Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде күрестен лицензиялық турнирге баратын балуандар белгілі болды

Күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Енді олар олимпиадаға жолдаманы сарапқа салатын турнирге қатысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

курес 2024

uww.org

Қырғызстанда өтетін лицензиялық турнирге ел біріншілігінде чемпион атанған балуандар барады. Грек-рим күресінен 60 келі салмақта Айдос Сұлтанғали қарсылас шақ келтірмей, Мейрамбек Айнағұлов, Ғалым Қабдунасыров сынды мықтылардың мысын басып, чемпион атанса, 67 келіде Мейіржан Шермаханбетке қарсылас шақ келмеді. Ол жартылай финалда әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаевтан айласын асырып, финалда жамбылдық балуан Дінмұхамед Қошқарды айқын басымдықпен ұтты.



77 келіде лицензиялық турнирдің жолдамасын Демеу Жадыраев жеңіп алды. Демеу алғашқы айналымдарда Мақсат Ережепов, Магомед Ибрагимов сияқты мықтыларды жолды қалдырып, финалда жастар арасындағы әлем чемпионы Тамерлан Шадукаевтан басым түсті. Ал 97 келіде сырдың саңлағы Олжас Сырлыбайға тең келетін балуан болмаса, аса ауыр салмақта Әлімхан Сыздықовтың мерейі үстем болды. Енді осы спортшылар сәуір айында Қырғызстанда өтетін лицензиялық турнирде бақ сынайды. 

Айта кетейік, Қазақстан құрамасында күрес түрлерінен олимпиаданың екі-ақ жолдамасы бар. Грек-рим күресінен 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов иелік етсе, еркін күрестен 86 келіде Азамат Дәулетбеков жолдаманы жеңіп алған еді.   

Талқылау