Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кінәсіз екенін айтып, балағаттап кетті": Алматы облысының тұрғындары 5 жасар баланы қағып өлтірген әйел жазасыз қала ма деп қорқады

Алматы облысында үй маңында ойнап отырған 5 жасар Әли Оғлы Зұлқайнарынды отырған жерінде көлік қағып кеткен. Салдарынан бала көз жұмды. Баланың ата-анасы кінәлілер әлі жазасын алмай, істі жабуға тырысып жатқанын айтады. Сөздерінше, сол күні оқиға орнына келген полицейлер күдіктіні тергеу изоляторына алып кетпеген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Қайғылы жағдай мамырда, түстен кейін сағат 4-тер шамасында болған. 5 жастағы Әли Оғлы Зұлқайнарын құмның үстінде ойнап отырған екен. Сол жерде жеңіл автокөлік баланы отырған жерінде қағып кеткен дейді. Қатты соққыдан 5 метрге дейін ұшып кеткен бүлдіршін бірден көз жұмған дейді көршілері.

“Тарс еткен дыбыс естілді. Мен итті қағып кетті ме дедім. Түсінбей қалдық, шықсақ, шаң-тұман болып кетті. Жүгіріп барсақ, баланы қағып кеткен екен. Баланың басы жарылған, киімі жыртылған”, – деді куәгер Маргарита Абдрахманова. 

Тұрғындар дереу жедел жәрдем шақырып, баланың ата-анасына хабар беріпті. Бірақ Әли Оғлы Зұлқайнарынды аман алып қалу мүмкін болмаған. Ауыр соққы алған бүлдіршін әкесінің қолында көз жұмған.

“Мен жерде жатқан баланы көріп, бірден ата-анасын айғайлап шақырдым. Бәріміз не істерімізді білмей қалдық. Көлік жолдың ар жақ бетінде тұр екен. Жүргізушісі ұзақ уақыт шықпады. Жедел жәрдем шақырып жатқанда баланың жанына келіп, балағат сөздер айтты. Артынша көлігінің маңына барып, телефонмен сөйлесті”, – деді ауыл тұрғыны Зарина Сағараева. 

Ауыл тұрғындары бүлдіршінді қаққан көлік иесі осы ауылдың тұрғыны әрі мектепте мұғалім болып жұмыс істейді дейді. Ал марқұмның туыстарының сөзінше, оқиға болған күні құзырлы орган қызметкерлері жүргізушінің жағдайына қатысты сараптама жүргізбеген, тергеуге де алмаған.

“Қаққан көлік жүргізушісін қамамады, ешқандай шара қолданылмады. Тіпті кешірім сұраған жоқ. Кеше туыстарымен келіп, өзінің кінәсіз екенін айтып, керісінше бізді балағаттап кетті. Мен кінәлі әйел тиісті жазасын алса деймін. Бүгін бауырым өлді, енді ертең тағы біреудің баласы өледі. Әділдік орнауға тиіс”, – деді марқұмның ағасы Мұрат Әбитов.

Округ әкімі де оқиғадан хабардар. Мұндай жағдай бірінші рет болды деген ауыл басшысы істі құзырлы органға тапсырдық дейді.

“Қиын жағдай болып отыр. Бұл мәселемен бүгінде Еңбекшіқазақ ауданының полициясы айналысып жатыр”, – деді Саймасай ауылдық округінің әкімі Бақытжан Чурмаков.

Алматы облыстық полиция департаменті қылмыстық кодекстің 345-бабы "көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бабы бойынша іс қозғалғанын айтты.

“Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Жол көлік оқиғасы бойынша қажет сараптамалар тағайындалуымен қылмыстық іс тіркелді”, – деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.

Баласынан айырылған отбасы қылмыскердің тиісті жазасын алғанын қалайды. Егер облыс деңгейінде мәселе шешілмесе, Жоғарғы сотқа шағымданбақ.

Талқылау