Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күлпаштың" арқасында күйеуіммен татуластым": Актер Берік Тұрсынбеков өзіне хат жазған бейтаныс әйел туралы айтты

Қалың көрерменге “Күлпаш” образымен танылған Берік Тұрсынбеков сахналық образдары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Түнгі студия” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

16 бөлімнен тұратын “Зың-зың Күлпаш” жобасы халық көңілінен шыққан болатын.

“Қазір “зың-зың” сөзін “зу-зуға” алмастырдық. Телеарна басшылығының талабы сол болды. Жыл сайын доғаруды ойлаймын, бірақ халық сұрағасын қайтадан жалғасын түсіре береміз. Театр ұжымына да соңғы рет түсірейік деп жүргеніме сегіз жыл болды. Халық “Күлпашты” жақсы көреді. Мені әйел көріп, сырласқысы келетін қыз-келіншектер де бар. Әлеуметтік желідегі парақшама көп хат келеді. Бір келіншек, “Күлпаштың” арқасында күйеуіммен татуластым” деп хат жазыпты. “Күйеуіммен ұрысып отырсам, теледидардан “Күлпаш” болып жатыр екен, соған қарап отырып, езуімді жия алмай күлген едім, оны күйеуім көріп, “ашуың басылды ма?” деп сұрады, солай татуласып кеттік” деп жазды. Біздің атқарған жұмысымыз халықтың көңілінен шығып, отбасы беріктігіне ықпал етіп жатса, неге әрі қарай дамытпасқа деген ой келді. Қазір 16 бөлімнен тұратын “Зу-зу Күлпаш” дайын тұр. Жақында көрерменге жол тартады”, – деп қуантты актер. 

Актердың айтуынша, “Күлпаш” образын туған бес әпкесінің болмысына қарап, ойлап тапқан көрінеді. 

“Үйде сегізінші баламын. Бес әпкем бар. Ұлдың үлкені – менмін. “Күлпаш” образы да әпкелерімнің болмысынан шыққан дүние болатын. Кішкентай күнімде әпкелерім мені бақты, өсірді, оқытты. Тіпті, мен туғанда алды тұрмысқа шығып кеткен. Солардың қылықтары мен сөздерін жинап, образ ойлап таптым. Өздері де көріп отырып, “мынау менің сөзім ғой” деп танып жатады”, – дейді әнші. 

Еске салайық, актер “Күлпаштың” сары алжапқышының тарихын айтып бергенін жазған болатынбыз. 

Талқылау