Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күн женілдігі", "картоп жартылай өнімдері": Қазақстандағы ірі сауда дүкені қате жарнамаға қатысты жауап берді

Қазақстандағы METRO Group ірі сауда орнының ресми сайтында және Instagram желісінде қате жазылған жарнаманы көзіміз шалып қалды. Stan.kz ақпарат агенттігі жарнама иесіне хабарласып пікір алды. Ал филология ғылымдарының кандитаты, профессор Гүлнар Бекенова билбордтағы қазақ тілді жарнамаларда төл дыбыстардың не себепті дұрыс қолданылмайтынын түсіндірді.

Фото Metro көтерме сауда дүкенінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған

Metro көтерме сауда орталығының сайтқа шығатын жарнамаларында бір емес, бірнеше қате бар. Мысалы, "скидка дня" деген сөзді қазақшаға "күн женілдігі" деп аударған. Бір қарағанда мағынасы дұрыс болғанымен, -ң әрпінің орнына, -н деп жазылған. Қазақ тіліне тән төл дыбыс қолданылмай, түсіп қалған. 

Бұдан бөлек, "картофельные полуфабрикаты" сөзін, "картоп жартылай дайын өнімдері" деп аударған. Қазір "полуфабрикаты" кәсіпкерлердің арасында таңсық емес сөзге айналған. Кәсіп бастаған екінің бірі орысша баламасын дұрыс қолданса да, қазақ тіліне келгенде не себепті қате жіберетіні көңілге күдік ұялатады. Мұны "картоптан әзірленген жартылай өнім" немесе "картоптан әзірленген шикі өнім" деп жазу керек.

Көтерме сауда дүкенінің Call-орталық маманы жарнамаға қатысты сауалымызға жауап берді.

"Күн жеңілдігі" деген сөзді түзетіп қойдық. Сіз жіберген макетті жаңарттық. Жарнамаға біздің маркетинг бөліміміз жауап береді, ал аударманы сертификатталған аударма агенттігі жасайды. Сіздің пікірлеріңізді ескеріп, түзетулерді енгіземіз", – деп пікір білді сауда дүкенінің маманы.

Айта кетейік, Stan.kz ақпарат агенттігі 24 мамырда республикалық онлайн диктант өткізеді. Осылайша біз қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесіне жіті көңіл бөлгіміз келеді. Осы ретте енді біз қала көшелеріне шығып, стендтер мен билбордтардағы, жарнама беттеріндегі қазақша жазулардың дұрыс жазылуын тексереміз, қателерін анықтаймыз. Қай жері қате және оны қалай түзеуге болатынын қарастырамыз. Қала көшелерінде, аудан орталықтарында қазақша қате жазылған тіркестерді бізге жіберу арқылы, шараға сіз де атсалыса аласыз!  Қатені фото-видеоға түсіріп, біздің Instagram-ға жіберіңіз. 

Ал тіл маманы Гүлнәр Бекенова мұндай өрескел қателерге жол бермеу керегін айтты.

"Айналамызды қоршаған билбордтар мен жарнама беттерінде көптеген орфаграфиялық қате кездеседі. Кейбір жарнамаларда орфаграфиялық қателерді маркетингтік жол деп қолданатындар да өте көп. Мысалы, Астанадағы Жұмекен Нәжімеденов көшесінде "Счастье здесь" дегенді "Бакытка осы жерде" деп қате аударған. Бұл өздерінше адамды селт еткізер, елеңдететін, ипотаждық сипаттағы берілетін маркетингтік жол деп айтқан. Ал шын мәнінде бұл өте дұрыс емес", – деді Гүлнәр Бекенова.

Сонымен қатар ол қазақ әліппиіндегі төл дыбыстардың дұрыс айтылмауы және жазылмауы салдарынан қоғам қатеге бой алдырып жатқанын айтты.

"-ң мен - н әрпінің, - қ, - к дыбыстарының дұрыс жазылмауы, бірде латын қарпінде жазылуы өте көп кездеседі. Әсіресе мына латын жазуының бірнеше нұсқасы бекітілгенімен, қазақ жазуында, орфаграфиясында жұмыс істемейді. Сондықтан асығыстық жасап, асыра сілтеп, латын жазуымен берген жанамалардан көз сүрінеді. Қазақ тілінің төл дыбыстары жарнама беттерінде дұрыс жазылып, дұрыс айтылуы қажет. Ол сақталмаған жағдайда тіл мамандарынан кеңес сұрап, дұрыс жарнаманы орналастыру керек", – деді Гүлнәр Бекенова.
Талқылау