"Курстар емес, жеке дәрістер де бар": Қазақстан халқына қоры курстарды қазақ тіліне аударуға бөлінген 2,5 миллиард теңгеге қатысты түсінік берді
Әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстан халқына қорының Coursera платформасындағы курстарды қазақ тіліне аударуға 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлгенін сынға алды. Желі қолданушыларының мәліметінше, аударуға ұсынылған курстар қатарында қажетсіз дәрістер де бар. Кейін қор өкілдері желідегі сынға жауап берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алма Төлебаева есімді Facebook қолданушысының мәліметінше Coursera платформасындағы 654 курсты қазақ тіліне аудару жоспарланыпты. Алайда олардың ішінде толыққанды курстар ғана емес, жеке дәрістер де бар екен.
"Эдинбург университеті ұсынған №176 курс "Балапандардың саулығы мен жүріс-тұрысы" және Амстердам университетінің "БАҚ-тағы этика мен басқару" курстары 1 немесе академиялық сағаттан асады дегенге сене алмаймын. Ең өкініштісі, бұл тізімде біздің профессорлар сан жылдардан бері қазақ тілінде оқытып жүрген курстар мен дәрістер бар", – дейді ол.
Алма Төлебаеваның сөзінше, ұзын-сонар тізімде "Шарапты дегустациялау: Шарапты сараптауға арналған сенсорлық техникалар" деп аталатын курс бар екен. Ал 654 курсты қазақ тіліне аудару үшін қордан 3 миллиард теңге бөлінген.
Сурет: Алма Төлебаеваның Facebook-парақшасынан
Көп ұзамай Қазақстан халқына қорының өкілдері желідегі сынға жауап беріп, мұны "жөнсіз ақпарат" деп атады. Хабарламаға сәйкес аталмыш жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен қордың қарауына ұсынылған. Басты мақсат – қазақ тіліне аударылған курстарды Қазақстанның 25 жетекші өңірлік университеттерінің студенттеріне қолжетімді ету.
"Жобаға Қор 2,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөледі, оның ішінде 917 миллион теңгесі платформаға қолжетімділік алу үшін "Coursera" компаниясына және 1,5 миллиард теңге курстарды аударуға "BMG UpSkill" компаниясына жұмсалады. Аударма ісі курс материалдарын қазақ тіліне толық аударуды, оның ішінде бейне дәрістердің аудармасы мен дауысын, оқуға арналған барлық материалдардың берілуін, сондай-ақ білімді бағалауға арналған тапсырмалар мен материалдарды аударуды қамтиды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар қазақ тіліндегі курстар қолжетімді болу үшін "Coursera" білім беру платформасының 19 310 пайдаланушылық лицензиясы беріледі екен. Бұдан бөлек арадағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Цифрлық даму министрлігі мен Coursera компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған.
Қазақстан халқына қорының мәліметіне сәйкес бұл жобаны іске асыру үшін Coursera курстарға шектеусіз қол жеткізуге мүмкіндік беретін лицензия құнын 100 доллар шамасында бекіткен. Ал жеңілдіксіз мұндай лицензия құны 400 доллар екен.
"Coursera" каталогында әлемнің 170 жетекші университетінен 10 мыңға жуық курс, сондай-ақ 75 жетекші компания бар. Қазақ тіліне аудару үшін басым курстарды қазақстандық ЖОО оқытушыларының өздері таңдады. Министрлік жоғары оқу орындарының білім беру процесінде Coursera курстарын қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеген жұмыс тобын құрды", – деп қосты қор өкілдері.
Қазіргі таңда "BMG UpSkill" компаниясы 50 курсты аударыпты, жыл соңына дейін қалған 604 курсты қазақшалау жоспарланып отырған көрінеді. Аударма жұмысы аяқталған соң оқу-әдістемелік бірлестіктер курстар мазмұнына талдау жасайды.