Қуат Хамитов: Мені неге бейшаралар ғана жекпе-жекке шақырады?
Қазақстандық файтер Қуат «Найман» Хамитов боксшы Әмірхан Төлеуовтің жекпе-жекке шақырғанына қатысты пікірін білдірді.
Бұл туралы спортшы Vesti.kz-ке берген сұхбатында айтты. «Шынын айтсам, ондай шақырту туралы естімедім. Егер БАҚ өкілдері сұрамаса, ол туралы естімей де кетеді екенмін. Мені мықты спортшы жекпе-жекке шақырса дұрыс болар еді. Мүмкін сонда назар салар ма едім. Олар «өліктер». Бүгін бар да, ертең жоқ. Неге менімен жұдырықтасқысы келетінін білмеймін. Бірақ адамдар сенің сөзіңе емес, жетістігіңе қарайтынын есте ұстау керек. Мықты спортшы шақырса қарсы емеспін. Бірақ бір нәрсені түсіне алмаймын – мені үнемі бір бейшаралар жекпе-жекке шақырады. Неге? Өйткені олар бейшараларды ешқашан ұрмайтынымды біледі», – дейді ол.
Хамитов боксшы болсын, балуан болсын, мықты спортшының бәрін сыйлайтынын атап өткен. Өйткені, оның айтуынша, олар еліміздің даңқы үшін тер төгеді.
«Сондықтан мықтылармен таласым жоқ. Рингке шығайын деген ойым да жоқ. Дегенмен, мысалы, Мұхаммед Әлиден таяқ жесем, арманым болмас еді. Маған бір сабақ болар еді. Көп нәрсе үйренер едім. Боксшыны ММА файтерімен шығару сияқты тәжірибелерге көзқарасым оң. Бірақ қарсыластар деңгейлес болу керек.
Мені жеңетін адам жоқ және ол боксшы ма, басқа ма, маған бәрібір. Мені жекпе-жекке шақырмақ түгіл, түкірігіме татымайтындар бар», – дейді Қуат Хамитов.
Еске салайық, осының алдында Төлеуов аралас жекпе-жек файтері Хамитовты жұдырықтасуға шақырған. Оған Хамитовтың қазақстандық футболшыларды сынауы себеп болды. Хамитов Қазақстанда футболға тыйым салуды ұсынған еді.
Тағы да оқыңыз:
Қуат Найман “Астананың” жеңілісінен соң Қазақстанда футболға тыйым салуды ұсынды
Қуат Хамитов: Қазақстан футболшылары ешқашан әлем чемпионатында ойнамайды
Қуат Хамит: Головкин-Альварес айқасының қалай аяқталатынын білемін