"Куәгер болып барып, қамауға алынды": Алакөл ауданында қамауға алынған бір топ азаматтың жақындары президенттен көмек сұрады
Алакөл аудандық соты солярка ұрлады деген айыппен соттаған бір топ азаматтың жақындары президенттен көмек сұрады. Олар 70 мың теңге айлық алатын май құюшының, бекеттің есігінің алдын сыпырып, ұсақ-түйек жұмысын атқаратын қара жұмысшылардың қолды болған миллиондарға еш қатысы жоқ екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
"Біз – үстілерінен іс қозғалған "ТЭК" ЖШС жұмысшыларының туыстарымыз. Олар – жәй ғана жанармай құюшылар", - дейді Еркін Әлімбековтың ағасы Ерлан Әлімбеков.
"ТЭК" ЖШС Алакөл ауданындағы Достық бекетінде орналасқан. Мұнда тепловоздар май құю үшін тоқтайды. 2018 жылы осы компанияның бастығы мен бірнеше жұмысшысының үстінен "солярка ұрлады" деген айып тағылып, қамауға алынған. Туыстары істі болған жұмысшылар куәгер болып барып, қамауға алынды дейді.
"Інім 27 ақпанда жұмысқа кірген. Бірақ айыпты 7 ақпаннан бастап тағып отыр. Тергеу кезінде тергеушіден қысым көрген", - деп қосты Еркін Әлімбековтің ағасы Еділ Қабиденов.
"Қарапайым жұмысшы, мүлде қатысы жоқ. Ұлым сотталды дегенде бүкіл ауыл болып аяқтарынан тік тұрды. Бастапқыда заң әділ, ақтап алады деп үміттендік", - дейді Қалибек Мейіржанның анасы Рахия Жанасова.
Мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірді деп айып тағылғандардың ішінде бастығынан өзгесі 70 мың тг айлық алатын, қарапайым май құюшылар екен. Олар кейде есік алдын сыпырып, қажет болса, сырлап, бастығы тапсырған кез келген жұмысты атқарған. Жақындары жұмысшылар қамауға алынғаннан кейін барып аудиттік тексеру жүрзілгенін, ал мұның заңға қайшы екенін алға тартады.
"Қамауда отырғанына 1 жылдан асты. Әкесі екеуміз зейнеткерміз. 40 миллион теңгені біз қайдан аламыз", - деді қамауға алынған Ғалым Құдабаевтың анасы Сақыпжан Құдабаева.
Президентке үндеу жолдаған азаматтар жақындарымызға тағылған айып қайта қаралса дейді. Олар Алакөл аудандық сотының шешімімен келіспей, облыстық соттың аппеляциялық алқасына да жүгінген. Облыстық сот бұл іске қатысты жазбаша жауап берген.
"Алқа соты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз және сотталғандар мен адвокаттардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды. Сот шешімімен келіспеген жағдайда олар ҚР Жоғарғы Сотының кассациялық сот алқасына шағым келтіруге болатыны жөнінде түсіндірілгендігін хабарлаймыз", - деп жазылған облыстық соттың хатында.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
