"Күйеуі тастап, қалаусыз жүкті болған әйелдерді көндірген": Индонезияда сәби сатумен айналысып келген халықаралық топ әшкереленді
Фото: pixabay.com
Индонезия полициясы 2023 жылдан бері кемінде 25 сәбиді Сингапурға сатып жіберген халықаралық балалар саудасы синдикатын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл шілдеде Понтианак пен Тангеранг қалаларында осы іске байланысты 13 адам ұсталды. Балаларға жалған құжаттар жасалып, Сингапурға жіберу жоспарланған. Олардың ішінде бір жасар 6 сәби болған.
"Бұл балаларды Понтианак қаласында ұстап алып, оларға иммиграциялық құжаттар рәсімделіп жатқан", – деді Батыс Ява полициясының өкілі Сураван.
Полицияның мәліметінше, синдикат қиын жағдайдағы аналармен байланыс орнатып, кейбір сәбилерді құрсақтағы кезінде-ақ "брондап" қойған. Анасына босануға кеткен шығын өтеліп, белгілі бір сома берілген соң, сәбиді алып кетіп отырған.
"Кейбір аналар тіпті балаларын өз еркімен берген, бірақ делдал уәде еткен ақшасын бермей қойған соң ғана шағымданған", – дейді Сураван.
Сәбилердің әрқайсысы 11-16 миллион рупийге (670–980 АҚШ доллары) сатылған. Жасөспірімдерді іздестіріп, асырап алушыларды табу мақсатында Интерпол мен Сингапур полициясына сұрау жіберілді.
-
Ауғанстанда хиджабты дұрыс кимегені үшін әйелдерді жаппай қамап жатыр
-
Үш адамның ДНҚ-сы арқылы туған балалар тұқым қуалайтын аурусыз дүниеге келеді – Ғалымдар
"Синдикаттар көбіне әлеуметтік мекеме немесе босануға көмектесетін клиника ретінде жасырынады. Олар әйелдердің сеніміне кіріп, кейін баласын сатуға көндіреді", – деді Балаларды қорғау жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Ай Рахмаянт.
Оның айтуынша, әйелдердің көбі күйеуі тастап кеткен, қалаусыз жүктілікке тап болған немесе зорлық көргендер. Индонезияда түсік тастауға заңмен тыйым салынған (тек зорлық пен медициналық шұғыл жағдайларды қоспағанда).
Комиссия дерегінше, 2020 жылы 11, ал 2023 жылы 59 баланы сатуға қатысты іс тіркелген. Баға әр аймаққа байланысты өзгеріп отырады: Явада – 670–920 доллар, Балида – 1230–1600 долларға дейін қойылған.

Жапониядағы қазақ дәстүрі: Сырға салудың видеосы желідегілерді таңқалдырды
