Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министрлік Қазақстанда күзде жанармай тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті

Жүргізуші көлікке бензин құйып тұрФото: freepik.com

Қазақстанда жанармай бағасының өсуі жалғасуда, үкімет бұл шегі емес екенін, баға күзде одан әрі өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап хабарлайды.

Телеарнаның хабарлауынша, бензин мен дизель отынының ең тиімді бағасы еліміздің батысы мен оңтүстігінде – Атырауда 92-ні литріне 204 теңгеден, Шымкент пен Ақтөбеде литріне 207-210 теңгеден құюға болады. Елордалық жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің литрі 222 теңгеге дейін көтеріліп үлгерді. Мемлекеттік реттеу алып тасталғалы бері жанармай 17 теңгеге қымбаттады.

Сонымен қатар дизель отынының бағасы Алматы, Шымкент және Астанада жоғары болып тұр – литріне 315-319 теңге.

Бұл ретте Ұлттық статистика бюросы бензин бағасының көтерілуі ең қажет тауарлардың құнына қалай әсер еткенін айта алмай отыр. Мемлекеттік мекеме мұндай есептеулер жүргізілмейтінін хабарлады. Дегенмен сюжетте такси қызметі мен азық-түлік бағасының өсуі қазірдің өзінде қазақстандықтардың қалтасына ауыр тиіп жатқаны айтылған.

Бюро мәліметінше, осы жылдың 7 айында елдегі орташа инфляция 7,7 пайыз болды.

"Ақылы қызмет көрсету бағасы 9,2 пайыз, оның ішінде такси бағасы 11,1 пайыз, азық-түлік тауарларының бағасы 8,4 пайыз, картоп бағасы 39,7 пайыз, жаңа піскен жемістер бағасы 22,1 пайыз, ет бағасы 11,9 пайыз өсті. Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 5,3 пайыз өсті. Баллондағы сұйытылған газ – 14,5 пайыз, дизельдік отын – 5,9 пайыз, бензин – 4,9 пайыз", – деді бюроның бас сарапшысы Сырым Құсайын

Мұнай саласының сарапшылары арзан энергия тасымалдаушы дәуірі аяқталды, енді баға тек өседі деп есептейді. Мамандардың айтуынша, отандық тауар өндірушілер өз өнімінің құнын өтемей, шығынмен жұмыс істеп жатыр.

"Бұл әлі бағаны көтеру емес, бұл – жай ғана теңестіру. 92 маркалы бензиннің нақты нарықтағы  шығынсыз құны 60 центке тең, бұл – 320-350 теңге. Біз бұған бірте-бірте жетеміз. Үкімет, министрлік таңдаған үлгі бағаны біртіндеп әлсіретіп жатқаны анық", – дейді сарапшы Олжас Байділдинов.

Энергетика министрлігі алаңдатарлық болжамын айтты: ел күзде жанармай тапшылығына ұшырауы мүмкін. Оған себеп – ресей рублінің қымбаттауы және соның салдарынан қазақстандық бензиннің Ресей Федерациясына көлеңкелі экспортының өсуі. Бұл ретте үкімет жанармай бағасын тұрақтандыру шаралары қазірдің өзінде қабылданып жатқанын айтып сендіріп отыр.

"Бензин мен дизель отынына келсек, жағдайды өздеріңіз жақсы біліп отырсыздар, жанар-жағар майдың бұл түрлері көршілерімізге қарағанда мұнда әлдеқайда арзан және оның контрабандалық жолмен де, заңды жолмен де тікелей кетуі байқалады, транзиттік көлік арзан жанармай құйып, еліміз арқылы өтіп, бәрімізге тапшылық туғызады, сондықтан оның сыртқа кетуіне жол бермеу үшін бағаны біртіндеп теңестіреміз", – деп түсіндірді премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Телеарна тілшілері көрші елдердегі бензин бағасын салыстырып көрген. Мәселен, Ресейде АИ-92 маркалы бензиннің литрі орта есеппен 400 теңгедей, Қырғызстанда 460 теңге, Өзбекстанда 485 теңге тұрады.

Қазақстан Шымкент мұнай өңдеу зауытының кеңеюіне иек арта отырып, жанар-жағармай өндірісін арттыруды жоспарлап отырғаны айтылған. Мұнай өңдеу көлемін 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін мұнай өңдеу зауытының екінші кезегін салу жоспарланған.

ЕАЭО елдерімен шекарадағы өткізу бекеттерінде де мұнай өнімдерін экспорттау әрекеттері тоқтатылып жатқанын мәлімдеді. Бұл шаралар бензин мен дизель отынының жалпы қорының артуына әкелді. Осылайша, энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір ішкі нарықта мұнай өнімдерінің тұрақты жағдай байқалып отыр.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 05 Тамыз, 2025 08:53
Талқылау
`