Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар арасында тұмау таралуда: 2 айда 250 мың адам ауру жұқтырған

Соңғы кездері қазақстандықтар арасында тұмау ауруы өршіп кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы екі айда 250 мыңға жуық адам тұмау жұқтырған. Тұрғындар дене қызуының көтерілуі, тамақ пен бас ауруының күшеюі, әлсіздік сияқты симптомдарға шағымдануда. Осыған орай, Stan.kz тілшісі коронавирусты тұмаудан қалай ажыратуға болады, маусымдық ЖРВИ-дан қалай қорғану керектігін маманнан сұрап білді. 

Күз басталғалы бері халық арасында ЖРВИ белгілері бар белгісіз вирус өрши түскені байқалады. ҚР денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалының директоры Айнагүл Мұқанқызы аурудың симптомдары білінсе, дереу дәрігерге жүгіну керектігін айтады. 

“Жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 200-ден аса қоздырғыштары бар. Қазір тұмау емес респираторлық вирустардың (парагрипп, риновирус, аденовирус және басқалары) айналымы және А тұмауы вирусының спорадиялық тіркелуі байқалуда. Олардың ішінде адамдардың арасында коронавирус та бар. Атам заманнан келе жатқан коронавирустың қоздырғышы адамдар арасында ЖРВИ-дің адамнан-адамға жұғатын өте сирек эпидемиологиялық жағдайын туғызады. Ал SARS-CoV-2 деген адамзатқа жаңадан келген, өте өзгеше вирус. Сондықтан осы екі вирустың арасына жік қойып, ажырата алуымыз қажет”, – дейді маман. 

Дәрігердің сөзінше, ауруды анықтау үшін ең алдымен ПТР анализін тапсыру керек.

“Күз, қыс айларында көптеген жіті респираторлық вирустық инфекциялық қоздырғыштары өршіп, адамнан адамға жұғу деңгейі артады. Себебі біз жаз мезгілінен қарағанда жабық бөлмелерде көп отырамыз. Сыртқа шықпаймыз, кабинетті желдетпейміз. Сыртқа шығу уақыты азаяды. Осыған байланысты сырқаттану деңгейі жоғарылайды. Негізінде вирустар жылдың қай мезгілі болмасын айналымда жүреді. Бірақ біз кей кездері тығыз қарым-қатынаста болмағандықтан аса біліне бермейді. Олар өздеріне қолайлы жағдай туындаған кезде адам ағзасында ауру туғызады”, – дейді дәрігер. 

Маманның сөзіне сүйенсек, бүгінде 247 мыңнан астам жіті-респираторлық вирустық жұқпаменен ауырған науқастар туралы мәліметтер келіп түскен. Бұл былтырдың дәл осы кезеңімен салыстырсақ шамалас көрінеді. 

“Жіті-респираторлық вирустар көптеген жағдайда асқынусыз өтуі мүмкін. Бұл вирустардың ішінде ең қауіптісі – тұмау. Тұмау әсіресе созылмалы аурулары бар жасы үлкен азаматтарға қауіпті болады. Салдары пневмония, бронхит, ми қабынуына дейін алып келуі мүмкін. Соның нәтижесінде өлім-жітімге алып келетін жағдайлар кездеседі. Тұмаудың алдын алудағы бірден бір құрал – вакцина алу. Себебі тұмау ауруында да арнайы емдеуге арналған препараттар жоқ. 2021-2022 жылғы эпидемиологиялық маусымның алдында 2 миллион 543 мыңнан артық адам тұмауға қарсы вакцина алған болатын”, – дейді маман. 

Сондай-ақ Айнагүл Мұқанқызы тұмаумен емделу барысында жіберілетін қателіктер туралы айтты. 

“Ең жиі кезедесетін қателіктердің бірі – алғаш ауру белгілері пайда бола бастағанда адамдардың антибиотиктер қабылдауы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыдан бірнеше жыл бұрын антибиотиктерді бақылаусыз немесе бейсауат қабылдаудың нәтижесі адам ағзасына зиян тигізетінін дәлелдеді. Бұл антибиотиктердің бізге қажетті жағдайда, қажетті жұқпаны емдеу барысында пайдасы жоқ болып қалады”, – дейді ол. 

Тұмау белгілері пайда болып, дене қызуының жоғарылағанына қарамастан азаматтар үйде қалып емделуді жөн санайды. Алайда оның арты аурудың асқынуына әкеп соғады, дейді маман. 

“Яғни бұл жерде де науқастанған адамдар антибиотиктерді өз бетінше, дәрігердің нұсқаулығынсыз пайдаланады. Алайда коронавирус індетінің әлі де болса беті қайтпағанына байланысты алдымен аурудың ЖРВИ немесе COVID-19 екенін анықтап алған шарт. Міндетті түрде дәрігерді үйге шақырту қажет. Бүгінгі таңда әрбір емдеу мекемесінің жанындағы мобильдік топтар коронавирус пен тұмаудың ерекшеліктеріне көңіл бөле отырып, қажетті жерде сынама алады. Кейін нәтижесін алуыңызға болады”, –дейді ол. 

Дәрігер жіті респираторлық вирустың елімізде әсіресе балалар арасында кеңінен таралып жатқанына тоқталды.

“Қазан айынан бастап ауруды жұқтырған 247 мың науқас тіркелді десек, соның 135 500-і 14 жасқа дейінгі балалар. ЖРВИ қоздырғыштарының халық арасында таралуының алдын алу үшін, оқшауланып, маска тағуымыз қажет”, – дейді ол. 

Дәрігер ЖРВИ немесе тұмау ауруларының алдын алу үшін мынадай профилактикалық шараларды қолған алғанды жөн дейді: 

  • Жабық мекемелер мен адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу;   
  • Тұратын бөлмеңізді жиі желдету, қолды жиі жуу, үйді дымқыл шүберекпен жиі тазалау; 
  • Қолды сабынмен тазалап жуу. Мүмкіндік болмаған жайдайда спиртті майлықтарды пайдалану керек;
  • Жеке гигиенадан басқа, пәтерді таза ұстауға назар аудару керек. Вирустар ашық кеңістікте 2-3 сағаттан артық өмір сүрмейді. 
  • Сондай-ақ таза ауада жиі серуендеу қажет. Мұрынды жауып тастамай, дәл осы мүшемен тыныс алған жөн. Ауызбен тыныстасаңыз, суық тигізіп алуыңыз мүмкін. 
  • Масканы далада, бос кеңістікте тақпаған дұрыс. Адам көп жиналатын орындарда, әсіресе автобустарда тағып жүрген абзал. 
  • Температура 38,5 градустан жоғары болған жағдайда қызуды түсіретін дәрілерді қолданып, барынша ертерек дәрігер көмегіне жүгіну қажет;
  • Антигистаминдік дәрілерді ішу. Бұл препараттар ісінуді азайтады, сол себептен де ЖРВИ ларингит және мұрынның қатты бітелуі белгілерімен көрінгенде оларды қолданған дұрыс;
  • Ринит кезінде  (мұрынның шырышты қабығының қабынуы) мұрын жолдарын физиологиялық ерітіндімен, АкваМариспен, түймедақ қайнатпасымен шайып тұру қажет. Ісінуді азайтуға тамыр тарылтатын тамшылар көмектеседі. 
Талқылау