Құрты мен майын сатып отбасын асырайтын ананың бір күні (фото)
Қазақтар жасаған құртқа өзге елдердің қызығушылық танытып, көп мөлшерде тапсырыс беретінін де жиі естіп жатамыз. Ал осы табиғи таза құртты алу үшін қанша еңбек кететінін білесіз бе? Stan.kz сайтының ОҚО-дағы тілшісі он жылдан астам уақытын сүт өнімдерінен жасалған тағамдарды әзірлеуге жұмсаған Жұмабекова Арапат ананың бір күнін бақылап көрген еді.
Әрине себеттегі дайын құртты көргенде көпшіліктің тәбеті ашылып, дәмін елестете бастайтыны анық. Елуге жуық мына құртты жасау үшін Арапат ананың бір күні кеткен. Себебі сүтті құртқа айналдыру үшін бірқатар ережелер мен тәртіпті оның ішінде уақытты сақтау керек.
Әрине алдымен сиырды сауып алу керек. Құрт жасауды үйретуге келіскен Арапат ана жұмысын істей отырып күнделікті ісі жайлы айта отырды.
“Күнде әдеттегідей сиырды сауып аламын. Біздің сиырлар арнайы кәсіпкерлікке арналған асыл тұқымды болмағандықтан сүтті де айтарлықтай көп мөлшерде ала алмаймыз. Шамамен күніне 8 литр сүт береді”,-деп бастады әңгімесін Арапат ана.
Әлі пісірілмеген сиыр сүтінің майлылығын түріне қарап ажыратуға да болады. Мысалы кей кісілер осы шикі сүттен қаймақ алады. Бірақ біздің кейіпкеріміз олай жасамайды. Себебі сүттен қаймақты алып қоятын болса сары майдың салмағы азайып қалады екен. Ал Арапат ана әр жексенбі базарға тек май мен құрт шығарады.
Осыдан кейін сүтті пісіру керек.
Піскен сүттің суығанын күтеміз. Әрине қатты мұздап кеткені де дұрыс емес. Сүтті жылы күйінде ұйытқы яғни айран қосып ұйытып қояды.
Ұйытқы салынған сүт жылы күйінде ең азы бес сағат тұруы керек. Сол үшін де оны орап қою керек.
Ал сүтіміз айранға айналғаннан кейін одан майды бөліп алу процесі жүзеге асырылады.
Кей кісілер түрлі құрылғылар шыққанына қарамастан “күбінің майы дәмдірек болады” деп ескі әдісті пайдаланады.
Бұл уақытта май айраннан бөлінді.
Күбіде қалған майсыз айранды тағыбір мәрте қайнатып алу керек. Осы кезде айранның қоюы мен сарысуы екіге бөлінеді.
Айран мынадай болып өзгереді. Сондай-ақ оның қоюын бөлек алу керек болады.
Қайнаған айранды матадан тігілген қапқа құйып, суын сырғып алу керек болады.
Айран осылайша мата қапта тағы 5-6 сағат тұруы керек.
Енді айран сүзбеге айналды.
Осы кезде сүзбеге тұз қосылып, құрттың формасын жасауға кірісуге болады.
Қалада көпшілік осындай таза табиғи құрттың өзін кейде таппай қалатыны рас. Арапат ана түрлі қоспалардың қалай пайдаланылатынын тіпті білмейміз дейді.
“Кейде базардағы адамдар “ұн қосылмаған ба” деп сұрап жатады. Ұн қосуға болатынын солардан естідік. Өзіміз құртты сатып алып жемеген соң қоспасы барлардың дәмін де білмейді екенбіз. Кейде өзіміз қыста емдік үшін бқрыш қосатынымыз бар”,-дейді.
Арнайы себеттерге салынған құрт кепсе болғаны, базарға шығарылады.
“Осылайша аптасына 5кг май мен 6кг құрт дайындап сатылымға шығарамын. Әрине біз сияқты өздері жасайтын кісілерден базардағы алыпсатарлар бәрін бірден арзандау бағада алып қалады. Онысы өзімізге де тиімді. Апта бойына үй шаруасымен қатар құрт пен майды дайындап отбасыма азық-түлік алатын қаржыны шығарамын. Мысалы құрттың келісін 1000 теңгеден, май 800 теңгеден. Сонда аптасына 10 000 теңге табысым бар”,-дейді Арапат ана.
Күміс алқа иесі Арапат ана бүгінде 6 бала тәрбиелеп отыр. Сүт өнімдерін өңдеуді келін болып түскен күннен бастап қолға алған. Әрине алғашында кәсіп етемін деп ойламаған. Ауылдастары мен таныстары құрт пен майын сатуын сұраған кезде, басында ақысын алуға ұялып, тегін таратыпты. Қазірдің өзінде алыпсатарлармен саудаласып тұрмайтын көрінеді.
Ал сіз қалада осындай табиғи құртты қанша теңгеден сатып аласыз?