Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қуандық Рахым мен Төреғали Төреәлі қатысқан: Жезқазғанда дүбірлі тойды ұйымдастырушылар жазаланады

Жезқазғанда карантинге қарамастан, Қуандық Рахым үйлену тойын дүркіретіп тойлады. Шара ұйымдастырушылары мен мейрамхана иесіне айыппұл салынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желілерде 19 қазан күні Жезқазғанда өткен қазақстандық әнші Қуандық Рахымның керемет үйлену тойы туралы ақпарат таратылуда. Салтанатты шараға әншінің туыстарынан бөлек, сахнадағы әріптестері мен достары келген. Олардың қатарында Төреғали Төреәлі, Дидар Қамиев, Нұрболат Абдуллин және басқалары бар. Елге танымал азаматтар тойдан бір үзік деп желідегі парақшасында бөлісіп жатты. 

Дүркіреп өткен той полиция қызметкерлері мен Жезқазған тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері назарынан тыс қалмады. Енді той ұйымдастырушылары мен мейрамхана иесіне айыппұл салынады.

"Жезқазған қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы 19 қазанда "Ұлытау" мейрамханасында жүзге жуық адамның қатысуымен үйлену тойы өткенін хабарлайды. Материал Жезқазған қаласының полиция басқармасының АЕК тіркелген. Жеке кәсіпкерлер мен іс-шараның иесі жауапкершілікке тартылады", - деді Қарағанды облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Айгүл Шатекова.

Айта кетейік, Қуандық Рахым үйленді. Жарының аты - Назерке. Келінің бетін танымал әнші Төреғали Төреәлі ашты. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 20 Қазан, 2020 16:06
Талқылау