"Күдіктінің туыстары жоғары лауазымды адамдар": Нұр-Сұлтанда кәсіпкер танысымен болған жанжалдан кейін мүгедек болып қалды
Нұр-Сұлтанда 36 жастағы кәсіпкер Дәурен Мизамбаев саунада болған жанжалдан кейін мүгедек болып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жәбірленушінің қарындасы Жанар Мизамбаеваның айтуынша, оқиға желтоқсан айында болған. Дәурен Қарағанды облысы прокуратура қызметкерінің туысымен жанжалдасып қалған.
"7 желтоқсан күні кешке ағам анама бұрынғы әріптесімен кездесуге баратынын айтқан. (...) Келесі күні, сағат 12:00-де тергеуші маған қоңырау шалып, ағам ауруханаға түскенін және реанимацияда жатқанын айтты", - дейді Жанар.
Алайда ол хабарласқан адамды алаяқ деп ойлап, сөзіне сенбеген. Содан кейін ағасына қоңырау шалған, телефоны сөндірулі болған. Анасына хабарласып, Дәуреннің түнде үйге келмегенін білген. Сөйтіп Жанар дереу тергеушіге барған.
Дәурен 8 желтоқсанға қараған түні саунада болып, сол жерде жарақат алғаны белгілі болған.
"Ауруханаға бардым, онда маған оның өте ауыр жағдайда реанимацияға түскені туралы хабарлады. 8 желтоқсаннан бастап комада жатып, 30 желтоқсанда есін жиды. Соқыр болып қалды, жүре алмайды, өздігінен қозғала алмайды", - дейді Жанар Мизамбаева.
Ол полиция іске қатысты материалдарымен танысуға шақырмағанын атап өтті.
"Іс бойынша сараптама жүргізілгені белгілі болды, бірақ біз оның тағайындалғанын да білмедік. Бізге жарақат қалай алғанын анықтау үшін сарапшыға сұрақ қоюға мүмкіндік бермеді. Мен осы іс бойынша жәбірленушінің өкілімін. Яғни, маған заңды мәртебе берілді және менің іс материалдарымен танысуға, тергеу әрекеттеріне қатысуға және қандай да бір сараптамалардың жүргізілгені туралы хабардар болуға құқығым бар. Бірақ бір нәрсені байқай бастадым: тергеушілер өзгере бастады, мені елемеді, қылмыстық іс шеңберіндегі қозғалыстар туралы хабарламады. Үш тергеуші ауысты!
Тергеу созылып жатыр. Тергеуші маған бұл туралы хабарлауды қажет деп санамады. Тергеу төртінші айға созылыпты, ал тергеуші мені басында бір рет қана шақырды. Барлық өтініштерім тек ресми түрде қанағаттандырылады, ал іс жүзінде орындалмайды", - деді жәбірленушінің қарындасы.
Жанардың ойынша, істі ұзақ уақыт тергеудің себебі - күдіктінің туыстарының жоғары лауазымдарда отыруы. Сондықтан жәбірленуші тарап отбасылық байланыстар мен тергеушінің біржақты әрекетіне қарап адвокат жалдаған. Ал тергеуші әйелді кәсіби қорғаушыны жалдаудан бас тартуға шақырған.
Оның айтуынша, күдікті бір ғана соққыны мойындаған.
"Бірақ жарақаттардан әлдеқайда көп соққы болғаны анық. Оның мойындаған осы бір соққысының өзі қайғылы жағдайға жеткізуі мүмкін, себебі ағам биіктен құлаған. Бетінен қатты соққы алып, ол құлауды үдетуі мүмкін. Бірақ тергеуші қандай да бір себептермен сарапшыға басты сұрақты қоймады: соққы қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін - бас миының жарақаты, бас сүйегінің сынуы, соқырлық, мидың деформациясы?
Тергеуші бұл сұрақты қоймады. Ол ағамның тепе-теңдікті жоғалтып, өзі құлағанына назар аударды. Бірақ Дәуренді реанимациядан палатаға ауыстырған кезде оның бұл қақтығыста бірнеше соққы алғанын түсіндім. Маңдайы көгерген, мұрны сынған. Соққының біреу болмағанын түсіну үшін сарапшы болудың қажеті жоқ", - дейді Жанар.
Өкінішке қарай, қыздың ағасы куәлік бере алмайды. Басынан ауыр жарақат алғандықтан, есте сақтауында ауытқулар пайда болған.
"Ол қандай да бір дәлел келтіруге қабілетсіз. Бұл жанжал емес, ағамды қасақана ұрғанына сенімдімін. Ол соқыр, жүре алмайды, оған тәулік бойы күтім қажет. Галлюцинациясы болады. Кейде анамның дауысын танымайды және менің атымды есіне түсіре алмайды. Кейде қайда және қанша жаста екенін түсінбейді", - деді Жанар.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған істің барысына қатысты түсініктеме берді.
"Аталған факті бойынша екі таныс ер адамның арасында спирттік ішімдіктерді ішу барысында жанжал туындағаны анықталды. Сауна аумағында ер адам екіншісінің бетінен ұрған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. 32 жастағы күдікті ұсталып, УҰИ-ға қамауға алынды. Тергеу соты күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Жақын күндері қылмыстық іс сотқа жіберіледі", - деп түсіндірді полицияда.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
