Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құман Тастанбеков өмірде өзін менсінбеген Меруерт Өтекешованың көңілін қалай аулаған

Құман мен Меруерттің кинодағы алғашқы бірге түскен фильмі – «Қыз Жібек» болса, одан кейінгісі – «Біздің Ғани». Ал енді, қараңызшы, «Қыз Жібек­тің» режиссері – Сұлтан Қожықов, «Біздің Ғанидың» режиссері – Абдолла Қарсақбаев.

4(130)

Бұл туралы Алматы ақшамы газеті жазады.

1967 жылы «Қыз Жібек» фильмін­дегі рөлдерге кастинг жарияланған кезде режиссер Төлеген рөліне Құманды бірден бекіткен сияқты. Себебі, Сұлтекеңдей суреткердің интуициясы мықты ғой.

Құман ол кезде жас, қайратты, өңді, сымбатты жігіт. Ат құлағында ойнап өскен жылқышының баласы. Фильмнің соңына таман қалмақ сарбаздары туды алып қашатын сәтте Төлегеннің бір аттан екінші атқа қарғып, туды алып қалатын жері бар емес пе. Міне, сол қауіпті трюкті Құ­ман­ның өзі орындайды. Бұл – актер­дің шеберлігі ғана емес, ерлігі. Міне, солай деп бағалауымыз керек.

Ал Қыз Жібек рөліне үміткер қыз­дар­дың көп болғаны рас. Киносту­дияда ұйымдастырылған кастингке бес жүзге жуық арудың қатысқаны ел аузында  аңыз болып қалған. Бұл дегеніңіз, расында да, нағыз сұлулық сайысы ғой!

Бірақ, сонда да Сұлтан Қожықов басты рөлге лайықты қыз таба алмай қиналады. Өйткені, Қыз Жібектің өңі ғана емес, жан дүниесі де сұлу болуы керек.

— Бір күні киностудияға Меруерт келді, — дейді Құман өзінің «Түр­кістан» газе­тіне берген бір сұхбатында. –Шашы ұзын, тұр-тұлғасы жинақы, киген киімі мен жүрген жүрісі келісті. Бірақ, түрі аздап суықтау екен. Дәлізде көріп қалып, көзімді ала алсам­шы. Ол да маған көзінің қиығын тастады. Сол сәт кеше болғандай есімде. Ішімнен: «Мынау нағыз Қыз Жібек қой» дедім.

Міне, Құманның оған деген махаб­баты дәл осы мезеттен басталған секілді. Ғажап емес пе, ә?!

Меруерт тек сұлу ғана емес, ақыл­ды, сабырлы, өжет қыз ғой. «Қыз Жі­бек» фильміне түсетін актерларды Алматы ипподромында бір ай бойы атқа мінгізіп, жаттығу жұмыстарын жасаған кезде бұрын атқа отырып көрмеген қала қызы Меруерттің бірден тізгінді берік ұстап, тез игеріп алға­нына Құман әлі күнге дейін таңғалып отырады. Демек, қанымызда бар қасиет қой!

Құман әнші жігіт. «Баянда» керемет ойнайды. Консерваторияның өнер факультетіне түскенге дейін ауылдағы клубта бір-екі жыл сырнай (гармонь) тартып, ән салыпты.

Оның әншілігі театрдағы рөлде­рінде де айқын, тайға таңба басқан­дай анық көрініп тұрады.

Ол кезде және, оркестрмен айту­шы еді ғой. Ал оның дирижер дейтін қатаң бақылаушысы, сыншысы бола­тынын білесіздер. Міне, сол музы­канттардың да талғамынан шығып, сүйсінтіп тастаушы еді біздің Құман.

Ал сонсоң, «Түлкі бикеш» оперет­тасындағы Флоридордың рөлін қалай сомдағанын көрсеңіз ғой, шіркін. Бұл өзі, бастан-аяқ әнге құрылған күрделі, қиын дүние. Бірақ, Құман ойнағанда, судағы балықтай емін-еркін жүзіп кете барады.

«Қыз Жібек» фильмінен кейін атағы дүркіреп шыққан жап-жас актер әкемтеатрға келгенде қазақтың маңдайалды режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің мектебіне тап болды. Ол Құманды әр түрлі рөлдермен сынады әрі шыңдады.

Менің досым, талантты режиссер Қадыр Жетпісбаев қойған Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің» атты туын­дысында жас журналист Жан­ның рөлін тамаша сомдады.

Кинодағы рөл мен театрдағы рөлдің арасы жер мен көктей. Себебі, кинода әртіс режиссердің көз алдын­да. Сәт сайын қайталайтын: «Стоп. Дубль!» дейтін «жарлығын» тыңдап жүріп ойнайды. Кейін оның артығын жонып, кемігін бітеп, монтаж жа­сайды.

Ал спектакльде актер өмір сүреді. Өз кейіпкерінің тағдырын, күйін-сүйі­нішін, арманы мен мұңын өз басынан өткереді. Міне, осы тұрғыда Құман даңқты режиссер Әзірбайжан Мәмбе­товтің сынынан сүрінбей өткен сырбаз, мырза, бекзат актер. Әзекең оған енді ең қиын да күрделі рөлдерді сеніп тапсыратын болды. Айталық, «Еңлік-Кебектегі» — Кебек, «Қара­гөз­дегі» — Нарша, «Қан мен тердегі» — Тәңір­берген, «Ана-Жер-анадағы» — Қа­сым секілді кейіпкерлерді өз биігіне жеткізіп, актердің актері ғана сомдай алады.

Құман да биыл жетпіске толды ғой. Бірақ, «Мен әлі шал емеспін» деп өзі айтқандай, сол баяғы сыры мен сымбатын сақтап, экрандағы — Жібегі, өмірдегі – Меруертімен тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр.

Бұл да, міне, бүгінгі жастар үшін баянды махаббаттың, өнер мен өмірдің жарасымды үлгісі деп білемін.

Әрине, уақыт жастық шақтағы күш-қайратты, сыр мен сымбатты бірте-бірте өзіне қайтарып алады. Шашқа ақ түседі. Самайды қырау шалады. Сондықтан да, кешегі ер Кебекті ойнаған Құман бұл күнде Абыздың рөліне көшіп, сахнада абыз болып толғанады.

Құман әнді ғана емес, әңгімені де өте әсерлі етіп айтады. Өз басым, оны тыңдап отырған шақтарда, шіркін-ай, осы бір оқиғаның желісі бойынша новелла жазар ма еді деп ойлаймын.

Айталық, Меруерт екеуінің алғаш танысқан кезін Құман сағынышпен есіне алып, күліп отырып әңгімелеген кезде көз алдыңа болашақта түсірі­летін бір фильмнің эпизоды келгендей болады.

— Бірде түсірілімнен кейін сыртқа шықсақ, далада жаңбыр құйып тұр, — дейді ол. – Кәдімгі Алматының ақ нөсері. Міне, сол ақ нөсердің астында аппақ куртка киген жап-жас, сұлу қыз Меруерт кетіп барады. Оның соңынан көз алмай қарап, қол созымдай жерде мен еріп келемін. Бұл әлі, Меруерттің менен үркіп, кинодағы әріптесіміз – Әнуар Молдабеков аға­мыздың: «Айналайын, Меруертжан, осы жігіттің етегінен ұстасаң, қор болмайсың!» деген әзіл-шыны аралас сөзінен жасқанып, «ой, не надо» деп жүрген кезі.

Байқап келем, қыздың менен тезі­рек ұзап кеткісі бар. Қуып жетіп, қатарласа жүруге мен де именемін. Бірақ, ішімнен: «Әй, қазір осы қыздың аяғы тайып кетіп, көшедегі суға шалп ете түссе ғой», — деп тілеп келемін.

Кенет, құдай менің тілеуімді бер­гендей, қас пен көздің арасында Меруерт суға топ ете қалды. Жүгіріп барып, қолынан тартып тұрғызып жатырмын. «Қалай, Меруерт бәрі жақсы ма?» деп қоямын барынша жанашыр үнмен.

Ол болса қатты ыңғайсызданып, басын шайқап күле береді. Содан, үсті-басымнан су сорғалап, такси тоқ­татуға ұмтылдым. Ол кезде студент­пін ғой. Қалтамда соңғы бір сомым ғана бар. Әне, соған такси ұстап, Меруертті үйіне дейін жеткізіп салдым.

Сонда мен онымен Төлеген болып емес, кәдімгі Құман болып азды-көпті тіл қатысып, қыз жүрегін жылытып қойғаныма сондай қуандым…

Міне, қараңызшы, қандай тамаша эпизод! Киноға да, әңгімеге де өзі сұранып тұрған жоқ па?!

Меніңше, оның бойында туабіткен табиғи зиялылық, бекзаттық, мырза­лық бар. Сондықтан да, мен оны Мырза актер деп атаймын.

Біз осы, кейде тауды тауға, шөлді шөлге ұқсатып, шендестіріп, бағалап жатамыз ғой. Сол секілді кей актер­лердің де бір-біріне ұқсайтын болмысы, табиғаты, ішкі мәдениеті болады.

Бәлкім, содан да шығар, Құман­ның: «Бала кезімде Ресейдің әйгілі әртісі Вячеслав Тихоновқа еліктеп өстім. Оның кинодағы гармоньмен айтатын әндерін ауыл клубындағы көркемөнерпаздар концертінде жиі орындайтынмын», — деген әңгімесін алғаш естігенде, іштей қайран қалдым.

ANU_1394

Расында да, олардың табиғатында бір таңғажайып ұқсастық бар секілді. Меніңше, ол – Алла тағаланың өзі берген ерекше қасиеті – ішкі мәде­ниетінде, рухани топырағында, зиялы­лығында болса керек.

Кейде Құманның бір жаққа сапар­ға шығуға жиналып, көлігін сайлап, қамданып жатқанын байқап қаламын.

Әдеттегісінше, жылы сәлемдесіп, бір-бірімізге қарап жымиып тұрғанда:

— Иә-ә, Құман, тағы қайда кетейін деп жатырсың? – деймін ғой.

Сол кезде оның:

— Ауылға, қара шаңыраққа ба­рып, ата-бабалардың әруағына Құран бағыштап қайтамын, — деген жауа­бын естіп, риза болып қаламын.

Ел-азаматтың ең үлкен парызы да сол, туған Жерге, ата-бабалардың рухына тағзым етіп, ел игілігі үшін еңбек ету емес пе.

Талқылау