Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеу баламды жамандамаңыздар": Павлодар облысында қызын өртеп жіберген азаматқа марқұмның анасы араша түсті

Павлодар облысында осы жылдың тамыз айында күйеуі спирт шашып, әйелін өртеп жіберген болатын. Сотта көз жұмған келіншектің анасы бұрынғы күйеу баласына араша түсіп, жеңіл жаза тағайындалуын сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Pavon.kz порталына сілтеме жасап. 

Айта кетсек, жантүршігерлік оқиға 8 тамыз күні Павлодар облысының Розовка ауылында болған. Екеуара жанжал кезінде ер адам спиртті алып, әйелінің үстіне құйып, өртеп жіберген.

Тергеу мұндай агрессияға әйелдің отырыстан кейін мас күйеуіне көлік жүргізуге тыйым салуы себеп болғанын анықтады. Жәбірленуші он күннен кейін ауруханада көз жұмды.    

Алайда марқұмның анасы күйеу баласын қорғауды ұйғарған. Жәбірленушінің анасы қызының көз жұмғанын, отбасында кәмелетке толмаған үш қыз бар екенін ескеріп, соттан ең жеңіл жаза кесуді сұрады.  

Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі адамдардан жаман сөз жазбауды сұрады.  

"Күйеу баламды жамандауды тоқтатуды сұраймын. Біз оның ең жеңіл жазаға кесіліп, тезірек шыққанын қалаймыз, өйткені оның үш қызы бар, олар кішкентай, бізге оның көмегі керек. Ол жақсы адам", - деп мәлімдеді әйел.

Сотталушыға жаза кесілді. Павлодар облыстық сотында ер адам сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. 

Талқылау