Күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында ерекше оқиға орын алды
Фото:ҰОК
1 желтоқсанда Алматы қаласында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Байрақты бәсекеде көпшілікті таңғалдырған ерекше жағдай орын алды: еркін күрестен ел намысын қорғап жүрген Әлішер Ерғали бұл жолы бозкілемге грек-рим күресі бойынша шығып, айды аспанға бірақ шығарды.
Әлішер Ерғали 2020 жылғы Токио және 2024 жылғы Париж Олимпиадаларында еркін күрестен ел атынан бақ сынаған еді. Сондықтан оның грек-рим күресінен белдесуі жанкүйерлер үшін күтпеген оқиға болды.
Соған қарамастан, ол 130 келі салмақта күресіп, шешуші кезеңге дейін жетті. Жартылай финалда осы салмақта ұлттық құраманың көшбасышы балуандарының бірі Әлімхан Сыздықовты 6:1 есебімен айқын басымдықпен ұтып, финалға жолдама алды.
Ақтық сында ол шымкенттік Жохар Узаровпен чемпиондық атақ үшін белдеседі.
Айта кетейік, Әлішер Ерғали 2021 жылы Алматыда және 2022 жылы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионаттарында күміс медаль иеленген. Бұған қоса оның қоржынында екі бірдей Азия чемпионатының қола жүлдесі бар.

