күнде барлық жұмыстарды тексеріп, ақысын басшылыққа төлеткіземін", – деді "Позитив Атырау" ЖШС өкілі Марат Какимов.

Ал далада қалған жұмысшылар егер мердігер компания өкілдері ақшамызды төлемесе, сотқа жүгінеміз дейді.

Талқылау