"Күміс алқам қайда?": Алматы облысында көп балалы ана тиісті жеңілдіктерді ала алмай жүр
Алматы облысында 6 баланың анасы өзіне тиесілі "Күміс алқасын" ала алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме жасап.
Ескелді ауданының тұрғыны Гүлнәр Тұралбаева мемлекеттік наградаға былтыр өтініш бергенін айтады. Арада бір жылға жуық уақыт өтсе де тиісті органдардан ешқандай жауап болмаған. Әкімдікке барса, "күтіңіз" деген құрғақ уәдемен шығарып салатынын айтады.
"Балам ендігі айда екі жасқа толады. Маған тиесілі "Күміс алқаны" бермей отыр. Мен жеңілдіктерден қағылып отырмын. Бір жылдың өзінде 200 мыңдай ақша берілуі керек еді, бірақ оған да қол жеткізе алмадым”, – дейді көп балалы ана Гүлнәр Тұралбаева.
Мәселенің мән-жайын түсіндірген жергілікті әкімдіктегілер Гүлнәр Тұралбаеваның өтінішін өткен жылдың тамызында қабылдап алғандарын айтады. Барлығын тексеріп, ары қарай тиісті органдарға жолдаған екен. Кейін Президент әкімшілігінен құжаттар қайта тексеру мақсатында кері қайтарылыпты.
"24 желтоқсан күні президент аппаратынан құжаттары қайтып келді. 3-баланың туу туралы куәлігі базадан дұрыс шықпаған. Содан кейін біз 14 қаңтар күні қайтадан құжаттарын өткізіп жібердік. 2 маусым күні президенттің 588-Қаулысымен награждения болды. Президент аппаратынан алқасы келгеннен кейін, біз алқасын ол кісіге табыстаймыз”, – дейді Ескелді ауданы әкімі аппаратының бас маманы Маржан Манарқызы.