"Кез келген жерде кіші әжеттерін өтей береді": Камерундағы ақтөбелік жігіт өзге елге қалай үйреніскенін айтып берді (видео)
Орталық Африканың батыс бөлігіндегі Камерун мемлекетінде жүрген 25 жастағы Мирас Қайратұлы Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Тоқмансай ауылында дүниеге келген. Өзге елде жүргеніне 2 жыл болған ол Африка мемлекеттерін зерттеу, онда барып өмір сүріп көру қызық болғанын айтады. Оған қоса мамандығы екі шет тілі: ағылшын және француз. Камерунның мемлекеттік тілі француз болғандықтан тілді дамытуға осы ел ыңғайлы болды дейді. Мирас Stan.kz тілшісіне Камерун мемлекетіне баруы мен басынан өткен қызықты оқиғаларын айтып берді.
Мирас Камерунға алғашында құрылыс компаниясына аудармашы болып барған. Қазіргі таңда сонда директордың көмекшісі қызметін атқарады. Ол Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Ұлттық университетін тәмамдаған.
Ақ нәсілді болғаным үшін кемсітеді
Көбісі Еуропа мен Америкаға баруды армандаса, Мирастың мақсаты Африканы шарлау. Ол Камерунға алғаш келген кезде жергілікті халық қалай қарсы алғанын айтып берді.
“Әр елде менталитет әртүрлі. Адамдары да әралуан. Бірі жақсы, енді бірі теріс қабылдайды. Тіпті біздің Қазақстанда да көп жағдайда шеттен келгендерді жақтыра бермейді. Адамды қалай қабылдау өзіңе байланысты. Өзге елге барып, олардың мәдениетін, салт-дәстүрі, тілі мен дінін, тарихын сыйламасаң жылы қабақ танытып қарсы алуы екіталай. Өзара сыйластық болуы керек” - деді Мирас.
Ол Камерунға келгенде жүзі азиаттық болғандықтан көбісі қытай, жапон, кәріс деп шатастырғанын жеткізді.
“Мені мұнда өте жылы қабылдады. Тек жүзім азиаттық болғаннан кейін көбісі қытай, жапон, кәріс деп шатастырады. Бастапқыда олар “нихао” деп амандасатын, қазір “ассалаумағалейкум” дейтін болды. Бірақ шыны керек мұнда ақтарға көбі разы емес. Оларға қарым-қатынас қиындау. Сондықтан жиі дискриминацияға ұшырайды. Бізді бай деп ойлайды. Қызмет үшін ақтардан еселеп ақша сұрайды, турист болсаң қалтаңды сыпырып кетеді. Құқық қорғаушылар да көбіне ақтардан ақша жасап қалуға тырысады” - деді өзі де дискриминацияға жиі ұшырағанын айта отырып.
Ол камерундықтар тарапынан күнделікті кемсітуге тап болатынын жасырмады.
“Негізі күнделікті кемсітуге ұшырап тұрамын және оған иммунитет әлдеқашан қалыптасқан. Мысалы көлік жүргізіп келе жатқанда адамдар сес көрсетеді. Сен біздің елде жүрсің, маған жол бер дейді. Алайда екі жылда Камерунға үйреніскенім соншалық жергілікті адамдармен мама-папа деп сөйлесе беремін. Олардың тілдерінде сөйлеп жүрген соң мені өздерінің адамы ретінде қабылдайды” - деді жігіт.
Камерунға барғаннан кейін Жоғары оқу орындарын аралап көрген жігіт лажы болса мемлекеттік университетті таңдамауды жөн көрген.
Оқу аудиториялары мен лекция залдары ауылдағы қораны еске салады
Мирас Камерунға келгенде магистратуралық білім алуды жөн көріп, Жоғары оқу орындарын аралап, талдап көрген. Нәтижесінде оқудан бас тартқан. Себебін де ашып айтты.
“Мұнда оқу ақысы шетелдіктер (Африка елдеріне) үшін 300К cfa (250 мың теңге), басқа материктен келгендерге 600К cfa (500 мың теңге). Бұл факторға көз жұма қарадым. Себебі ақшадан мәселе болмады. Филология саласының мамандарына, гуманитарлық бағыттағы мамандықтардың барлығына математика, жоғары математика оқытылады. Дене шынықтыру мұғалімі болсаң да математика мұғалімі бола аласың.
Ең ұнамағаны аптасына 7 күн сабақ болады. Жеке меншік университеттерде олай емес. Бұл жақта жекеменшік оқу орнының білімі сапалырақ, сәйкесінше бағасы да қымбат.
Сабақ уақыты: 07:00-22:00-ге дейін. Ақтар үшін қауіпсіз уақыт 18:00. Бір топта біздегідей 15-30 емес, минимум 200 адам. Максимум 3000 (математиктер). Сабақтан қайтарда бос такси табу үшін 2-3 сағат күтесің. Онымен қоймай 2-3 көлік алмастырасың. Мұнда тіпті автобус жоқ. Тек қалааралық автобустар ғана бар.
Қалада халық саны ресми түрде 6 миллион (тіркелмегендері қанша). Оқулықтарды pdf файлмен сақтап жүрмейсің, қағаз жүзінде шығарып аласың. Нақтырақ айтқанда деканаттан дайынын сатып аласың. Тіпті Камерунда бір күнде 3 сессия болады” - деді оқу процесін толықтай өзі тексерістен өткізіп көрген ол.
Оның айтуынша Камерунның білім саласына біраз инновация қажет. Себебі мемлекеттік оқу орындары білім алатын жерге емес сауда базарына айналып кеткен.
“Университеттің кірер-берісі базар болып жатады. Сабағыңа асығып тұрсаң біреу артыңнан келіп түртіп: “Мына футболканы 1000-ға сатамын, алшы”, - дейді. Оқу аудиториялары, лекция залдары ауылдағы қораларды есіме түсіреді. Жоғарыдағы факторлардан негатив ұрып тұрғандай көрінуі мүмкін. Алайда бұл шындық. Камерунның Білім саласына біраз инновация керек. Университет студенттерден тек ақша жасап жатыр деген ойға түстім. Ал білім алушылар әрқашан сол жүйенің құрбаны боп жүреді. Мен бұл шарттарға өзімді көндіре алмадым. Сол себепті магистратураны жалғастырудан бас тарттым” - деді Мирас мұндай жағдайға көндіге алмағанын жеткізіп.
Халқы кез келген жерде кіші әжеттерін өтей береді
Мирас Африка материгіндегі алғашқы күндерін есіне алды. Айтуынша мәдени шокпен Дубайдан Африкаға ұшатын әуелайнеріне кіргеннен бастап танысқан.
“Мәдени шок Африка материгіне келгеннен басталды. Дубайдан Африкаға ұшатын әуелайнеріне кіргеннен мұрным мәдени шокпен танысты. Әр халықтың өзіне тән иісі болады. Ол сол халықтың топырағына, жеген тамағына, ішкен суына байланысты шығады. Алайда қазір үйреніп кеттім. Ең ауыр тигені тазалық жағдайы. Қарапайым халық немесе құқық қорғау органдары болсын қоқысты көшеге лақтыра салады. Ең сорақысы адамдар кез келген жерде кіші әжеттерін өтей береді” - дейді ол.
Камерундықтардың асына 2 жыл бойы үйрене алмаған Мирас қазақтың бешбармағын сағынғанын жеткізді.
“Екі жылдан бері құрылыс компаниясының берген квартирасында тегін тұрып келемін. Олардың талабы тек жұмыс жасау. Жергілікті тамақтары өте ащы болғандықтан ұнамады. Ол тағамдардың дәмін татпақ түгілі жаныма жоласа көзіме жас келеді. Бешбармақты сағындым. Тіпті бір мәрте осында қазымен ет асып, нанын илеп жергілікті жігіттерге дәм таттырдым” - деді Мирас.
Сондай-ақ шет елге аздап үйреніскеннен кейін Камерунның аймақтарын шарлап көруді шешкен ол басынан өткен қызықты оқиғаларды да тілге тиек етті.
Көсемнің қызына қыстап үйлендіріп жібере ме деп қорықтым
Атлант мұхитының жанында орналасқан Криби туристік қаласына досымен бірге демалуға барған Мирас орман ішін мекен ететін Пигмей тайпасына қонақ болған кезі туралы айтты. Жергілікті гид пигмейліктер тұратын жерге баруды ұсынғанда біраз қорқыныш болғанын жеткізді.
“Бір мәрте Пигмейлер тайпасына бардық. Олар Орталық Африканың негізгі тайпаларының бірі. Орман ішінде оқшау өмір сүретін халықтың бойы 150-160 см.
Яундеден (Камерун астанасы) 300 шақырым жерде Атлант мұхитының жанында орналасқан Криби туристік қаласына демалысқа барғанбыз. Мұхитқа түсіп, Атланттың балықтарынан дәм татып, пигмейлер мекендейтін жерге барамыз деп шештік. Бір кісі әңгімеге тартып, міндетті түрде оларды көруіміз керегін айтып, ақыры ертіп барды. Бастапқыда оған онша сеніңкіремей кейіннен баруға келістік. Мотоциклге мініп, қаланы аралатты. Сосын межелі жерімізге жеттік. Мотодан еспелі қайыққа көштік. Себебі орманда өмір сүретін пигмей халқына баратын бірден бір жол өзен арқылы. Қайыққа отырмастан бұрын қорқып тұрдық. Сол үшін достарымызға локациямызды жіберіп қойдық” - деді Мирас.
Орман ішіндегі Пигмей ауылына барған кездегі естелігін күле еске алған Мирас тайпа тұрғындары ойнатып-билетіп кешке қарай жеп қоя ма деп қорыққанын жасырмады.
“Жергілікті тұрғын қайықпен пигмейлердің ауылына жеткізіп салды. Сол сәтте кинодағы үзінділер ойыма келіп жатты. Бізді алдап арбап, ойнатып, билетіп кешке таман жеп қоя ма немесе алып қалып көсемнің қызына қыстап үйлендіріп жібере ме деп қорықтым. Гидтен өзеннен біреулер шабуыл жасамай ма, қолтырауын жоқ па деп сұрап қоямыз. Алайда жолдан тек маймылдар мен өзеннің түбінен құм алып жатқан адамдарды көрдік. Өйткені құмды Камерунда тек өзен түбінен алуға болады. Жағадағы құмдарды алса айыппұл төлейді.
Сөйтіп сенімсіз серіктесімізбен қайықтан түсіп пигмей ауылына бет алдық. Еркін өмір сүретін адамдар осылар ма дедім. Ну орманның ішінде от жағып, тамақтарын істеп, аңдарын аулап жүре береді екен. Лашық үйлер, тұтанып тұрған от, жартылай жалаңаш адамдар және ойнап жүрген балалар. Тап мен елестеткен картина осылай болып шыққанына қуандым” - деді Мирас Пигмей тайпасын бейнелей отырып.
Пигмей тайпасымен таныс болған Мирас досы екеуін көсемнің қалай қарсы алғанын, олардың қазіргі ахуалы қалай екенін айтты.
“Жанымыздағы серіктесіміз жергілікті тілде сәлем беріп, бейбітшілікпен келдік дегендей сыңай танытты. Тайпа көсемі келіп сәлемдесу рәсімдерін жасадық. Оның көзқарасы мен қимылынан мысы байқалды. Пигмейліктердің азайып және мемлекет тарапынан қыспаққа түсіп жатқандығы туралы сөз қозғады. Еркін халықтың жерін билік Қытайлық кәсіпкерлерге сатып жіберген. Ал тайпа орманды өздерінің негізгі мекені санайды. Бізді де қытай деп ойлап қабылдағысы келмепті. Кейін өзіміздің қытайлық емес екенімізді айттық. Сыйлықтарымызды беріп, қоштасып үйімізге кеттік” - деп күліп еске алды ол.
Камерунда жүргеніне екі жыл болған жігіт алдағы өмірін осы елмен байланыстыратынын жеткізді. Оған адамдары, салт-дәстүрі, әні мен биі қатты ұнайтын көрінеді. Алайда Мирас Қазақстанға демалыс кездерінде келіп тұруға уәде берді.