Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күтіп баптауға 50 миллион теңге кетеді": Қостанай облысының әкімі өзінің 14 таңдаулы жекежайда тұруы жайлы сөз қозғады

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің 14 таңдаулы жекежайда тұруы жайлы сөз қозғады. Оның үйі түсірілген видео әлеуметтік желілерде жаппай таралған еді. Бейнежазбада әкімнің 20 гектарлық жері бар жекежайын күтіп баптауға мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 50 миллион теңге бөлінетіндігі айтылады. Ал әкімнің айтуынша, ол осы үйлердің бірінде ғана тұратын көрінеді, ал үй шығынын өзі төлейді екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, бұл үйлерде партия жетекшілері тұрып келген, артынша бұл жекежайлар Қостанай облысының бұрынғы әкімдеріне тиесілі болыпты. Бұған қоса шенеунік жекежайға баратын жолды әкім ыңғайлығы үшін емес, жергілікті Амангелді ауылының тұрғындары үшін жөндеуден өткізгенін қосты. Мұхамбетов видеода айтылған 50 миллион теңге шынымен жекежайды күтіп баптауға кететіндігін растады, дегенмен ол бұл қаржы қайдан бөлінетіндігін ашып айтпады. 

Облыс әкімінің жалақысы да айтылды. Мұхамбетов айына 762 мың теңге алатын көрінеді. Бұл ақшаның көп бөлігі күнделікті тамаққа, киім-кешек пен коммуналдық төлемдерге кетеді. 

"Тек облыс әкімдері ғана емес, бұрынғы партия басшылығының өкілдері де бұл үйлерде тұрып келді. Жалпы жылыжайдың аумағы 200 шаршы метрді құрайды. Иә, мен осы жерде тұрамын. Кешенді күтіп баптауға 50 миллион теңге кетеді. Ал өзімінің үйіме төлейтін ақының түбіртектері менің қолымда бар, мен оны көрсеткен де болатынмын", - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Талқылау