Құранды сүйген Беларусия президенті сынның астында қалды
Түрік басшысы Реджеп Тайып Ердоғанмен бірге Минскте мешіттің ашылу салтанатына қатысқан Беларусия президенті Александр Лукашенко қасиетті Құранды сүйгені үшін сынның астында қалды.
Беларусия мүфтиі Әбу Бәкір Шабанович Түркия мен Беларусия президентіне Құранды сыйлаған кезде, Ердоған кітапты алып жатып оны сүйіп құрмет білдірген. Ізінше Лукашенко да соны қайталады.
Алайда мұсылман емес адам ретінде оның Құранға осылай құрмет білдіруі діншіл мұсылмандардың наразылығын туғызған. Мәселе әрбір мұсылман мемлекеттерінде бұл жағдайдың әртүрлі қабылдануында: мәселен, биік тұлғалардың Құранды сүюі татарларда қабылданбайды. Олар тек бұл кітап дін адамдары үшін деп түсінеді.
“Свобода” радиосының хабарлауынша, Лукашенко бұған дейін өзінің беларусия мұсылмандарының да президенті екенін айтқан. Ал мұсылмандардың сенімі мен шариғат бойынша Құранды сүйген адам мұсылман ретінде қабылдана қоймайды. Ол үшін барлығына белгілі жағдаят бойынша тілін кәлимаға келтіріп, Алладан басқа тәңір жоқ екенін мойындауы тиіс.
Өз әрекетіне қатысты пікір білдірген Лукашенко осы ісі арқылы барлық дінге де құрметпен қарайтынын көрсеткісі келгенін айтыпты.
“Құранды сүйгенім үшін мені сынап жатыр. Біз Ердоған екеуміз мешіттің ашылуында болдық. Оған Құран сыйлады – ол қасиетті кітапты сүйді. Маған да сондай Құран берді, ал мен не істеуім керек еді? Менде соны қайталадым”, – деді Лукашенко.
Ол осыған дейінгі Путинмен кездесу қарсаңындағы баспасөз мәслихатында елде мұсылмандарға қатысты ешқандай түйткілді мәселе жоқ деген еді.
“Елімізде мыңдаған мұсылмандар өмір сүріп жатыр. Мен олар үшін де президентпін. Олар ешқашан бізге проблема тудырған емес. Біз олармен керемет қарым-қатынастамыз. Мен барлығының президентімін”, – деді ол.
Оқи отырыңыз:
9 жасар бала өзінің 11 айлық інісін құтқарып қалды (видео)
Қытайда робот адамға шабуыл жасады
Хокинг жер бетінде ақырзаманның қашан орнайтынын айтты
Мұсылман қыздың Трампқа айтқан жауабы ғаламторда қызу талқылануда